Басты ақпарат

Ұлт ұстазының әдістемелік мұрасы

Қазақ өркениетінің ең ірі қарқынды дамыған, гүлденген тұсы – өткен ғасырдың алғашқы қырық-отыз жылының үлесіне тиеді. Бұл кезең «Байтұрсынов дәуірі», «Байтұрсынов ғасыры» делініп те жүр. Бұлай делінуінің басты себебі – Ахмет Байтұрсынұлының ұлт ғылымының көшбасшысы болуы. Осыған орай кезінде оған Елдес Омаров «первый светоч науки» деп баға берген.

[smartslider3 slider=2760]

Сондай-ақ, Ахаң өз халқының «ұлтының ар-намысы бола білген» (С.Сейфуллин) «қазақ жұртының көсемі» (М.Әуезов) де. Режиссер Т.Ахметовтің «Ахмет Байтұрсынов» телефильмінде сөйлеген сөзінде академик З.Қабдолов: «Ахаң туралы М.Әуезовтен артық айту қиын. Ахмет Байтұрсынұлы – XX ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының көшбасшысы. Шоқан, Ыбырай, Абайдан кейін Ахметті қоямыз. Бұл – төрт бұрышымыздың түгелденгенінің белгісіндей», – деген-ді.

Белгілі ғалым Р.Сыздықованың: «Ахмет Байтұрсынұлы мен оның замандас-пікірлестері жайындағы қазіргі жүргізіліп жатқан ізденіс-зерттеулерімізді жинақы бір атаумен «ахметтану» деп айтар едім. Ахметтану – тек бір ғана қайраткерді танып-білу мақсатын көздемей, тұтас бір кезеңге қатысты мәселелерге баратын таным тармағы болуға тиіс», – деуі құптарлық. Демек, Ахаң туралы сөз қозғау – қазақтың біртуар зиялылары, ерен тұлғалары Ғұмар Қараш, Телжан Шонанұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Қошке Кемеңгерұлы және т.б. туралы іргелі де кең тынысты зерттеулерге ден қою да. Қазіргі таңда ахметтану ілімнің әр қырына үңілушілер сапына Р.Сыздықова, Н.Оралбаева, Ә.Жүнісбеков, З.Қабдолов, М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, К.Хұсайынов, М.Жүсіпов, Б.Хасанов, Б.Әбілқасымов, Ф.Оразбаева және т.б. қосуға болар еді.

Ахаңның 50 жылдық мерейтойына орай замандас ізбасарлары ретінде М.Әуезов «Ахаңның елу жылдық тойы (юбилей)» («Ақжол» газеті, 1923, 4 ақпан, № 270), М.Дулатов «Ахмет Байтурсунович Байтурсунов» (биографиялық очерк), І.Омаров «Ученая деятельность А.Б.Байтурсунова», Т.Шонанов «Ахмет Байтурсунович Байтурсунов в области народного просвещения и литературы» сияқты материалдарын жариялаған. Содан бері 99 жыл өтті. Биыл Ұлт Ұстазының туғанына 150 жыл.

Өз тұсында Ахаңның 130 жылдығына орай қазіргі Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Ахметтану және қазақ филологиясының өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияның өткізілуі де тегін емес. 1995 жылы (29 маусым) осы жолдардың авторы тарапынан профессор Н.Оралбаеваның ғылыми жетекшілігімен тұңғыш рет «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғалса, осы жылдың қазан айынан бастап университетімізде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тілін оқыту әдістемесі бірлестігі жұмыс жасап келеді. 1995 жылдан бастап студенттерге «Ахметтану» арнайы курсы жүргізіліп келсе, 1998 жылы университет баспаханасынан «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» монографиясы (8,0 баспа табақ) жарық көрді. Бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табуда. «Ахмет Байтұрсынұлы және әдістеме ғылымы» монографиясы (10,0 баспа табақ) баспа жоспарына енгізілді. Кафедра жанынан жылма-жыл «Ахметтану тәлімі» конференциясын (қыркүйек айында) өткізу ұйғарылып, диплом жұмыстары қорғалуда.

Уақыт көші ілгері озған сайын қазақ феномені Ахмет Байтұрсынұлының аяулы есімі әлемдік мән-мағына ала түсуде. Оған айғақ – әлемнің әр шалғайында, Орынбор мен Алматыда, Түркия мен Германияда өткен халықаралық симпозиумдер мен конференцияларда, басқа да алқалы жиындардағы қазақ, орыс, нидерланд, қырғыз, түрік, неміс, қарақалпақ, өзбек сияқты өзге де түрлі ұлт ғалымдарының ол жөніндегі ой-толғамдары, ғылыми баяндамалары мен зерттеу мақалалары.

  1. Ахмет Байтұрсынұлы әліппелері туралы. Ахмет Байтұрсынұлы халықтың санасына бірден әсер етуді, ақыл-ойын өзгертуді, көзін ашуды сауаттандырудан бастамақшы болды. Ол қоғамдық қызметін ағартушылық жұмыспен қатар жүргізу қажеттігін түсінді. Жұртшылықтың сана-сезімін ояту үшін, дұрыс бағыт алуы үшін жаппай сауаттандыру, оқыту керек екенін ұқты. Бұл туралы ғалым Р.Сыздықова былай деп жазады: «Қысқасы, А.Байтұрсынұлының өз тілімен айтқанда, «байға мал, оқығанға шен мақсат боп, жұрттың қамын ойлайтын адам аз» боп тұрғанда, қараңғы халқының сауатын ашып, білім беру жолын қалап алғандардың бірі, бірі емес, бірегейі өзі еді. Ағартушылық – сол кезеңдегі қазақ қауымының тіршілігінде ең қажет, ең игілікті іс болатын. А.Байтұрсынұлы осыны жақсы білді, дұрыс таныды».

А.Байтұрсынұлы 1905 жылы Қарқаралыда қызмет атқарып жүрген кезінде бір топ қазақ зиялылары бірлесіп, патша үкіметінің жоғарғы басқару орнына петиция жолдағаны белгілі. Онда өзге мәселелермен бірге қазақ даласында оқу-ағарту ісін жолға қою керектігін нақты талап еткен. 1913-1918 жылдар аралығында 8000 дана таралыммен жарық көрген «Қазақ» газетінің бас редакторы бола жүріп те А.Байтұрсынұлы әліппе, оқулық шығару, сауат ашу, оқыту мәселелерін бір сәт естен шығармаған. 1913 жылы ақпанның 2-сінде шыққан газеттің тұңғыш нөмірінде-ақ «оқу, оқыту, мектеп, медресе, школа, ғылым, өнер, тіл, әдебиет турасында жөн көрсету» негізгі көздейтін мақсаты мен ұстанатын бағыттарының бастыларының бірі екендігін айтқан.

Ал 1917 жылы желтоқсанның 5-13-і аралығында ІІ жалпы Қазақ съезі өткені тарихтан мәлім. Зерттеуші Б.Қойшыбаев осы съездің 25 мүшеден тұратын «Алашорда» атты уақытша халық кеңесін құрғанын, А.Байтұрсынұлының халық кеңесі құрамына ұсынылмағанын, оның оқулықтар жазу жөніндегі комиссияға сайланғанын жазады («Көзқарас эволюциясы», Қазақ әдебиеті, 1989, 27 қаңтар). Яғни, бұған дейін де сауат аштыру, оқыту бағытындағы әліппе, тіл құралдарын жарыққа шығарып үлгерген А.Байтұрсынұлының осы орайдағы халыққа ауадай қажетті ісін жалғастыруы орынды көзделген. Ал А.Байтұрсынұлы секілді ғұламаның қазақ жұртшылығы үшін жасаған өзге қызметтеріне қоса әйгілі оқулықтар жазуына да түрткі болған негіз – оның жан сала айналысқан жұмысы ағарту ісі. А.Байтұрсынұлы туған халқын оқуға тек жалаң шақырып қана қойған жоқ, сонымен қатар ол қазақ даласындағы мектептердің жай-күйін, бала оқытудың амал-жолдарын газет-журнал беттерінде нақтылы, жан-жақты сөз етті. Бұл орайдағы жазбаларының өзі үлкен бір тізбек құрайды. Ал бұның өзі А.Байтұрсынұлының әліппе, оқулықтарын құрастырып, жазуының баспалдағы, соған барар жолдағы сүрлеуі іспетті.

А.Байтұрсынұлы білім көзінің алғашқы сатысы бастауыш мектепке баса назар аударады. «Қазақ» газетінің бетіндегі «Бастауыш мектеп» атты көлемді мақаласында автор қазақтың бастауыш мектептері қандай болуы керектігін мәселе етіп қойып, сол тұстағы қазақ жеріндегі ауыл мектептерінің жағдайы қиын екендігін, оларда бағдарлама, оқу құралдары, тіпті оқу тәртібі (мектеп режимі) жоқтығын, мұғалімдердің жетіспейтіндігін айтудан бастаған («Бастауыш мектеп», «Қазақ» газеті, 9 мамыр, №16). А.Байтұрсынұлы бірде «қазақта балаларды оқытатын жосықтар (бағдарламалар) мен кітаптар (оқулықтар) жоқ» дей келіп, оларды жазу қажеттігін және арнаулы педагогтік білімі бар мамандар даярлау керектігін жазса, енді бірде «білімнің бас құралы – кітап» деп, білім конкурсын жариялау арқылы да оқу-ағарту ісіне атсалысуға болатындығын айтады. 1913 жылы «Қазақ» газетінің бетіндегі «Оқыту жайынан» атты мақаласында да осы ойын нақтылайды. Онда: «Бұл күнде қазақша оқуда кемшілік көп. Әуелі, оқу құралы кітаптар жоқ. Ноғайша оқу құралдары қазаққа үйлеспейді. Екінші, қазақ мектебіне түзелген программа жоқ, онсыз оқу бір жөннен шықпайды. Үшінші, бала оқыту ғылымынан хабардар мұғалімдер аз», – деп түйеді.

