Басты ақпаратРуханият

Ұлт ұстазы және қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі

Қазақ әдебиетінің тарихы туралы алғаш жазған ғалым Ш.Уәлиханов халық ауыз әдебиетін түрге бөлуге қатысты пікірлер білдірген. Әдебиет тарихын дәуірлеу ХХ ғасырдың басында қолға алынды. Бұл тақырыпты алғаш қозғаған ғалымдар – А.Байтұрсынов пен Р.Марсеков.

Әдебиетті дәуірлеу – ұлт руханиятын танудың негізі, әдебиеттану ғылымындағы ең күрделі мәселе. Себебі әдеби үрдіс – ұлт тарихымен байланысты дамитын құбылыс. Дейтұрғанмен, әдебиеттің ұлттық тарихпен сабақтастығын тану – ұзақ ізденісті қажет ететін еңбек.

Р.Марсеков қазақ әдебиетін дәуірлеу туралы «Қазақ әдебиеті жайында»  атты баяндамасында айт­қан екен. Ол баяндама 1915 жылы қазақ  газетінің 113-115 нөмірлерінде жарияланған. Онда қазақ әдебиетінің тарихын: «Бірінші, ескі замандағы қазақ  арасына  жазу таралмай тұрған кездегі дәуір, екінші, жазудың халық арасына көбірек тараған заманы, үшінші, Абай марқұмнан бері  қарай  қазақ әдебиетінің үшінші дәуірі басталады» деп  жіктеді. Р.Марсеков­тің мақаласы – жиналыс­та жасалған баяндама, тыңдарманға арналған танымдық мақала. Ғылыми дәлелдерден гөрі логикалық тұжырымдарға көбірек сүйенген. Мұнда әдебиет тарихын кезеңге бөлуде тарихи оқиғаны және белгілі бір тұлғаның өмірін негізге алған. «Әдебиет тарихын ұлт тарихындағы ірі тұлғаларға иә болмаса дәуірлік сипат алған ірі оқиғаларға байланыс­ты дәуірлейтін мұндай ұстанымды Сакулин П.Н. «Смешанный принцип» деп атаған. Бұл – ХХ ғасырдың басында әдебиеттануда мықтап орныққан қағидалардың бірі. Мұндай ұстаным әдебиеттің  ішкі даму мүмкіндігін толық ашып бере алмаса да, Р.Марсеков  заманы үшін үлкен жаңалық.

Тарихи тұрғыдан қарағанда, «Әдебиеттанытқыш» – қазақ топырағында жазылған әдебиет теориясына қатысты екінші еңбек. Соңғы жылдарда Тараздан табылған Шейх Ахмет Құдайдад Таразидің 1436-1437 жылдары жазылған «Көркем сөз өнері» атты еңбегін әдебиет тео­риясына қатысты  түркі тіліндегі тұңғыш шығарма деп жүрміз. Тарихи тұрғыдан қарғанда, тұтас түркі әлемі үшін бұл еңбектің белгілі мәні бары анық, алайда қазақ әдебиеттану ғылымы үшін «Әдебиеттанытқыштың орнын баса алмайды. Себебі «Көркем сөз өнері» – араб поэзиясы туралы жазылған еңбек. Оны өлең түрлеріне қатысты мына деректерден байқауға болады. «Көркем сөз өнерінде» өлеңді:

« قصیده مستزاد, مسمط ترجیح , مثنوی , رباعی , طعه ,غزل

деп онға бөлген. Бұлардың бәрі де – арабтың өлең түрлері.

Түрік поэзиясынан алған мысалдарының өзі – түркілік өлшемде жазылған  өлеңдер емес, араб өлең өлшемімен жазылған дүниелер. Мысалы,

(Байсұңқар Мырзаның) мына өлеңіне назар аударыңыз:

فرقتیندا سارغ اولدی المانگیز

ای مسلمان لار یراقان اولماسون

اولما کیم دین فکریم انجه یوقتورور

قورقارام اولسام یراقان اولماسام

Бұл арабтың «қита» деп аталатын өлең өлшемімен жазылған.

Осындай себептерге байланысты Шейх Ахмет Құдайдад Таразидің «Көркем сөз өнерін» түркі поэ­зиясының теориясы дей алмаймыз.

