Әлеумет

Ұлт тәрбиесінің ұйтқысы

Отбасы үшін ұрпақ тәрбиесі қандай маңызды болса, сол ұрпақтың санасына елін, жерін, ұлтын сүйетін отаншылдық тәрбиені сіңірудің мәні тіптен бөлек. «Балапан ұядан нені көрсе, ұшқанды соны іледі» деп «баланы бастан» тәрбиелеген қазақ отан ұғымының отбасынан бастау алатынын да назардан қағыс қалдырмаған. Оған қазақтың бесік жырларындағы бесікте жатқан баланы отаншылдыққа, елін, жерін жаудан қорғауға шақырған жыр жолдары айғақ.

Қазір заман өзгерді, қоғамның дамуына, шаруашылық тәсіліміздің өзгерісіне ілесіп, ұлттық тәлім тәрбиеміз бен ұлттық мінезімізде де үлкен бұрылыс болды. Бұрын ұрпақты ата-анасы тәрбиелесе, қазіргі ұрпақтардың алатын тәлім-тәрбиесі де өзгеше. Ата-ана, мектеп және қоғамдық орта деп аталатын ошақтың үш пұты сияқты үш үлкен тәлім-тәрбие жүйесі қалыптасқан. Кейінгі жылдары интернет әлемі де бала тәрбиесіне үлкен ықпал жасай бастады. Былайша айтқанда, бұрын «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп түйіндеген қазақ, енді «ел болам десең, экраныңды түзе» дейтін кезеңге келді. Міне, осыған қарап-ақ, қазіргі бала тәрбиесі де үлкен сынақтарға дөп келгенін аңғаруға болады.

Әрине, бала тәрбиесінде өнер-білім үйрену жағында дамыған елдердің бала тәрбиелеуіндегі озық тәжірибесін үйренуге болғанымен, сол баланың бойына елін, жерін, ұлтын сүйетін ұлтжандылық қасиетті біреуден көшіріп үйрете алмайсың. Өйткені туған еліне, ұлтына деген өшпес рух та – ананың сүті, туған жерінің топырағынан даритын қасиет. Яғни бала кішкентай кезінен туған ел, туған жерінің қадір-қасиетін сезініп өспесе, оның жүрегіне отаншылдық пен елімжандылық қасиет тамыр жаймайды.

Қазақ «әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп түйін­дегенімен, бұрынғыдай қызды шешесі, ұлды әкесі ертіп жүріп тәрбиелейтін дәуірдің де заманы өткен. Ендеше, «қызды шеше емес, көше тәрбиелейтін» қазіргі дәуірде жас аналарымыз ұлттың ұлы тәрбиесі – қыз тәрбиесіне қаншалық көңіл бөліп жүр?! Бұл туралы Бауыржан Момышұлының келіні, белгілі қаламгер, зерделі ана Зейнеп Ахметова былай дейді: «Қыз тәрбиесін назардан шығарып алғанымыз жасырын емес. Бұған қыздарымыздың қалай болса солай: ашық-шашық киініп, кіндігін көрсетіп жүргені дәлел. Жас қыздардың көшеде ашықтан-ашық темекі шегіп, сыра ішіп жүргенін көріп жүрсек те, мән бермеуге айналдық. Олардың ертеңгі ана екенін естен шығарып жүрміз. Ал біздің ата-бабамыз балалық дәурені өтісімен қызға дұрыс тәрбие беруді қолға алған. Қыз – аз күнгі қонақ деген. Сондықтан да күні ертең келін болып түскен жерінде ата-анасына, ауылына сөз келтірмеуін алдын ала ойлаған. Ескі қоғам – ескіліктің қалдығы емес, мәдениеттің озық заманы болған. Әттең, қазір соның бәрінен айырылдық! «Қыз тәрбиелеу – ұлт тәрбиелеу деген сөз. Біздің әр үйде өсіп жатқан қаракөз қыздарымыз – бәрі қазақтың болашақ ұрпағының анасы, ұлттың әжесі. Сондықтан, қызымызды ата-баба дәстүрімен, қырық үйден тыйым салатын салиқалы салтымызбен өсіруіміз керек. Әр халықтың өзіне ғана тән дәстүр, салты бар. Егер сол жолдан аттасаң, онда тамырыңнан айырылып, азғындық жолға топ ете қаласың. Өйткені салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ар-иба – ұлттың рухани коды».

