Елорда тынысы

Ұлт ұстазы ұлықталды

Кеше ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының туғанына мерейлі 150 жыл толуына орай елорданың зиялылар қауымы Қаламгерлер аллеясында «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым етті. Іс-шараға  Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев,  Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов және ахметтанушы, алаштанушы ғалымдар қатысты.

[smartslider3 slider=3883]

Іс-шара Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылған «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы және Жаңа Қазақстанның зияткерлік сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты. Сонымен қатар  А.Байтұрсынұлы атындағы № 48 мектеп-лицейдегі ұлт ұстазы музейіне бару, «Мектеп және Ахмет Байтұрсынұлы» көрмесін тамашалау, мектеп мұғалімдері іс-тәжірибесімен танысу шаралары өтті.

«Өзге оқыған замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һәм имандарын сатып жүргенде, Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл» деді Сәкен Сейфуллин. Қиын-қыстау заманда өмір сүріп, соңында өшпес із қалдырған Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуде. Елордада бірнеше халықаралық ғылыми конференция, мүшәйра өтті. Ахаңның аты мектеп пен даңғылға берілді. Жақында еңселі ескерткіші де бой көтереді деген жоспар бар.

«Ахмет Байтұрсынов – біріншіден, қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы. Соңынан із салған жаңашыл ағартушы. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсыновтың әліп-биімен ашып, ана тілін Байтұрсыновтың «Тіл құралы» арқылы оқып үйренді» дейді академик, профессор Рабиға Сыздықова.

Алаш ардагері, тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы және Тіл мерекесі аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы және Жаңа Қазақстанның зияткерлік сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму минис­трі Д. Қыдырәлі, ҚР Мәдениет және спорт министрі Д.Абаев, Қазақстан, Ресей, АҚШ, Түркия, Венгрия, Польша, Түрікменстан, Өзбекстан, Татарстан, Қырғызстанның, т.б. елдердің ғалымдары қатысып, баяндама жасады.

Іс-шара аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің «Ахмет Байтұрсынұлы мен Алаш зиялылары туралы жаңа мұрағат деректері» атты таныстырылымы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Е.Сыдықовтың Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан шыққан «Ахмет Байтурсынов – учитель нации» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button