Қазақша оқулықтар да бірден жазыла салмағаны белгілі. Сол кезеңде қазақтың көзі ашық зиялылары, ағартушылары осы орайда пікірталас жүргізіп, ой бөлісіп отырған. Соның бірі ағартушы әрі ақын Таһир Жомартбаевтың жоғарыдағы мақаладағы «Әуелі қазақша оқытуға керек кітаптар даяр ма? Даяр болмаса, ноғайша кітаптарды аламыз ба? Олардың қайсысы жақсы? Ноғайлардың тәртіпті мектептерінде тұтынып жүрген программаларын сол күйінде аламыз ба? Яки қазаққа лайықтап, ыңғайлаймыз ба?» деген сауалдары. А.Байтұрсынұлы бұған жауап ретінде ноғайша оқу құралдары қазаққа үйлеспейтіндігін бірден айтады. Бірақ тап сол тұста қазақ мұғалімдерінің қолына ұстата салар оқулық та жоқ болатын. Амалдың жоқтығынан А.Байтұрсынұлы: «Сондықтан қазақта оқу құралы кітаптар болмаса, ноғай кітаптарымен оқытпасқа шара жоқ. Қазақ балаларын ноғай кітаптарымен оқытуда қолайсыздық, кемшілік көп, бірақ амалсыз ол кемшіліктермен келісеміз. Ноғай кітаптарымен оқытқан соң, олардың программаларын алмасқа болмайды. Программасын қазаққа ыңғайлаумен, қазақша құралдар сай болмаған соң, программа бір жаққа, оқу екінші жаққа – екеуі екі жаққа кетеді. Программада керек деген нәрселердің бірі болмаса да, көбі оқу құралдарынан табыларға керек. Ноғайдың тәртіпті мектебіндегі программасын ала тұратын болған соң, оқу кітаптарын да сол тәртіпті мектептерінен аларға тиіс», – дейді.

«Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрттың ісі түзелмейді. Оқу ісін түзеуге көп нәрсе керек, оның бізде бұл күнде бірі де жоқ. Ай мен күндей, әмбеге бірдей білім – көп ортасындағы мүлік, онан сыбаға ала алғандар алып жатыр, ала алмағандар құр қалып жатыр. Сол құр қалып отырғанның бірі – біздің қазақ. Құр қалғанын қазақтың өзі де сезіп, баласын оқытуға, білім үйретуге ықылассыз емес, бірақ жаңадан басталған жұмыс тәртіпке түсе алмай жатыр. «Көш жүре түзелер» деген, түбінде түзелмей қалмас, түзетуге жұрт азаматы қам қылмаса», – деген ағартушы оқуға керек құралдар, ол құралдардың ішінде ең керектісі әрі қымбаты оқу кітаптарын шығаруды әріден ойлайды. «Оқу құралдары сайлы болмаса, оның ішінде оқу кітаптары оңды болмаса, оқу да оңды болмайды. Шеберге аспап серік, мұғалімге құрал серік. Аспапсыз шеберлер еш нәрсе істей алмайды, құралсыз мұғалімдер бала оқыта алмайды», не болмаса, «Дүкенсіз ұста еш нәрсе істей алмайды, мұғалімдер де, қандай жақсы болғанмен, құралсыз балаларды оқыта алмайды» деген тұжырымға келеді. Осы саладағы А.Байтұрсынұлының зор еңбегін ғалым Р.Сыздықованың сөзімен түйіндесек былайша өрілер еді: «А.Байтұрсынұлы – қазақ арасында мектеп ісін (жалпы ағартушылықты) жолға қоюға күш салған, бала оқытып, ұстаздық құрған практик. Сонымен қатар ол оқу-ағартуды жолға қою үшін қажет өзге де шараларды қолға алған қайраткер болды. Бұл шаралар: қазақ жазуына лайық графика түзу, жазу тәртібі – емлені жазу, қазақша сауат ашатын «Әліппе» жазу, ана тілін танып оқитын мектеп оқулықтарын жазу, бала оқытудың әдістерін көрсету. Міне, осы орайда А.Байтұрсынұлы қазақ мәдениеті көгінде жалаң ағартушы болып емес, ғалым-ағартушы болып көрінеді».

Өткен ғасырдың 10-жылдарынан бастап қазақ қоғамында оқу-ағарту идеясының жандануына байланысты балалардың сауатын ашатын әліппе құралдарын жасау қолға алына бастады. Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларында бірқатар авторлардың (М.Нұрбаев, М.Малдыбаев, З.Ерғалиев т.б.) қазақша әліппелері жарық көрді, бірақ бұлардың көбі бірер басылымнан артық жарияланбай, кеңінен қолданыс таба алмады.

А.Байтұрсынұлының қазақша әліппесі 40 беттік көлемде «Оқу құралы» деген атпен тұңғыш рет 1912 жылы Орынбор қаласында М.Ш.Кәрімов, Ш.Құсайыновтар баспасында жарық көрді. Осы ретте ағартушы ғалымдарымыздың бірі Т.Шонанұлы: «Бұған дейін бізде өз әліппеміз болған емес. Дүмше молдалар әліппе жасай алмай, балаларды «Әліп-би» шартымен қағаз жүзінде оқытса, ал миссионерлер Васильев, Алекторов, Рожинский және басқалар қазақ әліппесін орыс транскрипциясымен берді», – деп жазды. Тұңғыш оқулық авторының өзі де қазақша әліппенің 1-кітабы деп көрсеткен. Оқу құралы сол кездегі ең алдыңғы оқыту әдістерінің бірі усул сотие жолымен тәртіп етілген. Оқу құралының титул бетіне алты тармақ өлең жолын келтірген («Балалар! Бұл жол басы даналыққа. Келіңдер, түсіп, байқап қаралық та! Бұ жолмен бара жатқан өзіңдей көп. Соларды көре тұра қалалық па? Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық. Жүріңдер іздеп тауып алалық та!»). Соңына «А.Б.» деп көрсеткен. Қарап отырсақ, бұл өлең жолдары атақты Ыбырайдың күллі алаш еліне белгілі «Кел, балалар, оқылық!» атты әйгілі шумағымен үндес, тақырыбы бір – оқуға, өшпес жарық, кетпес байлық-даналыққа бастар жолға түсуге шақырады. Титулдың екінші жағына: «Бұл алифбадағы қай харіф қандай дыбыстың белгісі, олар қай орында қалайша жазылмақшы һәм балалар алифбаға түспей тұрып дыбыспен қалай жаттықпақшы – бұлар жайын «Баяншы» деген кітапшадан қараңыз. Қазақтан басқа түркі, араб, парсы сөздеріне жазылатұғын харіптер алифбаға жалғас 2-кітаптан оқылады», – деген жолдармен сілтеме берген.

А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» 1912-1925 жалдар аралығында 7 рет қайта басылып, оқу ағарту жұмысында біршама ұзағырақ әрі кеңірек пайдаланылады. Негізінен А.Байтұрсынұлы әліппелері Орынбор, Семей, Ташкент, Қызылорда қалаларында басылып шықты. Соның ішінде Орынборда – 9, Семейде-2, Ташкентте-1 (2), Қызылордада-5 (6) реттен басылды.

Оқу құралының тұңғыш басылымы 1912 жылы 40 бет, екінші басылымы 1914 жылы 96 бет, үшіншісі 1916 жылы 98 бет, төртіншісі 1922 жылы 95 бет, бесіншісі 1922 жылы 70 бет, алтыншысы 1923 жылы 72 бет, жетіншісі 1925 жылы 72 бет көлемінде жарық көрген. Алғашқы бесеуінің титул беттерінде «Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша алифа», «Бірінші кітап» не «Бірінші жылдық кітап» деп көрсетілсе, соңғы екі басылымда «Қазақша әліп-би» делінген. Оқулық бетінің санына қарап көзіміз жетіп отырғандай әліппелердің көлемі де әрқилы. Алғашқыда көлем мөлшері толықтырылып ұлғая түскен де, 1922 жылдан бастап қырланып ықшамдалған.

Ал 1913 жылы Орынбор қаласында басылған 52 беттік «Оқу құралын» «қазақтан басқа түркі, араб, парсы сөздеріне жазылатын әріптерді үйрету үшін һәм оқуға төселу үшін тәртіп еткен». Бұл еңбекті «Алифбаға жалғас кітап» деп көрсетеді. Яғни, әдіскер оқытудың, сауаттанудың бұл қырына да көз жүгіртіп, бойлап қараған. Сондай-ақ бұл тұста қара танымаушылар сапында тек бүлдіршін жасындағылар ғана емес, ересектер де бар екені белгілі. Ал олардың сауат ашу жолы да ерекше болары сөзсіз. Ендеше, А.Байтұрсынұлы да бұл үрдісті анық танып, ара жігін ажырата білген. 1921 жылы Семейде (30 беттік), Орынборда (90 беттік) басылған «Оқу құралы – осы бағыттағы алғашқы ұмтылыстан туған қадам. Біріншісінің титул бетінде «Жаңа жолмен тәртіп етілген қазақша әліп-би. Бірінші кітап. Үлкендер үшін». Екіншісінде «Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша әліп-би. Бірінші кітап» деген жазу бар. Сауатсыздардың басым көпшілігі ересектер екеніне көзі анық жеткеннен кейін, А.Байтұрсынұлы бұл орайдағы әліппеге қайта оралып назар салған, өңдеп толықтырғанға ұқсайды. Нәтижесінде 1924 жылы Орынбор қаласында 144 бет, 1926 жылы Семей қаласында 83 бет көлемінде «Сауат ашқыш» атты әліппе оқулығы басылды. Екеуінде де «Дыбыс әдіс жолымен тәртіптелген қазақша әліп-би. Сауатсыз үлкендер үшін бірінші кітап» делінген. Семейдегі нұсқасы «Губиздаттың баспаханасы» (Семейдің губернелік баспасы) арқылы 7400 таралыммен жарық көрді.

