Басты ақпарат

Ұлт ұстазын ұлықтау бас қаладан бастау алды

Елордада қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, рухани көсем Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерейтой шаралары басталды. Салтанатты ашылу рәсімі Қаламгерлер аллеясында өтті. Оған қатысушылар Алашорда көсемдерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Шараға Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен зиялы қауым өкілдері қатысты.

[smartslider3 slider=2251]

 

«Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға ахметтанушы отандық және шетелдік ғалымдар және қоғам қайраткерлері қатысып, А.Байтұрсынұлы еңбектерінің маңызын ашты.

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы қазақ халқының азаттық ұмтылыстары және тәуелсіздік мұраттарымен байланысты. Ол қазақ халқының ұлт болып сақталуына тілдің ерекше маңызы бар екенін және ұлттық әліпбиді дамытып, оқулықтар жазған Ахмет Байтұрсыновтың тіл ғылымына зор үлес қосқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мерейтой шараларының елге пайдасы тиетін нақты жұмыстармен ерекшеленуі қажеттігін үнемі айтып жүреді. Бұл ұстаным Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына да қатысты болмақ. Мерейтой аясында ұлт ұстазының туған жері – Қостанай облысында инфрақұрылымдық және мәдени-рухани жобалар жүзеге асырылуы тиіс. Бұдан бөлек, ұлт ұстазының мұрасын дәріптеу мақсатында халықаралық, республикалық, өңірлік деңгейде 63 іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

Атап айтсақ, Ыстанбұл және ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде дөңгелек үстел, концерттік бағдарлама, Баку қаласында (Әзербайжан) «Баку конгресі және Ахмет Байтұрсынұлы» атты конференция, Орынбор және Ташкент қаласында түрлі іс-шаралар өткізілмек. Сондай-ақ Түркістан қаласында ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ аясында халықаралық Түркітанушылар конгресін өткізу жоспарлануда. Қазақ тіл білімі және әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалымның еңбегі мен шығармашылығы, күреске толы өмір жолы баршамызға үлгі-өнеге. Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт руханиятының темірқазығы. Біз сол темірқазықты қазақтың өркениет көгіндегі басты бағдар етіп ұстанамыз. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлы қазақпен бірге мәңгі жасай береді» деді Ерлан Қарин.

Еліміздің жоғары оқу орындарында да ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылады. Атап айтсақ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік, Сүлеймен Демирел, Қорқыт ата атындағы Қызылорда, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық, Шәкәрім университеттерінде ғылыми-практикалық конференциялар өтеді.

Конференцияда сөз алған Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының басшысы Криста Пиккат Ахмет Байтұрсынұлының әлемдік тұлға ретіндегі рөлін атап өтті.

«Ахмет Байтұрсынұлы есімі қазақ әліпбиіне араб графикасының негізінде жасаған реформасымен танымал. Ол қалыптастырған әліпби қазақ жазуын шекарадан тыс өмір сүріп жатқан миллиондаған қазақтарға қолжетімді етті. А.Байтұрсынұлы бүкіл ғұмырында сауаттылықты дамытуды қалады. Ол орыс әдебиетінің ұлы шығармаларын аудару арқылы қазақ пен орыс халықтарының мәдени диалогына жол ашты. Атап айтсақ, орыс ақыны Иван Крыловтың шығармаларын аударды. А.Байтұрсынұлының еңбектері мен қызмет жолы ЮНЕСКО-ның жұмысымен және мәдениетаралық диалогты қалыптастыру бағытында сабақтасып жатыр» деді Криста Пиккат.

Шара қатысушылары да Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО аясында атап өтудің маңыз­дылығы зор екенін айтты. Сонымен қатар түркі халықтары үшін елеулі тұлғаға айналған ғалымның ғылыми және публицистикалық мұрасына кеңінен тоқталды.

Мерейтой аясында жүргізілетін негізгі жобалардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлының және «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің еңбектерін шетелдердің архивтерінен іздестіріп, ғылыми айналымға енгізу. Жоба аясында Ресей, Татарстан, Орынбор, Омбы, Өзбекстан, Троицк, Баку, Финляндия мемлекеттік архивтерінен тиісті деректер іздестірілетін болады.

Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы ғылыми еңбектерінің 12 томдығын, Алаш ардақтысының таңдамалы еңбектерінің томдық жинағын қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде шығару жоспарланып отыр.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button