Ахмет Байтұрсынов «Әдебиеттанытқыш» атты зерттеуінде қазақ әдебиетін «діндар дәуір әдебиеті және ділмар дәуір әдебиеті» деп екі кезеңге бөледі. Осыдан А.Байтұрсынов еңбегінде әдебиетті дәуірлеудің нақты ұстанымдары болғанын көреміз. Ол – әдебиетті дін сарыны мен мәдениеттің әсеріне негізделе отырып дәуірлеу. «Жазу әдебиеті деп жазылған шығармаларды айтамыз, жазылған шығармалар қазаққа жазу тарай бастағаннан бері қарай шыққан сөздер» деп келеді де, жазу әдебиетінің  алғашқы кезеңі ретінде діндар дәуір әдебиетін атап көсретеді. Себебі «Қазаққа жазу дінмен бірге келген» деп қарайды.

Марсековтың: «Қазақ арасына жазу-сызу таралмай тұрған кездегі  әдебие­ті» деп көрсеткені ауыз әдебиеті болатын. Ахаң  ауыз  әдебиеті туралы  көп тоқталмаған, себебі зерттеу нысаны жазба әдебиет еді. Дейтұрғанмен, ауыз әдебиетінің шығу тегі көне мифологиялық сенімдерге байланысты екеніне ерекше назар аударатыны бар.

«Әдебиеттанытқышта» ғалым қазақ әдебиетінің қалыптасуына ықпал  еткен үш түрлі себепті баса көрсеткен. Бірінші, көне мифтік сенімдер, екінші, дін (ислам діні) және таяу замандағы Еуропа мәдениеті. Бұл үшеуі, түптеп келгенде, әдебиеттің ішкі мазмұнына әсер еткен, әдебиеттің өзіндік болмысын қалыптастыратын себептер. Кейін Еуропа әдебиетінде әдебиеттанудың басты ұстанымы болып қалыптасқан. П.Н.Сакулин айтқан «автогенді принцип» дегеніміз осы. Бұл – «Әдебиетті ішкі даму заңдылығына қарай, қоғамдық шындықтың бейнелену тәсіліне және ол тәсілдің даму, өзгеру барысына қарай дәуірлеу» ұстанымы.

Ал әдбеиеттің негізі – өмір шындығы. Бұл – ауыз әдебиетіне де, жазба  әдебиетке де ортақ қасиет. А.Байтұрсынұлының «Дүниедегі барлық халықтардың көне ауыз әдебиетінде ортақ белгілер болуы ортақ кешірмелердің болуынан» дейтін қорытындысы өмір шындығының әдебиетте бейнеленуін көрсеткені.

Әдебиеттануға қатыс­ты жекелеген мәселелерге дейін барып, аса ауқымды ғылыми тұжырымдар жасаған. Мысалы, жазушылыққа керекті әдеби құралдарды талдап көрсетуі бүгінде өз мәнін жойған жоқ. «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі, – дей  келіп, сол үш негізді – ақыл, қиял, көңіл» деп көрсететіні бар. Көркем шығармада ойы немесе идея – ақылдан, көркемдік шешім – қиялдан, сезім – көңілден туатынын айтқаны. Бұл – қазірде ғалымдар толық түсіндіріп бере алмайтын күрделі  мәселелердің бірі.

М.Әуезов 1928 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті тарихы» атты еңбегінде қазақ әдебиетін жанрлық түріне қарай: «Сыршылдық салт өлеңдері, батырлар  әңгімесі, ел поэмалары, тарихи өлеңдер, ертегі, айтыс өлеңдер» деп жіктеген. «Зар заман әдебиеті, қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деген тарауында қазақ әдебиетін дәуірлеудің  ұстанымы туралы  терең тұжырым жасаған. М.Әуезов жазу арқылы шығарылған шығармалар жазба әдебиет болады деген ұстаным жазба әдебиет пен ауыз әдебиетін айырудың өлшемі бола алмайды деп қарайды. «Көптің жайылып жүрген бетінен бөлек, бір жаңа беттер тауып, қалың елге жаңа өріс, жаңа жайылыс табамыз деген ниеттер туған соң, бұл елдің  әдебиетінде ең алғашқы бағыт, мақсат деген нәрселер туады. Әдебиет жүзінде елдің әлеуметтік тіршілгі сөз бола бастаған соң жазба әдебиет дәуірі туа бастады деп есептеу керек» деп қорытынды жасаған. Осы еңбегінде М.Әуезов көшпелі дәуір  әдебиеті деген  атауды  қолданған. Бұны қазақтың көшіп-қонып жүрген кезіндегі әдебиеті деп ұқпау керек. М.Әуезов оны басқаша мағынада қолданып отыр. Көшпелі дәуір әдебиеті ауыз әдебиетінен жазба әдебиетке ауысу дәуірінің әдебиеті дегенді білдіреді. Қазақтың ХVІІІ, ХІХ ғасырдағы авторлы ауызша поэзия­сын осы топқа кіргізген. Өйткені бірінші, бұл кездегі поэ­зияда жетекші орында тұрған ақын-жыраулар өз шығармаларын ойланып-толғанып, халықтың мұңын мұңдап шығарған. Екінші, авторлары белгілі болды. Үшінші, олар халыққа жаңа бағыт беруді мақсат еткен. М.Әуезовтің пікірінше, осы үш қасиет олардың шығармасын жазба әдебиетке қосуға мүмкіндік береді. Ауызша әдебиет – ауыз  әдебиеті емес, ауыз әдебиеттен жазба әдебиетке көшу кезеңінің әдебиеті еді. М.Әуезовтің әдебиеттегі әлеуметшілік сарынға баса мән беруі А.Байтұрсынов ойымен үндесіп жатыр.