А.Байтұрсынұлы әрбір әліппесін шығару үстінде оны үнемі үздіксіз жетілдіру, толықтыру жұмыстарымен айналысты. Оның «Оқу құралы» тек сауат ашып қоймайды, сондай-ақ шәкірттер үшін танымдық материалдар да қосымша ұсынылып отырылған. 1914 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралының» екінші басылымында автордың өзі құрастырған, шәкіртін алуан толғанысқа түсіретін 24 шағын әңгіме беріліп, оқулық «Балалық күй» өлеңімен аяқталған.

Бұл оқу құралдарына өз тұсында әр түрлі бағалар да берілген. Мәселен, әдіскер ғалым Т.Шонанұлы: «… Ахметтің жаңа алфавиті мен жаңа әліппесі біздің өркендеуімізге зор пайдасын тигізетін құбылыс еді. …Ал Ахметтің кітаптары болса қазіргі қазақ мектептерінде қолданылатын жалғыз оқулық. …Біздің мұғалімдер оқытып жатқан бүгінгі европалық әдіс – Ахмет Байтұрсынұлының жанашырлық қызметінің жемісі», – деп жоғары бағалады.

А.Байтұрсынұлы үнемі ізденістің нәтижесінде 1926 жылы «Әліппенің» жаңа түрін жазып ұсынады. Бұл жаңа құрал осы күнгідей түрлі суреттермен берілген оқулық еді. Кітап «Әліп-би» деген атпен 1926 жылы Қызылорда қаласынан 116 бет көлемде басылып шығады. Осы жолы «Жаңа мектеп» журналы бетінде жазған рецензиясында Т.Шонанұлы А.Байтұрсынұлы «Әліп-биін» «үлкен олжа» ретінде бағалайды: «Бұл әліп-биі оқу құралдығы жағынан бір қымбат болса, ішкі маңызымен екі есе қымбат. Жаңа әліп-би Ахаңның бұрынғы әліп-билеріне тіпті ұқсамайды. Ахаң бұрынғы әліп-билері кезінде «әліп-екі үсін әннен», «Абжет әуестен», ескі молдалар оқыту әдісінен, ескі «қытай» жазуынан құтылдырса, бұл әліппе бізді бұл күнгі педагогиканың соңғы сөзімен таныстырып отыр, жазу әдісі жағынан да, мазмұн жағынан да педагогиканың үстіміздегі мақсаты мен бағытына үйлесіп шығып отыр», – деп жазады. Сондай-ақ, әліппе кітабының сапалы шығуы жөнінде де өз пікірін білдіреді. Бұл орайда рецензия авторы: «Кітапта 126 сүгірет бар. Мұнан басқа диағрам және басқа түрлі сызықтар бар. Сүгіреттер жақсы, басылуы әдемі, әріптері ірі, сырты қолайлы», – дейді [2]. Ал 1927 жылы тап осы көлемде «Әліп-бидің» екінші басылымын Қызылорда – Ташкент баспалары бірігіп шығарды. Ақырында 1928 жылы Қызылорда қаласында оқулықтың үшінші басылымы 20000 таралыммен жарыққа шықты.

Тұңғыш қазақ кеңес библиографы Міржақып Дулатұлының «Қазақ тілінде басылған кітаптардың көрсеткіші» еңбегінде А.Байтұрсынұлының оқулықтарына көрнекті орын берілген. Осы көрсеткіште 1926 жылы жарық көрген «Әліп-би» оқулығына Қазақстан мемлекеттік білім кеңесі былайша жоғары баға берген: «Бұрынғы Әліпби қазақ мұғалімдерін ең алғаш Еуропа оқу әдістерімен таныстырудың үстіне, кезінде әрі төте жол салып, қазақ арасында оқу жөніндегі ескілікті жойған еді. Мынау жаңа Әліпби бұрынғылардан қай ретте болса да аса артық. Бұл Әліпбидің мазмұны, қазақ жағдайына қарай мемлекеттік білім кеңесінің жаңа бағдарламасына үйлесімді болып шыққан. Сөздері баланың ұғымына қолайлы тәртіппен құралған. Бұл Әліпби оқуға қолайлы. Шығарушының үлкен шеберлігі көрініп тұр. Оқушыға бұл Әліпби аса қызықты, баланы өздігінен білуге, өздігінен үйренуге ұмтылдыратын түрде жазылған. Сыртқы көрінісіне қарағанда тұтас сөздер әдісімен жазылған сықылды, бірақ тәжірибесі аз мұғалімдер мұнымен дыбыс әдісі бойынша да оқыта алады. Әңгімелері балалар үшін қызық, жеңіл, заманға лайық. Мазмұн жағынан, әдіс жағынан да артық кемшілік таба алмадық. Бұл Әліпби бұрынғысына жүдә ұқсамайды. Көңілдегідей болып шыққан» [3]. Осы іспетті пікірді әдіскер ғалым Т.Шонанұлы да былай білдіреді: «Бұл жөнінде ана тілі методикасының (методика – тарих жүзінде адам баласының үйрету тәжірибелерінің шығарған қорытындылары мен заңдарының жинағы) беті америка әдісіне қарай маңдайын аударған соң, Ахаң жаңа Әліпбиін дыбыс әдісімен де, америка әдісімен де оқытуға жарамды қылып шығарған. Бұл америка әдісімен оқыта алған тұтас сөз жүйесін қолдансын, әлі келмесе қалың мұғалім бұрынғы дыбыс әдісін қолдансын деген болар. Жаңа Әліпбидің бұл бір ұнамды жері».

А.Байтұрсынұлы өзі де бұл «Жаңа Әліпбиді» шығарудағы талпынысын 1925 жылы қазанның 21-інде: «Бұл әліп-би кітабы жаңа әдіске көшу жүзіндегі көңіл тілегі қол қысқалығын бір-біріне жанастырып жақындастыру шарасын табу түрде шығарылып тұр. Үйрету жағынан «дыбыс әдісі» мен «тұтас оқу» әдісінің екеуіне бірдей жарарлығы көзделді. Мазмұн жағынан қазақ жағдайына жанастырылып, жаңа программа (Гувс программасына) болуы көзделді», – деп жазды.

Бұларға қоса Ахмет Байтұрсынұлы мен Телжан Шонанұлы екеуі бірлесіп Қызылорда қаласынан 1926 жылы 412 беттік ерекше кітап шығарған. Ол мектептің ІІІ-ІV сыныптарына арналған хрестоматия кітабы. Бұл да «Оқу құралы» деп аталады. Оқулыққа енген мәтіндер сан алуан тақырыпты қамтыған, 75 суреті бар. Бірақ ол әліппе түріндегі «Оқу құралынан» өзгеше. Бұл хрестоматияның 1927 жылы екінші, ал 1928 жылы үшінші басылымы Қызылордадан шығады.

 Оқу-ағарту саласында өшпес із қалдырған А.Байтұрсынұлы әліппелері жеті рет басылым көрді. Осыншама таралымнан басылым көріп, ағарту саласында ұзақ қолданысқа ие болған өзге бірде-бір әліппе, оқулық жоқ. Басқа авторлардың әліппелері құрылымдық, әдістемелік жағынан енгізілген материалдары жағынан олқы соғып, бір рет басылым көруден аспайды. Ал А.Байтұрсынұлының әліппе, оқулықтары сол тұстағы жинақталған алдыңғы қатарлы тәжірибелерге сүйене отырып, белгілі педагогикалық-дидактикалық қағидаттарды сақтай білуімен, жасөспірімдердің психологиялық жас ерекшеліктерін, тіпті ұлттық ерекшеліктерін ескере жазуымен құнды болды. А.Байтұрсынұлы әліппелерін қазақ жұртшылығы ана тілінде жазылған аса қажетті тың құрал ретінде қабылдады. Ұлы ағартушының әліппе, оқулықтарының үсті-үстіне мол таралыммен басылып, ұзақ қолданылуының бір астары осында.

  1. Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – құралдарының» басылым көруі жайлы. А.Байтұрсынұлының «Тіл құралдары» қазақ тілінің грамматикалық құрылымын ана тілінде талдап беру мақсатынан туған. «Тіл құралдарды» ұсынудағы алға қойған мақсаты жөнінде А.Байтұрсынұлы оқулыққа жазған «Сөз басында» жеткілікті баяндаған. Онда адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі ретінде тілді жоғары бағалай отырып: «Осы дүниедегі адамдар тілінен айрылып, сөйлеуден қалса қандай қиындық күйге түсер еді, осы күнгі адамдар жазудан айрылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айрылғанынан жеңіл болмас еді», – дейді. Ендеше, жазу заманында, жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден де артық дәрежеге жеткен заманда «сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі онан да артық. Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да, сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге қай сөз қандай орында қалай өзгеріліп, қалайша біріне-бірі қиындасып жалғасатын жүйесін білу керек» деген түйінге келеді. Ал бұл күрделі түйінді шешетін бір-ақ нәрсе, ол – «Тіл-құралдары». Осы іспетті ойлардан келіп А. Байтұрсынұлы: «Қазақтың бастауыш мектебінде басқа білімдермен қатар қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін үйрету керек. Бастауыш мектептегі оқуға шамалап қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін балаларға оқытуға осы «Тіл-құрал» деген кітапшаларды шығардық», – дейді.

