Руханият

Ұлт ұстазына тағзым

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академия­лық кітапханада ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Ахмет Байтұрсынұлы және ұлт руханияты» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

[smartslider3 slider=3866]

Ұлт ұстазын ұлықтаған шараның тізгінін белгілі сыншы, әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілік ұстады. «Жүрегі алаш деп соғатын ұлтымыз азаматтары үшін биыл ерекше жыл. Себебі 5 қыркүйекте қасиетті Торғай даласында Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы кең көлемде аталып өтіледі. Мен бұл тойға өлгенім тіріліп, өшкенім қайта жанғандай қуанып отырмын» деп сөз бастаған ол жиналысты Ахаң туралы тебіреніске толы лебізімен ашты.

Шараға елордадағы зиялы қауым өкілдерінен сырт, Венгрия, Түркия елдерінің Ахмет зерттеушілері де қатысып, Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі мен өмір жолына ғылыми тұрғыдан талдау жасады. Венгрия ғылым академиясының корреспондент мүшесі, түркітанушы, қыпшақтанушы ғалым Давид Қара түркітанушы, қыпшақтанушы ғалымдар үшін Ахмет Байтұрсынұлының орыны бөлек екенін айрықша атап өтті. «Мен ұстазым Қоңыр Мандокидың жолын қуған шәкіртпін. Сондықтан менің қазақ тілін зерттеген және оның дамуына үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлына деген құрметім өзгеше. Өмірі қуғын-сүргінмен өтсе де, ұлты үшін өлшеусіз еңбек еткен оның мұралары біз үшін құнды қазына. Мен қазақ тілін 90-жылдардың басында Қытайдың Шынжаң өлкесіне барып үйрендім. Қазақ тілі сауатымды да төте жазумен аштым. Қазірде сол төте жазу маған өте ыстық. Ұстазым Қоңыр Мандокидің айтуынша бұл жазуды жасаған және қазақтың алғашқы әліппесін құрастырған да сол Ахмет Байтұрсынұлы екен. Өз басым Байтұрсынұлын тек қазақ ғалымы ғана емес, күллі қыпшаққа ортақ тұлға деп білем» деді ол.

Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Физули Маджидли Ахмет Байтұрсынұлының осыдан 100 жыл бұрын түркі жұртына ортақ әліпби жасау идеясына тоқтала келіп, қазіргі таңда Халықаралық Түркі академиясы түркі әлеміндегі өзекті мәселелерге баса назар аударып, оларды шешу үшін тың жобалардың жоспарын жасап жатқанын атап өтті. «Әсіресе алфавит мәселесінде XIX ғасыр­дың соңы мен XX ғасырдың басын­дағы түркі зиялылары пікірлерінің бір болуы – олардың арасындағы ортақ бір түсініктің қалыптасқандығын көрсетеді. XX ғасырда түркі әлемінде болған қай­ғылы оқиғаларға байланысты ол үдеріс тоқтап қалды. Бірақ кейін тәуелсіз түркі мемлекеттері пайда болғасын, түркі әле­мінде жаңа үміт оянды. Бүгінде Халық­аралық Түркі академия­сы түркі әлемін­дегі өзекті мәселелерге назар аударып, солар­дың шешу үшін жаңаша жобаларды дамытты. Осы бағытта түркі әлемі ғалымдарынан құралған терминология комиссиясы жұмыс істеп жатқанын естеріңізге салғым келеді» деді ол.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Рақымжан Тұрысбек «А.Байтұрсынұлы көсемсөздері Һәм руханият мәселелері» деген тақырыпта баяндама жасады. Алаш мұратына жіті көз салсақ, А.Байтұрсынұлы  мұрасы, оның ішінде көсемсөздері ерекше маңызға ие екендігі  айқын аңғарылады. Атап айтқанда, «Қазақтың өкпесі», «Қазақтың бас ақыны», «Қазақша оқу жайынан», «Оқу жайы», «Білім жарысы», «Қазақ һәм түрлі мәселелер», «Бастауыш мектеп», «Мектеп керектері»  т.б. көсемсөздер тақырып әр алуандылығымен, қоғамдық һәм кезеңдік мәселелерді тап басып көрсетумен, ел-жер, адам еңбегі мен өмір тұрмыстарын сергек саралап, зерделі түйін-тұжырымдар жасауымен мәнді болып табылады. Қайсыбір тақырып-мәселелерден елдік мұрат-мүддені көздеу, адам өмірі мен еңбегіне маңыз беру, білім-ғылым ісіне кең өріс ашу, жас ұрпақ жайын тәлім-тәрбие тағылымдарымен табиғи сабақтастықта қарастыру – Алаш ардақтысы А.Байтұрсынұлының асыл мұраты, басты борыштарының бірі болатын-ды» деді Р.Тұрысбек.

Мұнан сырт, жиналыс­та Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамилоғлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлары Жантас Жақыпов, Мағрифа Қайранбайқызы, Болат Қорғанбек, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Жандос Смағұлұлы, жиналысқа онлайн қатысқан Анкара университетінің профессоры Севиль Пириева сынды ғалымдар баяндама жасап, ұлт ұстазының өмірі мен әдеби мұрасына әр қырынан тоқталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button