Бауыржан демекші, сол Баукең де бір сөзінде «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деген екен. Бақсақ, бұл сөздердің астарында да ұрпақ тәрбиесіндегі негізгі салмақ тағы да әйелге түседі деген үлкен философиялық пайым жатыр.

Мың жылдың алдында жазылған «Қабуснамада»: Әйел алмақшы (үйленбекші) болсаң, оның дүние-мүлкін сұрама… Әйелдің табиғаты таза, діні таза болса, күйеуіне (еріне) дос болады. Қалыңдық ержеткенде, ақылды болуы, анасының бәйбіше, әкесінің отағасы болғанын көрген һәм білгені болуы ләзім деп жазылған. Ойшыл Ризауддин Ибн Фаруддин «Әйелдері  тәрбиелі болған халық – тәрбиелі, әйелдері  тәрбиесіз болған халық – тәрбие­сіз. Әйелдері үнемшіл, пысық, жігерлі, талапты болса,  халқы бай, ал жалқау, салақ болса, халқы  пақыр, кедей болады» деген екен. Міне, бұдан әйелдің отбасындағы рөлі қашанда жоғары болғанын аңғаруға болады.

«Әйелдің барлығынан да жоғары міндеті – ана болу, дүниеге ұрпақ әкелу, отбасының жылуын сақтау. Өкініштісі, бүгінгі таңда отбасында берілетін тәлім-тәрбие мен дәстүрлі отбасылық құндылықтарымыз құлдырап, отбасы институтының мәртебесі төмендеп кетті» деп сөз бастады белгілі этнолог, «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің директоры Шәкен Тұрар Сәттарқызы. – Әр отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі. Отбасындағы келеңсіздіктер мемлекетке де әсер етеді. Отбасы біреудің жеке өмірі сияқты болып көрінгенімен, оның ар жағында тұтастай ұлттың тағдыры жатқанын мойындауымыз керек. Кейінгі кезде шаңырақ көтерген жастардың ажырасуы жиілеп, жылдан-жылға көбеймесе, азаймай тұр. Мұның түп-төркіні материалдық қиындықтар, мінездің жараспауы емес, «Тәлім – табалдырықтан» дегендей, отбасында берілген тәлім-тәрбиенің кемшіндігінде жатыр. Біздің мемлекетте кез келген мәселенің себебімен емес, салдарымен күресеміз. Тәрбиемен айналыспаймыз, «Аналар үйі», «Дағдарыс үйі», «Жемқорлыққа қарсы күрес» сияқты толып жатқан «салдармен күресетін» орталықтар ашып, оларға миллиардтаған қаражат бөлеміз. Олардың барлығы «Болары болып, бояуы сіңген» нәрсемен «күресуде». Керісінше, ұлт болмысына сай ұрпақ тәрбиесімен айналысатын орталықтар жоқтың қасы. Болса да, оның бірегей бағдарламасы жоқ.

Тұрар Сәттарқызының бұл пікіріне біздің де алып-қосарымыз жоқ. «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле» дегендей, ұлттық тәрбиеміз ананың әлдиінен, атаның қасиет­ті сөздерінен бастау алатынын естен шығармауымыз керек. Бір ауыз сөзбен айтқанда, ер адамның орны көтеріліп, әйелдің жауапкершілігі айқындалмай, саналы, сапалы ұрпақ тәрбиелеу де қиын. Өйткені өзі балаларының әкесін сыйламайтын әйел қызына «күйеуіңді хандай күт, ата-енеңе мейірімді бол, сонда отбасың берекелі, өмірің мерекелі болады» деп тәрбие бере алмайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button