Жалпы А. Байтұрсынұлының бастауыш мектепте балаларға арналған тіл таныту ісі дыбыс жүйесі мен түрлері, сөз жүйесі мен түрлері, сөйлем жүйесі мен түрлері сынды үш сатыға бөлінеді. Оқулық авторы бірінші тіл танытқыш кітаптың 1925 жылғы басылымында «Тіл-құрал» үшке бөлінгенмен, әрқайсысы әр жыл оқылмайды. Бұл үшке бөлу жылдық оқу мөлшерімен емес, тіл білімінің жүйесі бойынша үйреткен уақытта әр жүйесінен балалардың шамасына қарай әлі келерліктері алынып үйретіледі. Қандай қай жылда үйретілетіні бастауыш мектеп програмдарында көрсетілген», – деген пікір де келтіреді. Әрине, бұл қазақ тілін белгілі бір бағдарлама бойынша оқытудың тиімділігін аңғартса керек.

Қалай болғанның өзінде де А. Байтұрсынұлының «Тіл-құралдары» – қазақ қауымы үшін бұрын-соңды болмаған соны дүние, тың құбылыс еді. Оқулық авторының өзі де: «Тіл-құрал» деген аты қандай жат көрінсе, ішкі мазмұны да әуелгі кезде сондай жат көрінер, үйткені бұл – қазақта бұрын болмаған жаңа зат. Халықта бұрын болмаған нәрсе жаңа шыққан кезде жат көрініп, бірте-бірте бойы үйренген соң жатырқау қалатын. Арабша һәм орысша наху, сарф үйренгендерге жат көрінгенімен, түсініксіз болмас. Араб һәм орыс наху, сарфларында оқылатын заттар мұнда да оқылады. Айырмасы сол ғана, онда арабша я орысша айтылған есімдер мұнда қазақша айтылады. Олай болғанда оқылатын заты бір, аты ғана басқа», – дегені бар.

А. Байтұрсынұлының тілдің дыбыс жүйесі мен түрлеріне (фонетика) арналған «Тіл-құрал» атты оқулығының I бөлімі 1914 жылы Орынбор қаласында жарық көреді. Кітаптың титул парағында «Тіл-құрал» (қазақ тілінің сарфы) «бірінші жылдық» деп көрсетілген. Бұл жерде біз оқулық «дыбыс жүйесі мен түрлеріне арналған» дегенді шартты түрде алып отырмыз, себебі еңбек тек фонетикаға ғана арналмаған. Оны автор сөзімен былайша баяндауға болар еді: «Тіл-құрал» үш жылға бөлінгенде, бірінші жылда оқытуға ұйғарғанымыз: сөйлеу мен сөйлемді айыру, сөз бен сөздің буынын айыру, буын мен буындағы дыбысты айыру, қазақ тіліндегі дыбыстар һәм оларға арналған харіфтер қазақ сөзіне жазылатын харіфтер турасындағы ережелер, қазақ тіліндегі сөздердің тұлғалары. Бірінші жылда үйретуге осы жеткілікті болар, үйткені «Тіл-құралдардағы» заттар қазақша һәм арабша алифбалардағы харіфтерді балалар үйреніп болғаннан кейін үйретіледі. Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да болса анықтап нық үйрету абзал. Әсіресе бірінші жыл оқылатын «Тіл-құралы» тіл білімінің негізі болғандықтан, нық үйретілерге керек». Байқап отырғанымыздай, мұнда А. Байтұрсынұлы өзінің әдістемелік тұжырымын да айта кеткен.

«Тіл-құралдың» фонетикаға арналған алғашқы кітабының көлемі 53 бет. Оқулықтың I бөлімінің кейінгі басылымдарының көлемі де, таралымы да өзгеріп, өсіп-кеміп отырған. Оқулық 1918 жылы Ташкенттен 32 бет (бағасы 50 тиын), 1920 жылы Қазан қаласынан 46 бет (Лито-Типография «Умид». Бастырушы: қырғыз-қазақ өзгеріс комитетінің оқу бөлімі. Бағасы 15 тиын), 1922 жылы тағы да Ташкенттен 90 бет (Таралымы 35 000 дана, бағасы 50 тиын), 1923 жылы (үшінші басылуы деп көрсетілген), 1924 жылы (алғашқысы төртінші басылуы, таралымы 10 000 дана, бағасы 15 тиын, ҚАСР Мем. баспасы) жылдары екі қайтара (кейінгісі бесінші басылуы, таралымы 5 000 дана, бағасы 30 тиын, титул бетінде орыс тілінде де «Издание 5-е, Грамматика киргизского языка. «Тиль-курал», часть 1-я, фонетика. Киргизское гос. изд. Оренбург, 1924г.» деп көрсетілген. Қазақстан мемлекеттік баспасөз бөлімі делінген) Орынбор қаласында 46, 48 бет көлемінде жарияланды. Бір қызығы осы кітаптың Қызылорда қаласында 1925, 1926 жылдары жарық көрген нұсқаларында да «5-ші басылуы» делінген. Мәселен, оқулықтың 1925 жылғы нұсқасының титул бетінде «Дыбыс жүйесі мен түрлері. 1-інші тіл танытқыш кітап. Қазақ-қырғыз білімпаздарының 1-інші тобының қаулысы бойынша өзгертіліп 5-ші басылуы» (Орыс тілінде «Грамматика казахского языка», «Тиль-курал». Часть 1-я, фонетика, Казахстанское гос.изд.» деп те жазылған) деп көрсетілген. 39 беттік көлемдегі оқулықтың таралымы жөнінде айтар болсақ, кітаптың ішкі жағында 7 000 дана, сыртында 10 000 дана мөлшері берілген. Құны 35 тиындық «Тіл-құрал» оқулығының сыртқы ақшыл түсті қатты мұқабасы әлі де Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханасының сирек қолжазбалар бөлімінде сақталған. Ал осыншама көлемді 1926 жылғы нұсқасының титул парағында да «Дыбыс жүйесі мен түрлері. 1-ші тіл танытқыш кітап. Өзгертпей бесінші басылуы» делінген. «Тіл-құралдың» өзгертілген алтыншы (таралымы – 20 000 дана), жетінші (таралымы – 15 000 дана) басылымдары 1927 жылы 39 бет көлемінде Қызылордадан жарық көрді.

Қазақ тілінің сөз жүйесі мен түрлеріне (морфология) арналған «Тіл-құралдың» екінші кітабы 1915 жылы Орынбор қаласында басылды. Көлемі – 120 бет. Титул парақта «Тіл-құрал» (қазақ тілінің сарфы) «2-нші жылдық» деп жазылған. «Тіл-құралдың» II бөлімінің кейінгі басылымдары 1920 (Ташкент, көлемі 96 бет, құны 1 сом 50 тиын, Түркістан мем. баспасы, №6 баспахана), 1922 (Ташкент. 96 бет, екінші басылуы), 1923 (Орынбор, 128 бет, таралымы – 10 000 дана, үшінші басылуы), 1924 (Орынбор, 128 бет, 70 тиын, 10 000 дана, төртінші басылуы), 1925 (Қызылорда, 122 бет, 10 000 дана, түзетіліп, толықтырылып, жаңа емлемен бесінші басылуы), 1927 (122 бет көлемінде Қызылорда қаласында алтыншы, жетінші басылымдары) жылдары жарық көреді. «Тіл-құралдың» соңғы жетінші басылымының титул бетінде орысша-латынша «А.Байтурсунов. Грамматика казахского яз. «Тил-курал», книга II-я. Этимология YII издание» деп жазылған. А.Байтұрсынұлының «Тіл-құралдары» әуелі Қызылордада басылып, кейін Семей баспаханасында көбейтіліп отырған. Оған оқулықтың жетінші басылымындағы титулдың ішкі бетіндегі «Типография Семипалатинского Губерн. Из-ва «Семгубиздат» Зак. №914», не болмаса, кітап соңындағы «Исполнено Семипалат. Губ. Издательством по заказу КазГИЗА» деген мәліметтер айғақ. Жетінші басылым 5 000 таралыммен басылған.

А. Байтұрсынұлының «Тіл-құралының» сөйлем жүйесі мен түрлеріне (синтаксис) арнаған бөлімінің 68 беттік басылымы 1923 жылы Орынбор қаласында жарық көрді. Оқулықтың титул парағында «Сөйлем жүйесі һәм түрлері. Үшінші тіл танытқыш кітап» делінген. Синтаксис тарауын баяндайтын III кітаптың екінші басылымы 1924 жылы Орынборда (67 бет көлемінде) түзетіліп, толықтырылып, жаңа емлемен жазылған үшінші басылымын 1925 жылы (таралымы – 7 000 дана, бағасы – 45 тиын), төртінші, бесінші басылымдары 1927 жылы 73 бет көлемінде Қызылорда қаласында басылып шығарылды. Ақшыл көк жұқа мұқабалы оқулықтың 73 беттік бесінші басылымы Семей қаласында (Семгубиздат. Зак. №666) 10 000 таралыммен көбейтіліп жарияланған. Құны – 40 тиын. «Тіл-құрал» оқулығының соңғы алтыншы басылымы 1928 жылы Ташкент-Қызылорда қалаларында 10 000 таралыммен басылған. Көлемі – 72 бет. Кітаптың титул бетінде қазақшаға қоса «Грамматика казахского языка «Тил-курал». Книга III-я. Синтаксис. Издание 6-е» деп орысша, латынша көрсетілді. Біздіңше, бұл нақты деректерді білудің өз орны бар. Әйтпесе, «Тіл-құралдың» шыққан жылдарын әркім әрқилы айтып жүр.

