Мәдениет

Ұлт ұстазына арналды



Астанада «Соңғы үкім» фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті. Фильм қазақтың көрнекті ағартушысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың өмірінің барлық кезеңдерін қамтиды. Туынды 23 мамырдан бастап ел кинотеатрларына жол тартады.

Толықметражды тарихи драманы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Folklore media студиясы түсірген. «Ұлттық патриотизмді тек тарих оятады. Тәуелсіздіктің тамыры терең тарихтан бастау алады. Осыны Алаш алыптары айтып, қағазға түсірді. Біз де осындай тағылымға, өнегеге толы шығармалар көбейе берсін дейміз. Биыл 5 жылдық мерейтойын атап өткен Ұлттық кино орталығы осы бағытта отандық киноиндустрияны дамыту үшін министрлікпен бірлесе жұмыс істейтін болады» деді «Ұлттық киноны қолдау орталығы» АҚ басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали. Фильмнің түсірілімі Алматы, Семей қалалары мен Абай, Алматы, Жетісу облыстарында ұйымдастырды. Түсірілім тобын Ерлан Нұрмұхамбетов пен Ерген Тоқмурзин басқарды. «Ахаң ғылымға ғашық, рухани жағынан жетілген, қайратты да, жігерлі кемел адам болған. Жалпы, кез келген фильмді бастағанда осындай сезім бой түзейді. Бірақ, біз бұл жобаға барынша дайындалып келдік және де Ахаңды тану фильмді түсіру барысында да өз жалғасын тапты. Біз Ахаң ғұмыр кешкен уақыт пен кеңістікте өмір сүруге барымызды салдық» дейді Ерген Тоқмурзин. Фильмде басты рөлді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды сомдайды. Сондай-ақ, картинаға Назгүл Қарабалина, Александр Багрянцев және Ерлан Кәрібаев түскен.

Анель АМАНГЕЛДИЕВА,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button