Басты ақпаратТуризм

ҰЛТ ҰЙТҚЫСЫ – ҰЛЫТАУ немесе Жошы ұлысының мұрагері кім?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына сапары кезінде ел тарихында ерекше орны бар Ұлытауға ба­рып, сонда өткен «Ұлытау -2019» халық­аралық туристік форумға қатысты.

Әлімсақтан халқымыз «Ұлытау­ды – ұлт ұясы» деп әспеттейді. Бұл – бекер сөз емес. Ұлытау – көне дәуірден бері о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін сайын даланың орталығы саналды. Қазақ жерінде Ұлытаудан да биік таулар жетерлік. Бірақ Ұлытаудың ұлт тарихында алар орны бөлек. Қабыр­ғалы жазушы Әбіш Кекілбаев: «Ұлытаудың ұлы атануы тауының биіктігінен немесе суының молдығынан емес, ұлы қауымның бас қосқан, ортақ шешімге келген жері болғандықтан «Ұлытау» атанған» деп айтқан екен. Осы киелі жерде жер жүзін қаһарымен тітіренткен Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының ордасы тігілді. Ақыры Жошы хан да мәңгілік осы жерді тыныстап қалды. Түркі тілдес тайпалардың негізін қалаушылардың бірі Алаша ханның да кесенесі осында. Алтын Орданың ханы Тоқтамыс, ордалық ұлы қолбасшы, әмір Едіге де Ұлытаудың басында жерленген. Бұдан бөлек, Домбауыл, Хан ордасы, Алтыншоқы, Басқамыр, Аяққамыр, Болған ана Теректі әулие секілді ескерткіштердің бәрі өткен замандардан сыр шертеді. Бір ғана Ұлытау жерінде 680 тарихи-архео­логиялық және архитектуралық ескерткіш орналасқан. Осындай тарихи тұлғалар мен ел тағдырын шешкен маңызды оқиғалар өткен киелі жерге Мемлекет басшысының барғаны – ұлт рухын бір көтеріп тастады.

Талай елдің туризм саласының жілік майын шағып ішкен мамандары бас қосқан маңызды жиында Қазақстан Президенті Қасым-­Жомарт Тоқаев Ұлытаудың ұлылығы туралы парасатты ой өрбітті.

«Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. «Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда» бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, бірліктің туын желбіреткен. Қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған.Сондықтан біз Ұлытау жеріне хан ордасы, қазақ жерінің кіндігі деп, ерекше құрметпен қараймыз!,– дей келіп, сөзін одан әрі жалғады.

«Қасиетті мекеннің қадір-қасиетін барша әлемге танымал ғұламалар да мойындаған. Бұған әйгілі Геродоттың жазбалары дәлел.Ұлытау топырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жері. Халық бұл жерге Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелерін, Хан ордасы мен Әулиетаудай киелі орындарды көру үшін келеді. «Азия­ның арыстаны» атанған атақты Ақсақ Темір де осы өңірге ат шалдырған. Ұлытау аңыздарында ұлттың ұйысуы, жұрттың жұмылуы айқын көрініс тапқан. Тірлігінде егескен, топырағы теңескен батырлар туралы әңгімелер осы мақсаттан туған. Бір-бірін дауға қиса да, жауға қимаған халқымыз береке-бірлікті бәрінен жоғары қойған. Сол себепті біз бүгін киелі өлкеге тағзым етіп, оның келешегі жөнінде ой бөлісу үшін Ұлытау жерінде бас қосып отырмыз» деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті форумда сөйлеген сөзінде еліміздің тарихи-рухани бай мұрасын жалпақ жұртқа таныстырудың жаңаша жолдарын ойластыру керектігіне мән берді. Әсіресе Шыңғыс ханның үлкен ұлы, Ұлытаудың ұлылығын асырып тұрған, Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алу керектігін жеткізді.

«Мысалы, Моңғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс. Бұл жұмыстар Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет. Ашығын айту керек, қазіргі отандық туризм индустриясы – кенже қалып келе жатқан сала» деді.

Сонымен бірге Президент Жошы хан кесенесін барып көрді. Осы жерде қария-тарихқа жүгініп, Жошы хан туралы қысқаша айтып өтейік.