Сонымен А. Байтұрсынұлының өз тұсында үлкен сұранысқа ие болған «Тіл-құралдарының» баспа бетін көруінің өзі бір сала екен. «Тіл-құрал» оқулықтарын өз кезеңінде тек Қазақстан территориясында ғана емес, қырғыз, түркімен, өзбек, татар жеріндегі бауырларымыз да пайдаланғаны бүгінде айқын. Тіпті, А. Байтұрсынұлы еңбектерін теріп жинақтап жүргенімізде, әдіскердің 1924 жылы Орынборда басылып шыққан «Тіл-құралының» мұхит асып, АҚШ-тың Нью-Йорк университетінің кітапханасынан шығуының өзі еңбектің құндылығына бір айғақ. Ғалымның «Тіл танытқыш» еңбектерінің тіл білімі ғылымындағы, практикалық ісіміздегі бағалылығы жөнінде өз кезінде де, бүгінгі тұста да алуан тұжырымдар айтылды, әлі де айтылуда. Соңғылардың бірер пікірін келтірер болсақ, ғалым Р. Сыздықова: «Тіл-құрал» – қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Бастауыш мектепке, яғни, алғашқы 4-5 жыл оқитын шәкірттерге арналғанымен, қазақ тілінің фонетикалық және грамматикалық (морфологиялық-синтаксистік) құрылымын талдап, жүйелеп, танытып берген қазақ тіліндегі тұңғыш ғылыми жұмыстың басы. Бұл оқулықтар – «қазақ тіл білімі» атты ғылым саласының ана тіліміздегі бастамасы және дұрыс, жақсы бастамасы. Өйткені, қазақ тілінің дыбыстық құрамының классификациясы да, сөз таптарын ажыратып, сөз тұлғаларының түрлерін көрсетуде де, сөздердің (септелу, тәуелдену, жіктелу) тәртібін танытуда да, сөйлем түрлерін ажыратуда да – қысқасы, қазақ тілі фонетикасы мен грамматикасын талдап-таныту күні бүгінге дейін А.Байтұрсынұлының аталған оқулықтарының негізінде беріліп келеді. Тілдік әр категорияны классификациясынан бастап, бүкіл терминдеріне дейін (бірен-саран жеке сәттерде болмаса) қазіргі мектеп грамматикасы А.Байтұрсынұлы салған негізде ұсынылып отыр», – дегені өте орынды да дәл берілген баға. Не болмаса, белгілі ғалым Н. Оралбаева «Грамматика ілімінің бастау көздері» деген мақаласында: «Қазақ грамматикасы жүйелі түрде зерттеліп, ғылым ретінде бірден қалыптаса қойған жоқ. Қазақ тілінің грамматикасын шын мәнінде жүйеге келтіру кеңес дәуірінде қолға алынғанын ескерсек, онда осы істің бастауында тұрған ғалымдарды естен шығаруға болмайды. Өйткені жүктің ең ауырын солар көтереді. «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалай бітіргендігінде емес» деп ұлы Абай айтқандай, қазақ тілінің алғашқы оқулықтарын, бағдарламаларын жазуды бастаған Ахмет Байтұрсыновтың, Құдайберген Жұбановтың игілікті істері мен үлгілі тәжірибелеріне дән риза ұрпақтары оны ұмытпай, маңызын түсініп отыруы парыз деп санаймыз», – деген құптарлық пікір айтады. Ал ғалым Т.Қордабаев: «Ахаңның бұл оқулықтары қазақ тіл білімінің қазақ тілінде алғаш баяндала бастаған заманында, бұдан сандаған жыл бұрын шыққанына қарамастан тілдік категориялардың терминдік ауытқуы жағынан да, классификациясы жағынан да қазіргі еңбектермен үйлесіп, үндесіп жатады. Бұл автор тұжырымының өміршеңдігін, терең де алғыр ойдан туғандығын байқатса керек», – деп жоғары бағалайды. Лингвист ғалымның оқулықтары туралы зерттеуші Аманқос Мектепов былайша баға береді: «Халық тарихында тұңғыш рет ол жазған үш томдық «Тіл құралы» мен «Әдебиет танытқышы» оның теңдесі жоқ еңбегі, ғылыми ерлігі десе де болады. Туған тіліміздің фонетикасын («Дыбыс жүйесі»), морфологиясын («Сөз жүйесі») және синтаксисін («Сөйлем жүйесі») тұңғыш рет, терең біліммен жазған Ахаң еңбектері күні бүгінге дейін қазақ тіл білімінің, ал «Әдебиет танытқыш» әдебиет теориясының мызғымас негізі болып келеді».

Демек, А.Байтұрсынұлы «Тіл-құралдарының» шынайы құнын аңғартар жоғарыдағы іспетті тілші-ғалым топшылауларын, орнымен берілген бағаларын соза беруге болады. Айналып келгенде, жоғарыда келтірілген үзінділер бірін-бірі толықтыра отырып, А.Байтұрсынұлы «Тіл танытқыштарының» теңдесіз рөлін аңғартса керек.

Ал А.Байтұрсынұлы әліппе, оқулықтарының өзге түркі халықтарына, соның ішінде қырғыз еліне үлкен әсері болды. А.Байтұрсынұлы әліппелері – қырғыздардың алғаш сауат ашқан оқулығы. Мәселен, ағартушының 1914 жылғы Орынборда шыққан «Казакча алибеси» оқулығын өз қаражатына көбейтіп бастырушы (1991, 5000 дана) қырғыз азаматы Қ.Дыйқанов кітаптың алғы сөзіне: «… 1911 жылы казак, қырғыз алфавиттен казак тилин бөлүч чыккан биринчи ғалым – Ахмет Байтурсунов. 1924 жылы кыргыз тилин бөлүч чыккан ғалым – Ешеналы Арабаев. Биз А.Байтурсуновдын 1914 жылы басылган «Казак алифбесин» окурмандарга суныш кылабыз. Бул китепте араб тамгасы толык берилген. Буны 1924 жылдарга чейін кыргыз окурмандары да пайдаланып келишкен. Ел агартув ишинде бул китептен кызматы көп. Осы китепти окып, жазувны үйренгендер араб тамгасы менен жазылган бардык китепти окый алады», – деп жазғаны көп айғақтың бірі. Осы үзіндідегі Ишанғали Арабаев А.Байтұрсынұлының талантты шәкірттерінің бірі, Ахаңның тікелей кеңесі мен бағыты негізінде қырғыз тілінің грамматикасын жазған. Бұл жөнінде М.Дулатұлы өмірбаяндық очеркінде баяндайды.

Кейін қырғыздың осы әдіскер ғалымы Мағжан Жұмабайұлының «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» атты әдістемелік еңбегін өз тілінде аударып бастырып, кітапқа жазған сөз басында: «Оша уақытқа шеин қырғыз мектептерінде анық-шын тәртіп балбоған», – дей келіп, – «Кітапшаның талаптарын орындамаған мұғалім ұлт алдында қиянат жасаған болат. Анда мұғалімдер окомат алдында да, халық алдында да жоопқа тартылуға тииш», – деп кесіп айтады. Шынында да, ол тұста қырғыз мұғалімдерінің әрқайсысы өзі оқып шыққан мектеп-медресенің жолын қуалап, татарша, қазақша, өзбекше дегендей өздерінің ыңғайына қарай оқытып келген. Өйтпеске амал жоқ еді. Қырғыз тілінде Ахмет, Мағжан еңбектеріндей жол сілтейтін кітап әлі жазыла қоймаған-ды. Мәселен, жоғарыдағы Мағжан еңбегі қазақша нұсқасы секілді 3000 дана таралыммен жарық көрді. Бұның өзі туысқан қырғыз елі балаларының тілін сындыруға, ұлт мектебінің негізі етіп ұлт тілін алуға Ахмет, Мағжан секілді әдіскерлердің шарпаты септігі мол тигенін көрсететін тағы бір дәлел.

Ал енді қырғыз елінің сауат ашу жолындағы қолға ұстар оқулық, әліппелері нендей жағдайда болды. Бұл мәселеге орайлас белгілі қырғыз ғалымы А.Э.Измайлов «От сплошной неграмотности – к вершинам провещения» деген зерттеуінде қырғыз жұртшылығының сауаттану жолындағы баспалдақтарын жан-жақты көрсетеді. Мәселен, ғалым: «В условиях Киргизии вопрос об учебниках был самым сложным вопросом для новой системы народного образования. Киргизский народ до революции не имел своей письменности. Поэтому в ближайшее время трудно было думать об издании учебников на родном языке. Не случайно в отчете Кара-Киргизского ревкома было указано: «В киргизских школах вместо учебников были одни богатыри: Алпамыш, Идига и т.д. Здесь очевидно, речь идет о собраниях эпических поэм и легенд, изданных в 1922 году казахском языке А.А.Диваевым: «Мирза Эдиге», «Алпамыс», « Шура Батыр» и др. Первые учебники на киргизском языке вышли в 1924-25 г., т.е. после национально-государственного размежевания Средней Азии», – дейді. Осы еңбектің енді бір жерінде бұл ойын былайша толықтырады: «Как известно, до 1924 года киргизской народ не имел своей письменности. 7 ноября 1924 года вышел в свет первый номер киргизской еженедельной газеты «Эркин-Тоо» («Свободные горы») на арабском алфавите. Это было началом установления киргизской письменности. В феврале 1925 года во Фрунзе организуется Киргизское государственное издательство, которое приступает к планомерному выпуску учебников. За 1925-1926 годы на киргизском языке выпускается 12 названий учебников и учебных пособий: «Букварь», «Хрестоматия для чтения после букваря», «Начальный курс географии», «Методика родного языка», «Методика математики», «Букварь для взрослых» и др. Таким образом, киргизский народ получил письменность и приступил к созданию своей учебной литературы».