Еуропа мәдениетінің қазақ әдебиетіне тигізген ықпалына да жете назар аударған. Бұл да – тарихи фактілерге сүйеніп айтылған пкір. ХІХ ғасырдың  соңы мен  ХХ  ғасыр басында  қазақ  әдебиеті жаңа даму  кезеңіне көтерілді. Бұрын қазақ әдебиетінде поэзия негізгі орында тұрса, бұл кезде, проза мен драма келіп  қосылды. Жаңа жанр­лық түрлер  пайда болды. Көлемді роман, әңгіме, драмалар жазылды. Ахаң осы жаңалықтың Еуропалық мәдениеттен  келгенін айтып отыр. Бұны ешкім терістей алмаса керек.

«Әдебиеттанытқышта» жазу-сызумен, дінмен бірге келетін бөгде  мәдениеттің әдебиетке тигізетін әсеріне көбірек көңіл бөлуі – қазақ әдебиетінің  табиғатын танудан туған ой. Сол кезеңде әдебиеттегі діни сарынның күштілігі сонша, халық шариғат пен көркем шығармалардың эпизодтарын айырмайтын халге жеткен. Ахаңның әдебиеттегі діни сарынға баса мән беруі де содан болса керек. Алайда діни сарындағы әдебиет туралы мағынасы аса терең ғылыми тұжырымдар жасаған: «Діндар дәуір әдебиеттің түріне түр қосып жарытқан жоқ, моллалардан шыққан жазу әдебиеті дінге қызмет қылса да, тілге қызмет қылмаған, тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейтудің орнына тілді бұзған, аздырған». ХІХ ғасыр ақындарының діни дастандарына назар аударсаңыз, қазақ тілінің барынша шұбарланып бұзылғанын байқау қиын емес. Әрине, бұл ХІХ ғасыр­да ғана пайда болған құбылыс дей алмаймыз. Қазақ арасына ислам діні мен араб мәдениетінің таралуы VІІІ-ІХ ғасырларға – Құтуйба ибн Мүсілім бастаған араб дін таратушыларының келген кезеңімен байланысты. Бұл үрдіс орта ғасырларда – Шағатай заманында тіпті дами түскен. Ол кездегі әдебиеттің бізге жеткен үлгілері Қ.А.Ясауи хикметтері, Саиф Сараи жырлары, Әлішер Науаи шығармалары, т.б.

