Руханият

Ұлт ұстазын ұлықтады

Ұлттық академиялық кітапхананың «Мұқағали Мақатаев» залында Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай «Ғасырлар пернесі» атты шығармашылық кеш өтті.

Астана қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға Шымкент қаласындағы республикалық «Ғажайып Қазақстан 2050» газет-журнал ұжымы және Алматы, Кентау, Қосшы қалаларынан, Түркістан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарынан келген, түрлі салада қызмет атқаратын ұстаздар мен кітап авторлары қатысты. Кеш шымылдығын күйші, ұстаз Бахыт Шампетовтің жетекшілігімен Қаныш Сәтпаев атындағы №61 орта мектеп-лицейдің «Шабыт» ан­самблі Құрманғазының күйлерімен ашты. Одан кейін «Ұстаздардың ұстасы» атанған Оспан Сүлейменұлына арналған Қайыр­ғали Әбішевтің «Ғасыр пернесі» атты шығармасы орындалды.

Іс-шара барысында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Ел тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, п.ғ.к., қауымдастырылған профессор Дүйсен Сейіт­қали «Қазақтың ұлы ағартушы қайраткері Ыбырай Алтынсарин» баяндамасын оқыды. Сондай-ақ кеш аясында «Ғажайып Қазақстан 2050» журналының кезекті санының тұсауы кесілді. Журналдың бұл санында астаналық №61 орта мектептің мұғалімі, күйші Бахыт Шампетов­тің ұстаздық жолы, оның жетекшілігіндегі «Шабыт» ансамблінің республикалық және халықаралық бай­қаулардағы жетістіктері жайында кеңінен жазылған.

– «Ғасырлар пернесі» шығармашылық кешімізді өткізу барысында біз ұлт ұстазы атанған Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығын атап өтудеміз. Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқының білім саласындағы жаңа дәуірін ашқан ұлы тұлға, оның еңбектері мен ұлт болашағына деген сенімі – әрбір ұстаз үшін үлкен үлгі. Оның ұлттық білімге, тәрбиеге, мәдениетке деген көзқарасы бүгінгі таңда да өз мәнін жоғалтпай, ұрпақтан-­ұрпаққа жалғасып келеді. Осы тұрғыда алғанда, біз ұстаздардың қоғамдағы орны мен еңбегін ерекше бағалап, оларға көрсетілетін құрметтің маңызын әрдайым есімізде ұстап келеміз әрі сол кісінің жолын жалғап келеміз, – деді кеш ұйымдастырушысы, қоғам қайраткері, ақын Оспан Сүлейменұлы.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button