Зерттеуші А.Э.Измайлов «Просвещение в республиках советского Востока» атты тағы бір еңбегінде осы жоғарыдағы ойын сабақтай келіп, қырғыз елі мектептеріндегі шәкірттердің сауат ашуына, белгілі деңгейде білім дәмін татуына Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлылардың да үлес қосқандығын жоққа шығармайды. Бұл ретте автор: «В те годы в школах Казахстана и Киргизии, например можно было встретить учебники А.Байтурсунова «Тил курал» (букварь и начальная грамматика на казахском языке), М.Дулатова – пособие по арифметике (на казахском языке), Б.Курбангалиева «Хисаб масалелери» (учебник арифметики для начальной школы на татарском языке), Г. Ибрагимова – книгу для чтения «Рахбар субян», куда входили отрывки из произведений Л.Н.Толстого, А.С.Пушкина и самого составителя. Не болмаса: «Многие учебники и учебные пособия, изданные в эти годы, были далеки от совершенства. Нередко они страдали серьезными недостатками в методическом и идейном отношении. Книга «Тиль-курал» А.Байтурсунова, напечатанная арабским шрифтом еще до революции, призвана была дать учащимся краткие сведения по грамматике казахского языка, но нередко предложения для грамматического разбора давались в ней на татарском, а иногда и на арабском языке, что затрудняло обучение детей. Больше того, в тексте учебника содержались такие «премудрые» афоризмы, как «Живая крыса лучше мертвого льва», «Стадо, вскормленное богом, волк не ест», «Нет человека, который не любит богатого» и т.д.

Бұл қырғыз ғалымы тарапынан айтылған сараң жолдар мен тоқырау кезеңінің лебі ескен бір сарынды солақай сындарының астарында А.Байтұрсынұлы секілді ұлы ағартушының қазақ-қырғыз елінің ағарту саласында атқарған телегей-теңіз еңбегінің орынды бағаланбай, ат үсті сыналғаны жатыр. Әрине, бұл тоқырау кезеңінің жаттанды да сүреңсіз стилі болатын. Сондай-ақ, жоғарыдағыдай кезеңде, яғни, қырғыз балаларын өз ана тілінде оқытар, сауат аштырар әліппе, оқулықтың жоқ тұсында қырғыз мұғалімдері арасында әдістемелік жұмыстың ойға да алынбасы белгілі ғой. Сөз соңында айтар нәрсе, қырғыз секілді туысқан елдің осы қиын да күрделі кезеңде тіл ерекшеліктері жағынан көп ұқсастық байланыстары бар қазақ елінің әліппелерін – А.Байтұрсынұлы жазған әліппелерді – пайдалануы да заңды. Демек, жоғарыдағы жолдардан шығар нақты тұжырым – 1924 жылға дейін қырғыз елі А.Байтұрсынұлы жазған әліппелер арқылы сауатын ашса, сондай-ақ ағартушы-реформатор түзген қазақ алфавитіне сүйене отырып, өз қырғыз графикасын жасағандығының анық екендігі.

III. Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектері туралы. А. Байтұрсынұлы алғашқы әліппе, оқулық, тіл құралдарды дүниеге келтіруімен бірге, осы оқу құралдарын тәжірибеде қалай пайдалануға болады, әліппе, тіл құралдарындағы материалдарды шәкіртке қалай ғылыми тұрғыда меңгертуге тиіспіз деген мәселе жөнінде де ойланған. Озық елдердің әдістемелік әдебиеттеріне сүйене, үйрене жүріп, төл әдістемелік нұсқау, әдістемелік мақалаларын жазып қалдырған. Бұл бағытта мол жазбаларының бірер санын «Баяншы», «Әліппе астары», «Нұсқаушы» (қай жылы жазылғаны белгісіз), «Тіл жұмсар» секілді әдістемелік нұсқаулары мен «Жалқылау (айырыңқы) әдіс», «Баулу мектеп», «Ана тілінің әдісі», «Жалқылаулы-жалпылау», «Қай әдіс жақсы?», «Дыбыстарды жіктеу туралы» мақалалары құрайды.

Бұлардың ішіндегі автордың «Әліппе астары», «Нұсқаушы» деген екі кітабы әзірге қолға түспеуде. А.Байтұрсынұлы мұраларын жинаушылардың айтуына қарағанда, бұл еңбектер Мәскеу, Санкт-Петербург, Уфа қалаларының кітапханаларынан да кездеспеген. Еліміздегі Ұлттық кітапхана мен Ғылым Академиясының сирек қолжазбалар бөлімінен де ұшырата алмадық. Дегенмен аталған әдістемелік дүниелер қолымызға түспегенмен, деректерге сүйене келіп, бұл еңбектердің қандай бағытта өрілгенін аңғаруға болады. Мәселен, әйгілі жазушы Мұхтар Омарханұлы А.Байтұрсынұлы жұмыстан босаған уақытта қазақ мектептеріне керекті кітаптар жазып жүргенін айта келіп: «Бұрынғы оқушыларға белгілі «Тіл-құрал», «Оқу құралдарынан» басқа, соңғы жылдарда «Әліппе астарын» һәм қазақша жазған, бұл соңғы кітабы осы күнде Орынборда басылып жатыр» («Ақжол» газеті, 1923, 4 ақпан), – деп хабарлайды. Бұл 1923 жыл болса, ал 1924 жылы «Әліппе астары» еңбегі Орынбор қаласынан 24 беттік көлемде басылып шығады. Нұсқаудың алғашқы бетінде «Оқу құралы» деген қазақша әліп-би бойынша үйретушілер үшін шығарылған баяншы деп көрсетілген. Әдіскер ғалым Мағжан Жұмабайұлы да А.Байтұрсынұлы әліппесінің дыбыстық әдіспен құрылғанын сілтей келе: «Бұл алифба бойынша қалай хат танудың жолы А.Байтұрсыновтың «Баяншы» һәм «Әлифба астары» деген кітаптарында көрсетілген. Мұғалімдер соларды жолбасшы қылсын» («Бастауыш мектепте ана тілі», Ташкент, 1923), – деп жазды. Ал ахметтану- дың негізін салушы ғалым Р.Сәтіғалиқызы (Сыздықова): «Оқу құралын» пайдаланудың, жалпы сауат аштыру әдістерінің жөн-жобасын «Әліпби астары» атты әдістемелік еңбегінде көрсетеді («Ахмет Байтұрсынов», А., 1990), – деген. Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті архивында сақталған 1929 жылы мамырдың 5-інде А.Байтұрсынұлының өз қолымен жазып берген «Газет және журналдарда жарияланған басқа ғылыми, ғылыми-методикалық еңбектердің тізімі» деген құжатта «Әліппе астары әліппеге методикалық нұсқау» деп көрсетілген.

А. Байтұрсынұлының «Баяншы» әдістемелік нұсқауы 1920 жылы Қазан қаласының алтыншы мемлекеттік баспаханасында жарыққа шықты. Көлемі 15 бет.Таралымы 8600 дана. Кіндік қазақ өзгеріс комитетінің оқу бөлімі бастырған. Еңбектің титул бетінде «Қазақ мұғалімдері үшін» деп көрсетілген. Әдіскер нұсқауға жазған сөз басында: «Жаңа оқу жолымен таныс емес оқытушылар төменгі «Қазақ дыбыстары һәм олардың жазылу белгілері» деген һәм «Дыбыспен жаттығу» деген екі сөзді оқып әліппе қалай тәртіп етілгенін көріп, оқу бастауы артық емес. Бұл екі сөз оқушылар емес, оқытушылар үшін жазылған» – деп те көрсетеді. Бұл еңбек ағартушының көп жыл бала оқыта жүріп жасаған әдістемелік тәжірибесінің түйіні, тұжырымы. Оған А.Байтұрсынұлының: «Адамның өзінде кәмілдік болмаған соң, ісінде де кәмілдік жоқ. Сондықтан 14 жыл бала оқытып аңғарған, сезген, білген, іс көргендігім болса да, әліппе мінсіз болады демеймін (бұл жерде әліппені оқытуды айтып отыр деп білеміз). Ұнамсыз мінді жерін аңғарған адамдар көрсетсе, көп-көп алғыс айтамын,» – деуі де дәлел.

«Баяншы» 1920 жылы баспа жүзін көрді дедік. Бірақ әдістемелік нұсқаудың жазылуы бұдан ертерек секілді. Бұны алғаш байқаған ғалым Р.Сәтіғалиқызы жоғарыдағы аталған еңбегінде былай деп жазады: «1912 жылы шыққан бұл «Әліппеден» біздің көңілімізді аударатын бір мағлұмат аламыз, ол – Байтұрсыновтың «Баяншы» атты методикалық кітапшасы сол кезеңде-ақ бар екендігі. Оған мына текст дәлел: «Бұл алифбадағы қай харф қандай дыбыстың белгісі, олар қай орында қалайша жазылмақшы һәм балалар алифбаға түспей тұрып дыбыспен қалай жаттықпақшы – бұлар жайын «Баяншы» деген кітапшадан қараңыз». Тілші ғалым пікіріне біз де қосыламыз. Келтірілген үзіндіге жүгінсек, сауат аштыру, тілді оқыту әдістемесінің негізін жасауға ұмтылыс нәтижесінде әзірленген «Баяншы» еңбегі 1910-1912 жылдары дүниеге келген болып шығады.