Жошы хан – моңғол шапқыншылығынан кейін Қыпшақ даласында құрылған жаңа мемлекет – Жошы ұлысының негізін қалайды. Ол Шыңғыс ханның қоңырат қызы Бөртеден туған төрт ұлдың үлкені. Жасынан ержүрек, алған бетінен қайтпайтын қайсар болып өседі. Ол әкесінің әскери жорықтарының бәріне қатысып, қолбасшы ретінде де өзін мойындатады. Шыңғыс ханның батысқа қарай бағытталған бірқатар шапқыншылық жорықтарын басқарып, Оңтүстік Сібірді, Алтайды, Жоңғар даласы мен Шығыс Түркістанды мекендеген көптеген тайпаларды бағындырады. Шыңғыс хан жаулап алған жерлерін бөліске салған кезде ­Жошының еншісіне Ертістен бастап, Орал тауының аралығы және одан арғы батысқа қарайғы жерлер тиеді. Ордасы Ертіс өзенінің бойына орналасады.

Белгілі тарихшы-ғалым, көзі тірісінде «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» деген ғылыми монография жазған, марқұм Зардыхан Қиянатұлы баһадүр туралы нақты деректерді сөйлетеді.

«Жошы хан өмірінде 60-тан аса ірі шайқасқа қатысып, әлемнің 200-ге жуық қала, қамалдарын бағындырған әйгілі қолбасшы, әрі батыр. Ол алғаш 1207 жылы Орман жұртын қан төгіссіз бағындыр­ды. 1211-1216 жылдары Алтын еліне қарсы, 1219-1224 жылдары Хорезм жорығына қатысып Сыр бойындағы 26 ірі қала, қамалдарды басып алды. 1223-1224 жылдары Самарқанд, Үргеніш үшін болған ірі шайқастарға қатысты. Соғыстан кейін әкесінің ұсынысымен Қыпшақ даласын үлесіне алып, осында өз ұлысын құрды. Бұл тарихта «Жошы ұлысы» немесе «Қыпшақ хандығы» деп аталады. 1224 жылы Ертіс бойында өз Ақ Ордасының шаңырағын көтерді. Жошы қаншама қанды қырғындарға қатысқанымен табиғатынан ымырашыл, бейбітшілік сүйгіш адам ретінде танылады. Біздің Қазақ мемлекетінің хандары ­Жошының тікелей ұрпақтары. ­Жошының кім екенін осылардан-ақ біле беруге болады» дейді.

Жошының өлімі туралы да халық арасында аңыз-әңгімелер көп. Солардың бірінде оны «аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірген» десе, «Ақсақ құлан» аңыз күйі бар кейбір деректерде «жау жағына шығып кетеді деп қауіптеніп, құпия түрде өз әкесі өлтірткен» деп айтады. Жошы өлгеннен кейін оның мұрагерлік жолын екінші ұлы Бату хан жалғайды. Бату – Алтын орданың негізін қалаған атақты хан болды.

Кесенеге Жошының сүйегін жағалай оның ұлысына қарайтын 26 тайпаның таңбалары бірге қойылыпты. Қазақ ғалымдары осы 26 таңбаның бәрі бүгінгі қазақ руларына тиесілі белгілер екенін, оның ішінде қазіргі моңғол ұлтына жататын рулардың бірде-біреуі­нің белгісі жоқ екенін айтады. Яғни тек ол кезде қазақ деген атау болмады демесең, Жошы ұлысын бірыңғай бүгінгі қазақ тайпалары құраған.

Мемлекет басшысы форум бары­­сында еліміздің әр өңіріндегі кие­лі орындардың туризм аймағы бо­лу­ға лайықты екендігінде айтып өтті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет.Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек. Сондықтан еліміздегі туризм саласының қазіргі ахуалын түбегейлі өзгертетін уақыт келді. Бұл жұмыстарды Ұлытаудай қасиетті жерлерден бастауымыз қажет» дей келіп, Мәдениет және спорт министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне турис­терге Қазақстан туралы ақпараттар, соның ішінде Ұлытау мен өзге де тарихи жерлер жөнінде қажетті мәліметтер ұсынатын арнайы қосымша немесе платформа әзірлеу­ді тапсырды.

Форум соңында Қазақстан ­Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталған шара аясында биыл екінші мәрте өтіп отырған халықаралық музыкалық фестивальдың концерттік бағдарламасын тамашалады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button