Қазақ арасына дін таратқан араб моллаларын халық қожалар деп атап кетті. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қожалар өте беделді болған. Өйткені ел ішіндегі сауатты адамдардың көбі солардан шыққан. Ахаңның моллалар деп отырғаны – сол қожалар. Қазақ шежіресінің қағазға түсуіне де қожалардың сіңірген еңбегі көп. Осы жерде мынадай бір құбылыс еске түседі. Шежіре жазушы сауатты молла – қожалар шежіренің мазмұнын бұрмалап, көп  өзгертіп жіберген секілді. Қазақтың қай руының шежіресін алсаңыз да, арғы тегі бір қожаға барып тіреледі. Мысалы, Керейдің атасы Аппақ қожа, Найманның атасы Ақ сопы (ол да қожа) т.б., тіпті, Қабанбай батырдың  атасының өзі Тоқтар қожа болып кеткен. Шежіредегі мұндай бұрмалаушылықтың көбі сенімсіз болып шыққан. Айталық, Аппақ қожа ел аралап жүріп, жесір қалған Абақ анаға  үйленген, содан тараған ұрпақ  Керей екен-мыс. Сонда Аппақ қожа қай елді аралап жүрген? Абақ ананың төркіні қайда? Бұл сұрақтарға жауап іздесеңіз, Аппақ қожа келуден бұрын мұнда  іргелі ел болғаны өзінен-өзі көрініп тұр. Мұндай бұрмалаулардың артында дін мұсылманды бір нәсілден тарату идеясы жатыр. Оның төркіні Араб халифатын құру саясатына барып тіреледі. Өкінішке қарай, қазір сол дүбәра өтірікке Құранның сөзіндей сенетін шежіреші-сымақтар көбейіп кетті.

Ахаңның ойынша «Абайдан кейін сөзге талғам кірді, айтушы да, тыңдаушы да сөзді талғайтын болды». Себебі «Абайдың асыл сөздің нұсқасын, үлгісін көрсетіп, асыл сөздің сипатын айтып, жұрттың көңіл көзін ашқанында»  деп түсіндіреді. Осы жерде әдебиеттегі айтушы мен тыңдаушы  мәселесі тұңғыш рет ғылыми айналымға кіргенін де айта кеткен жөн. Бұл тұжырымды кейін М.Әуезов: «Абай қазақ оқушыларының ойымен қатар сезімін де тәрбиелеген» деп дамытатыны бар.

«Әдебиеттанытқышта» Еуропа мәдениетінің қазақ әдебиетіне тигізген оңды ықпалын атай отырып, мынадай аса күрделі байлам жасайды: «Қазаққа дін тарату мақсатынан діндар дәуір әдебиеті туды, сондықтан, ол тілдің дамуына пайдалы болмады, керісінше тілді шұбарлап бұзды. Ал қазақты шоқындыру мақсатын мықты ұстанған орыс үкіметінің қазақ пен ноғай арасына жік салып, қазақтарды орысша оқытуынан ділмәр дәуір әдебиеті  туды. Қазақ әдебиетінің діндар дәуірі де, ділмар дәуірі де халық әдебиетін дамытып, күшейтуден туған дәуірлер емес, басқа жұрттардың әдебиетінің әсерінен туған дәуірлер».

Байтұрсынов еңбегінде әдебиеттің дамуына сыртқы әсерлердің  ықпалы асыра бағаланғандай  көрінуі  мүмкін. Бұл – сол кездегі ғылымның жетістіктері тұрғысынан, әдебиеттің дамуы деңгейі тұрғысынан қарағанда  қалыпты құбылыс. Абай  мен Баласағұнидың, Абай мен Д.Бабатайұлының,  Абай мен Әлішер Науаидың, Абай мен Ясауидың шығармаларындағы дәстүр сабақтастығы, «орхон жазуларында эпостық фабулалары» [М.Әуезов] сақталуы, көне түркі ескерткіштерінің кейінгі хандар жарлығымен ортақ дәстүрде жазылуы» [Қ.Өмірәлиев] ол кезде ашылмаған.

Қазақ халқының рухани кемелденуі жолында еңбек еткен қайраткерлердің ішінде Ахмет Байтұрсыновпен теңесетін бірде-бір тұлға жоқ. Ахаң өзі зерттеген саланың бәрінде жаңалық ашып, кейінгілерге даңғыл жол салып кеткен. Әдебиет­тану немесе тіл білімі болсын, журналистика немесе аударма болсын, қазақ ғалымдарының қолданып жүргені – Ахаңның  үлгісі. Оның бәрін талдау емес, санап шығуға да біраз білім  керек.

Ахаңның еңбектерінің ішінде «Тіл танытқыш» пен «Әдебиет танытқышының» орны ерекше. Ахаң қолданған теориялық тұжырымдар, атаулар, бұрын қазақ ғылымында болмаған. Еңбектің мәні – ғылымда тыңнан жол салғанында. Онда қазақ әдебиетін тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан дәуірлеп, түрге бөлу (классификациялау) мен бірге әдебиет теориясын жасап берді.

Иманғазы НҰРАХМЕТҰЛЫ,

филология ғылымдарының кандидаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button