 «Тіл жұмсар» әдістемелік нұсқауы екі кітаптан тұрады. Алғашқысы 1928 жылы Қызылорда қаласындағы Қазақстан баспасынан жарық көрді. Көлемі – 46 бет. Әдістемелік титул парағында «Сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс тәжірибесі арқылы танытатын 1-інші кітап. Білім ордасы 1-інші басқыш мектепте ұстауды ұйғарған» деп жазылған. 90 беттік көлемдегі «Тіл жұмсардың» екінші кітабы 1929 жылы (бірінші бетінде 1928) тағы да Қызылорда қаласында басылады. Еңбектің «Дәйектеме» деп аталған бөлігінде А. Байтұрсынұлы – жетекші құралдың ерекшелігіне жан-жақты сипаттама береді. «Бұл «Тіл жұмсар» деп ат қойып отырған кітап ана тілін жоғарыда айтылған жаңа жолмен (тәжірибе арқылы білім алу) үйретуге ыңғайланып шығарылған. Мұндағы білім – «Тіл құралдағы» білім, бірақ сол білімді мұнда үйрету жолы басқа. «Тіл – құрал» қазақ тілі қандай құрал екендігін тұтас түрінде таныту үшін, түрлі бөлшектерін, тетіктерін ұсағын- ұсағынша, ірісін-ірісінше жүйелі тұрған орнында алып көрсетіп танытады. «Тіл жұмсар» сол үлкен құралдың бөлшектерін, тетіктерін балаға шағындап бөлек-бөлек ойыншық сияқты құрал жасап, соларды танытып, соларды жұмсарту арқылы барып үлкен құралды танытады», – деп бастайды . Одан әрі әдіскер нұсқау бөлімдерінде қамтылған мәселелерді, оларды меңгертудегі алға қойған түпкі мақсатты айқындайды. «Тіл жұмсардың» қазір екі бөлімі ғана шығып тұрғанын айта келіп, бірінші бөлімдегі жүргізілетін жұмыстарға мыналарды қосады: әріптер мен әріп белгілерін, түрлі орында көбірек жұмсалатын сөз бөлшектері мен сөйлем бөлшектерін жаза білу; дәйекші керек қылмайтын дыбыстардың әріптерін білу; сөздің жекелік, көптік түрлерін тану; көбінесе айтылатын сұрау сөздермен танысу; жеңіл сұрауларға жауап жаза білу; жеңіл бүркеулерді аша білу; сөзге үйлесетін сөз теріп ала білу; оңай туатын сөздерді туғыза білу; сөзді сипырға (цифрға), сипырды сөзге айналдыра білу; тасымалдаумен танысуды қосады.

Сондай-ақ А. Байтұрсынұлы: «Бұл бөлімде бақылау мен мәнісін білу жағынан тура тұтыну тәжірибе жағы басым болып отырады. Және бір ескертетін нәрсе 1-інші бөлімде берілген тілтану білімі «Әліп-бидегі» әңгімелермен байланысқан. Оны сол ретте басқа кітаптардағы әңгімелермен байластыруға болады. Мұнда тек байланыстыру жолы, жөні осы ретше болу тиістілігіне үлгі үшін байластырып көрсетілген», – дейді. «Тіл жұмсардың» екінші бөлімінде бірінші бөлімдегілердің көбі қайта келетіндігін, бірақ олар пысықтау ретінде емес, бұрынғы бөлімдерді тереңдетіп, аудандарын кеңейтіп білдіру ретінде ұсынылатынын ескертеді. Енгізілген жаңа жұмыс түрлері ретінде мыналарды атайды: 1) сөйлемдердің түрлерін тану; 2) сөздердің, дыбыстардың негізгі түрлерін тану; 3) орын талғайтын дыбыстармен танысу; 4) сыбайлас дыбыстардың бір-біріне ететін әсерлерімен танысу; 5) дауыс екпінін тануды атайды. А.Байтұрсынұлы бұл бөлімде істеу жүзінде байқаумен алған білім жұмсау жүзінде іске асып, бақылау мен жұмсау екеуі теңбе-тең бірдей жүріп отыратынын айтады. Әдіскер дәйектемеде «Тіл жұмсардың» берер пайдасы хақында да түйінді пікірін білдіреді. Аяғында айтып өтетінім емле үйретуге «Тіл жұмсардың» екі бөліміндегі қолданыстық нәрсе (материал) жеткілікті. Соның бәрін балалар дұрыстап, түгел қолданып өтсе, емленің 90% шамасы білуге дыбыс жүйелі. Оны білу үшін буынды жақсы тану, дұрыс буындай білу, сөздің буындарын біліп отырып жазуға әдеттену және керек. «Әліп-би» мен 1-інші «Тіл жұмсар» көлеміндегі нәрсе де, мезгіл де, білім де жеткілікті. Онан арғысын 2-ші «Тіл жұмсармен» толықтырып, үшеуінің көлеміндегі нәрседен емленің 90% білімін толық алуға болады. Онан әрі қалған 10% білімін 3-ші «Тіл жұмсар» беруге тиіс. Сөйтіп, бақылау мен жұмсау тәжірибе жолымен «Тіл жұмсардың» үш бөлімінің беретін білімін алғанда, балалардың сауаты емле жағынан толық жеткілікті болмақ», – дегені оған айғақ. А.Байтұрсынұлы дәйектемесі 1928 жылы наурыздың алтысында Қызылорда қаласында жазылған. Берілген үзіктен және бір байқайтын мәліметіміз А.Байтұрсынұлы «Тіл жұмсар» әдістемелік нұсқауының үшінші кітабын да шығаруға жоспарлағаны. Қынжылатыны, ол еңбектің жарық көріп үлгермеуі. Сонымен «Тіл жұмсар» – ана тілін дұрыс қолданып, дұрыс тұтыну жолдарын үйрететін әдістемелік құрал. Ғалым Р.Сәтіғалиқызы бұл еңбектің ерекшелігін дәл байқап, «қолданбалы грамматика» деп бағалады. Нұсқау «Тіл құрал» оқулығындағы грамматикалық ұғымдарға және «Әліпбидегі» мәтіндерге сүйенген.

А.Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерінің біраз бөлігі мақалалар тобынан құралады. Әдіскер еңбектерінің библиографиялық көрсеткішінде (А.Байтұрсынов. Тіл тағылымы. А., «Ана тілі», 1992,443-445-б.б.) «Ана тілінің әдісі» мақаласы мен «Оқу құралы» еңбегі де аталған. Бұл «Оқу құралдың» өзге оқу құралдардан айырмашылығы, онда «Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша әліп-биге баяншы» деп жазылған. Сондай-ақ, қызғылт түсті жұқа мұқабасы сыртында «Методические записки по родному языку (на кирг. яз.)» деп те көрсетілген. Ал бірінші бетінде «Балалар, бұл жолы басы даналыққа» деп келетін алты тармақты «Тарту» өлеңі берілген. Бұл шумақ алғаш рет А.Байтұрсынұлының 1912 жылы Орынбордан шыққан әліппесінде жазылған. Көлемі 14 беттік әдістемелік еңбек 1921 жылы Ташкент қаласынан шығарылған. Таралымы 10 000 дана. Әдістемелік «Сөз басы» (2-3-бет), «Қазақ тіліндегі дыбыстар һәм олардың жазу белгілері» (3-9-бет) «Дыбыспен жаттығу» (9-14-бет) бөлімдерінен тұрады.Ал «Ана тілінің әдісі» мақаласы 1927 жылы «Жаңа мектеп» журналының 9-нөмірінің 23-31- беттерінде жарияланған. Бұған қоса ағартушының «Баулу мектеп» («Трудовая школа») атты проблемалы мақаласы журнал бетінде 1925 жылы (№1, тамыз) басылған болатын.

Өкініштісі сол, жоғарыдағы айтылған екі мақала да А.Байтұрсынұлының қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектері топтастырылған «Тіл тағылымы» («Ана тілі», А., 1992) деген бағалы жинаққа енбеген. Бұл құнды екі зерттеме «Тіл тағылымы» секілді оқу-ағарту, әдістемелік еңбектерінің топтамасынан көріну керек еді. Аталған жазбалардың 1991 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Ақ жол» жинағына да ілінбегені мәлім. Әрине, бұнда өлеңдер мен тәржімелер, көсемсөздері мен әдеби зерттеулерінің басы қосылғантұғын. Қысқасы, ілгеріде шығар А.Байтұрсынұлы жинақтарында бұл кемшіліктің орны толтырылуы тиіс.

Әдіскер ғалымның «Жалқылау (айырыңқы) әдіс» («Аналитический метод обучения грамоте») мақаласы 1927 жылы «Жаңа мектеп» журналының он бірінші – он екінші нөмірінің 45-49-бет аралығында басылды. Журнал редакциясының басқармасы мақала соңында: «Тұтас сөз – сөйлем әдісінің негізі осы мақалада айтылған болса да, бұл күнде басқаша ұсталатын көздері де бар. Ахаңның жалқылаулы-жалпылау әдісі дегені осы тұтас сөз сөйлем әдісі. Мұның бүге–шүгесі келер санда басылады», – деп көрсеткен. Шынында да журналдың келесі санында, яғни, 1928 жылғы бірінші нөмірінің 31-37-беттерінде «Жалқылаулы-жалпылау әдісі» («Аналитико – синтетический метод обучения грамоте») атты мақаласы жарияланды.

