#Жаңа Қазақстан

Ұлт тағдырының таңдауы

Бұл күн – ата-бабаларымыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Тәуелсіз Қазақ елі даңқының асқақтауы, халықаралық деңгейде абырой-беделінің жоғары бағалануы, ең алдымен, ішкі саяси тұрақтылығымыз бен қажырлы еңбегімізге, пайымды парасаттылығымызға және тындырымды тірлігімізге байланысты.       

Әрине, оған біздің отандастарымыздың бір адамдай үлес қосқанын ерекше атап өткен жөн. Бұл арада тәуелсіздік таңымен бірге дүниеге келген жастарымыздың заманауи өзгерістер мен жаңарудан қалыс қалмай, бәсекеге қабілетті бола білуі көңілге сенім орнатады. Мұны президент Қасым-­Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ерекше атап өткен болатын. «Біздің көз алдымызда жаңа жаһандық өркениет келе жатыр. Цифр­лық қоғамның, экономика мен білімнің дәуірі келді. Көзді ашып-жұмғанша, пайда болған жаңалық бүкіл әлемді шарлап кетеді. Сол үшін біздің мемлекет уақыт алға тартып отырған тегеуріндерге жауап бере алуы керек. Қазіргі таңда мемлекеттер арасында ғана емес, адамдар арасында да бәсеке қыза түсті. Креативті буыны бар мемлекет жеңімпаз болып шыға алады» деген еді. Бүгінгі таңда түрлі байқаулар мен жауапты жобаларды жүзеге асыруда жастар жарқырап көрінуде. Олар білім-ғылым, бизнес және басқа да салаларда ерекше көрінген, еңбегі арқылы еленген, үлгілі боларлық жастар арамызда аз емес. Барлығы да тәуелсіздіктің арқасында жоғары деңгейге жетіп отыр.

2019 жыл жастар жылы болып жарияланғанын білесіздер. Соған орай елімізде түрлі іс-шаралар өткізілді. Бұл жастардың алдында тұрған қадау-қадау міндеттерді атқаруына жол ашты. Әсіресе, бизнесте көшбасшы болу үшін инновациялық ойлау жүйесі мен заман талабына тез бейімделе білу қажет. Мемлекет қоғамда жасампаздық, бастамашылық, шығармашылық, еңбекқорлық рухын қалыптастыруға аса мән берді. Біздің жастарымыздың бойында қазіргі күнде осындай қасиеттер қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Атақты ақын Мағжан Жұмабаевтың сөзімен айтқанда, «Мен жастарға сенемін» деген қанатты сөзі тәуелсіз еліміздің қоғамында жүзеге асқанының куәсі болудамыз.

Мен өзім Тәуелсіздіктің басы-қасында болған журналиспін. 1991 жылы желтоқсанның 16-да ол кезде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның тәуелсіздігін жариялаған соң Алматы тұрғындары жасы бар, кәрісі бар түгелдей Орталық алаңға жиналған болатын. Салтанатты жиынды ашқан Республика басшысы Н.Назарбаев еліміздің тәуелсіздігін жария етті. Алғашқылардың бірі болып сөз алған депутат, заң ғылымының докторы, профессор Салық Зиманов көкеміз жиналған жұртты бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікпен құттықтап, қазақтың қасиетті қара жеріне ие болуға шақырды. Біздің жерімізге көз тігіп отырған мемлекеттер аз емес, сол себепті жерімізді қорғай білейік деп үндеген еді және қазақ жерін қорғаудың жарқын үлгісін мемлекет қайраткері, ұлтымыздың мақтанышына айналған ­Жұмабек Тәшенев көрсетіп кеткен ерлігін еске салды.

Иә, тәуелсіздік тұтатқан рухтың оты лаулап сөнер емес. Тәуелсіздік құрметіне арналған мына әннің сөздері қашанда болсын көңіл күйімізді дөп басады.

Көк тудың желбірегені,

Жаныма қуат береді.

Таласқа түссе жан мен ту,

Жан емес маған керегі –

Көк тудың желбірегені!

Көк туымыз алғаш желбіреген жылдары жұмыссыздық, жоқшылық, кедейшілік келді-ау деп ашынған, абыржыған қазақты көрмедік. Баршаның аңсағаны – тәуелсіздікті нығайту болды. Лауазымы қандай деп қалтасы қалың ба, жоқ па деп бас қатырғандарды кездестірмедік. Бірақ бостандықтың тәтті дәмін татқан эйфория сезім кезеңі ұзаққа бармады. «Нарықтық экономика» дейтін тойымсыз жүйе құшағына күмп ете түстік. Ақшаны әке, сауданы шеше деп, арды пайдаға, сананы тұрмысқа билеттік. Санамызға сіңген бодандық психология мен тоталитарлық жүйенің тәлім-тәрбиесі тағы бар. Қысқасы, тоғышар орта қалыптасты. Рух қашты, қара басты. Тәуелсіздіктің сыртқы қабаты жоғалса да, ішкі мазмұны өзгерместен баяғыша қала берді.

Саналы адамның басты арманы бостандық екені пешенеден белгілі. Оған қалай жетуге болады? Бостандық бар және жету жолы да белгілі. Ол үшін тұрмысты санаға билет, яғни ар-ожданмен өмір сүр! Тәңіріңнің пендесіне салған жолы осы деп Абай, Шәкәрім қалың ел қазағына қақсап айт­қан болатын. Қарын қамынан аспайтын, кәпір көз дүниеге тоймайтын пенделіктен арылуға шақырды.

Данагой Шәкәрім: Бостандық таңы атты, қазағым көріңдер,

Таң артынан хақиқат күн шығады,

Еріншек, жалқаулық әдептен безіңдер, – дейді. Еліміз дамуының  дұрыс бағытын адаспай табу үшін, ерте ме, кеш пе, осы айтылған саналылық жолы таңдалуы керек. Қолдағы тәуелсіздікті баянды ету үшін – ұлттық идеология іргетасына сананы байыту көзделген рухани құндылықтар қалануы тиіс. Бұл қағидаттар – тәуелсіздік таңдауына сай келетін ұғымдар. Осы талаптарға сай болу, әр қазақтың парасатты парызы болмақ.

Мейрам БАЙҒАЗИН,

Қазақстанның құрметті журналисі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button