А.Байтұрсынұлының еңбектерін жинаушы-тарамдаушылар ғалымның әдістемелік жазбаларының сапына «Зерттеу мен сүгіретшілік әдісі туралы» деген мақаланы да қосады. Аталмыш мақала «Жаңа мектеп» журналының 1928 жылғы 2-3-нөмірінің 44-бетінде жарияланды. Мақала шекесінде «А.Б.ұлы» деп авторы көрсетілген. Біздіңше, бұл бір беттік мақала А.Байтұрсынұлы қаламынан тумаған. Оған айтар дәлеліміз, біріншіден, жазбаның Ахаң стилінен өзгешелігі, екіншіден, осы журналдың соңындағы орыс тілінде берілген мазмұнында мақала «Исследовательский изобразительный метод» түрінде аударылып, авторы ретінде «Базаров» деп көрсетілген. Яғни, біздің айтпағымыз «Зерттеу мен сүгіретшілік әдісі туралы» мақаласының авторы сол кезеңдегі тәжірибелі оқытушылардың бірі Базарұлы Абұлқасаб (Базаров) екендігі. А. Базарұлының «Жаңа мектеп» журналы бетінде бұдан басқа да мақалалары жарияланып тұрған. Мәселен, «Алқакөл болысында оқу күйі» (Кереку уезі), 1927, №3-4, 110-114-бет; «Ана тілінің әдісі жайынан», 1928, №1, 48-51-бет.

 Ағартушының әдістемелік құнды дүниелерінің бірі – «Қай әдіс жақсы?» мақаласы. Мақала «Жаңа мектеп» журналының 1928 жылғы 4-5-нөмірінің 3-11-беттерінде басылды. Зерттеудің көтерген жүгінің сонылығы хақында журнал басқармасы былайша жазады: «Жазушының дыбыс әдісі мен тұтас сөз әдісін сынаған ойларына, көзқарасына басқарма қосылмайды. Ол ойларын біржақты жаңылысы бар деп біледі. Мұндай мәселе әлі қазақ оқытушыларына соны болғандықтан, бұл мақала пікір алысу ретінде басылып отыр. Әдіс жұмысымен таныс адамдар, педагогтар бұл туралы пікірін жазуын өтінеміз. Басқарма соңғы нөмірлердің бірінде өз ойын жазбақшы».

А.Байтұрсынұлының «Дыбыстарды жіктеу туралы» («Классификация звуков казахского языка») деген мақаласы да – өзіндік ой айтатын, ойлантатын зерттеу еңбегі. Мақала соңында дыбыстарды өзіндік жіктеуінің кестесін беріп, «Қызыл-Орда. 1927.28.IV.» деп көрсетілген. Мақала белгілі журналдың 1927 жылғы бесінші нөмірінде (60-70-бет) басылды. Әдіскер бұл жазбасын 1927 жылғы «Жаңа мектеп» журналының екінші нөмеріндегі (61-67-бет) Елдестің (Елдес Омарұлы) «Қазақ дыбыстары» деген мақаласына пікір білдіру мақсатында жазылған.

Сөйтіп, А.Байтұрсынұлының аталған мақалаларының атауларынан-ақ көрініп тұрғандай оларда өз ортасына «әлі соны» әдістемелік мәселелер көтерілген. Ана тілімізді қандай әдіс-тәсілмен оқыту орындылығы айтылады,өзара пікір алысуға шақырады. Демек, қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімі саласында синтетикалық, аналитикалық, аналитика-синтетикалық оқыту әдісі жөнінде алғаш әдістемелік тұрғыда пайымдау жасаған, түсінік берген, әдістердің анықтамасын қорытқан әдіскер – Ахмет Байтұрсынұлы. Сондай-ақ, аталған әдістердің жалпылау, жиылыңқы әдіс, жалқылау, айырыңқы әдіс, жалқылаулы-жалпылау, айырыңқы-жиырыңқы әдіс, көрнекілік әдіс деген қазақша ғылыми аталымдарын(терминдерін) да тұңғыш қолданысқа енгізген де Ахаң. Бір ғажабы ғалым әрбір әдістемелік пікірін өзге алуан тілдің ерекшеліктерімен, қолдану тарихындағы тәжірибелерімен салыстыра қараған.

Демек, А.Байтұрсынұлының әдіскер ретіндегі жазған ғылыми әдістемелік еңбектерінің дүниеге келуі, олардың баспасөз бетінде жариялануының бір парағы осындай. Ал осынау әдістемелік нұсқау, көмекші құралдарының, мақалаларының құрылымы, көтерген мәселесі қандайлық деңгейде екендігі – өз алдына кең көлемді әңгіме.

Қорыта айтсақ, Ахмет Байтұрсынұлы – халқымыздың дарабоз, бірегей тұлғасы. Демек, тұлғаны терең тануымыз керек. Ал, қазақ ғалымдарына сүйене айтсақ, тұлғаны тану дегеніміз – алдымен оның туған халқын, өмір сүрген дәуірін, еңбек еткен ортасын, айналасын тану, буын-буын келер ұрпақ тәрбиесі үшін өнегелі мәні, маңызы зор халқына тұлға, тұтқа ретінде атқарған ұлы тарихи миссиясын ашып көрсету. Десек те, Ахаңның сом тұлғасы, атқарған қыруар ісі, халқына сіңірген еңбегі дәл осындай кең көлемді контексте, белгілі бір жүйеде әлі жете танылмай келеді. Жинақтай айтар болсақ, бұл ретте, біріншіден, таразылау нысаны болар замандастарының Ахмет Байтұрсынұлына берген бағалары десек, екіншіден, Ахаң мұрасының бүгінгі таңдағы зерттелу жайы, үшіншіден, А.Байтұрсынұлы еңбектерінің қазіргі таңдағы талдаулармен үндестігі, сабақтастығы.

Ал бұтарлай үңіле түссек, ахметтану баспалдақтары сапына алғашқы кезекте төмендегі мәселелерді аша, анықтай түсуді қосар едік:

  1. А.Байтұрсынұлының қоғам қайраткерлік қызметіне қатысты кезеңін қосымша деректермен толықтыра түсу қажеттілігі айқын сезіледі. Әсіресе, Ахаңның қазақ мемлекеттілігін қамтамасыз етуде өлшеусіз еңбек сіңіргендігін кейінгі ұрпаққа таныту. Мәселен, қазақ автономиясын құру, бөлшектеліп, кеткен қазақ жерін түгендеу, аштарға көмек ұйымдастыру, халық ағарту саласын жүйеге келтіру, қазақ мектептерін оқу құралдарымен қамтамасыз ету, тіл саясаты мен қазақ тілінің мәртебесіне ден қою, т.б.
  2. Ғалымның 150 жылдық мерейтойы тұсында оны тіл маманы ретінде әр қырынан жан-жақты тани түсу де парыз болмақ. Осы тұрғыдан келгенде Ахаң мұрасы әлеуметтік лингвистика ғылымы саласынан арнайы зерделеуді қажет етеді. Бұл – Ахаңның тілді қарым-қатынас құралы ретінде орнына, тіл саясатына, тілдің әлеуемттік қызметіне (жазуды жетілдіру, қазақ тілін дамыту, ұлтты дамыту, терминдерді жаңарту, кірме сөздерге қатысты көзқарас, дұрыс емле түзу мәселесі т.б.), қазақ тілінің таза сақталуына, тілдердің байланысына, тіл болашағын болжауға қатысты ой-түйіндерінің астарына үңілу деген сөз.
  3. Академик З.Қабдолов Ахаңның әйгілі «Әдебиет танытқышын» (1926) біздің жыл санауымыздан 326 жыл бұрын Эллада елінде жарық көрген Аристотельдің «Поэтикасымен» теңдес сөз өнерінің болмысы мен бітімін жүйелі байыптайтын қазақ топырағындағы тұңғыш теориялық зерттеу ретінде бағалайды. Сөзсіз, бұлардың «бірі – грек әдебиетінің, екіншісі – қазақ әдебиетінің алғашқы әліпбилері». Осы түйіндерге жапсарлас айтар болсақ, Ахаң қалыптастырған әдеби-теориялық терминдерге аса жауапкершілікпен қарау мәселесі күн тәртібінде. Яғни, Ахаң терминдерін жапа-тармағай жіпке тізе бермей, таңдау, талғау, талдау нәтижесінде екшеу, елеу, іріктеу, сұрыптаудың қажеттілігі.
  4. Ахмет Байтұрсынұлы еңбегінің маңызды бір саласы – қазақ тілін оқыту әдістемесіне байланысты зерттеулерінің ғалымдар тарапынан аз ескерілетіндігі. Ендеше, А.Байтұрсынұлының өз заманындағы әлемдік дәрежедегі ірі әдістемеші ғалымдардың еңбектерімен жетік таныс болғандығын, әлемдік деңгейдегі әдістеме теорияларымен қаруланып қана қоймай, оған сын көзімен қарап, пайдалысын әліппе, оқулық жазғанда қолдана білгендігін ескеру қажет. Сондай-ақ, А.Байтұрсынұлы әліппесінің, оқулықтарының әдістемелік негізін талдап беру, оның қазіргі кездегі оқулықтарды жазуда қолдану орнын көрсету, пайдалы жақтарын анықтау, дәлелдеу келешекте оқулықтардың сапасын арттыруға әсер ететіндігін білу. А.Байтұрсынұлының әдістемелік терең білімі, мұғалімдік тәжірибесі, оны қорыта білу қабілеті оқулықтарының әдістемелік негізде жазылуын ғана қамтамасыз етіп қоймай, оның әдістемелік ғылыми еңбектер жазуына негіз болғандығын тану.

Қысқасы, ғылымның дамуына орай ахметтану сатыларын соза беруге болар. Біздің тарапымыздан айтылғандары бірер бастылары ғана.

Абат ҚЫДЫРШАЕВ, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің«Рухани жаңғыру» институтыныңдиректоры,педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button