Жаңалықтар

ҰЛТ ЖОСПАРЫ – ЕЛ МҰРАТЫ

Кеше ҚР Президенті жанындағы Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған  Ұлт жоспарынан туындаған «100 нақты қадам» бойынша  жүзеге асырыла бастаған  іс-шаралар жайында егжей-тегжейлі айтылды. 

Өмір сүру сапасын өрлетеді

Елдік мұратымызды, мемлекетіміздің келешекке көзделген даму жолын айқындаған Ұлт жоспарының жүзеге асырыла бастаған қадамдары туралы әңгімені бастаған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева қазақстандықтар Ұлт жоспарын жүзеге асырудан туындайтын мүмкіншіліктерді білуі тиіс екенін айтты. Осы орайда «Ұлт жоспарының табысты жүзеге асырылуы Қазақстанға дамудың жаңа деңгейіне көтерілуге, экономикалық өсім үшін қолайлы жағдай жасауға және барша қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ұлт жоспары келешекте ел тұрғындарының өмір сүру деңгейін бүгінгі таңда өркениетті елдерде орын алып отырған жоғары өмір сүру деңгейі мен стандарттарына сәйкестендіруге бағытталған» деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары.

Дариға Назарбаева биылғы жылдың басынан бері Қазақстан жаңа құқықтық және институттық орта жағдайында өмір сүріп жатқанын, осы орайда 59 заң мен 400-ден аса заңнамалық актілер қабылданғанын, атап айтқанда мемлекеттік қызметке іріктеудің үш сатылы жүйесіне көшу жүзеге асырылғанын, командалық ауыс-түйістің доғарылғанын, сонымен қатар нәтижеге сәйкес жалақымен қамтамасыз ететін әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді бағалау әдісі енгізілгенін жеткізді.

Инвесторға икемді қызмет

ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Ұлт жоспары аясында жүзеге асырылып жатқан индустриалдық реформалардың нәтижелері туралы баяндап берді. «Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарына сәйкес келетін инвестициялық ахуалды қалыптастыру үшін 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап инвесторларға 350-ден аса мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған «бір терезе» қызметі іске қосылды. Инвесторларды тарту мәселелері жөніндегі үкіметтік кеңес құрылды. Осыған ұқсас кеңестер әкімдердің басшылығымен барлық өңірлерде құрылып, халыққа қызмет көрсету орталықтарында инвесторларға қызмет көрсету секторлары іске қосылды» деді министр сөз басында.

Елдің экономикалық саласына жауапты министр, сонымен қатар фармацевтика, агроөнеркәсіп, тау-кен өндірісі, металлургия, химия және құрылыс материалдары өндірісі бойынша 2,2 млрд.АҚШ долларына 16 жоба тарту мен іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілгенін атап көрсетті.

Қазақстан құрылыс саласында еурокод жүйесіне көшуді бастайды. Министрдің айтуынша, құрылыс саласында бастапқы рұқсат беру құжаттарын беру мерзімдері 40 күннен 17 жұмыс күніне дейін, эскизді жобаны келісу 60 күннен 15 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Ал құрылыстың басталуы туралы хабарламаны бір күн ішінде электронды түрде беру қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, сараптамалық жұмыстардың реті едәуір жеңілдетілген.

Елімізде сыртқы сауданы жүргізу рәсімдері де жеңілдетілді. Атап айтқанда, экспорттық-импорттық операцияларды жасау кезінде құжаттар саны қысқартылып отыр. Қаржы министрлігі Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, посткедендік ресімдеу бойынша «300 ірі салық төлеушіге арналған жасыл дәліз» ілкімді жобасын іске асырған.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы халықаралық 3 қаржы орталығымен ынтымақтастықты бастаған. Атап айтқанда, Дубай қаржы орталығы, Лондон-Сити британдық корпорациясымен және Катар қаржы орталығымен іскерлік қарым-қатынас орнатылған.

Сот жүйесі жаңарады

Баспасөз мәслихатында заңның үстемдігін қамтамасыз ету бағыты бойынша реформалады іске асыру туралы ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Марат Бекетаев баяндап берді. Елімізде өткен жылмен салыстырғанда азаматтық іс жүргізуде прокурордың қатысуы 35 пайызға қысқарған. Сонымен қатар, жеке сот орындаушылардың уәкілеттіліктері де айтарлықтай кеңейген. Осы ретте М.Бекетаев «Жыл басынан бері өткен екі жарым ай уақытта жекеменшік сот орындаушыларға 250 мың іс түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі есе артық көрсеткіш. Ал, өз кезегінде, мемлекеттік сот орындаушыларға осы жылдың екі айында өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда төрт есе кем, яғни, 47 мың іс түскен. Үш жыл ішінде мемлекеттік сот орындаушылардың саны 70 пайызға қысқартылады» деп атап өтті. Бүгінгі таңда елімізде сот ісін ашық өткізу мақсатында сот залдарындағы процестерді бейне және таспаға жазуға мүмкіндік беретін жаңа жүйемен жабдықтау жұмысы жалғасуда. Қазір осындай жүйемен сот залдарының 75 пайызы жабдықталған. Бұл бағыттағы жұмыс жыл соңына дейін толық аяқталатын болып отыр.

Бірлік пен келісім

Ұлт жоспарының төртінші бағыты бойынша Қазақстан халқы Ассамблея­сы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов әңгімелеп берді. Біздің елімізде, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымында халықтың бірлігі мен келісімі әрқашан басымды қағидат болып келеді. Осы орайда Ұлт жоспары аясында ел ішіндегі бірлік пен біртектілікті қалыптастыру мақсаттары қойылған. Бүгінгі таңда осы мақсаттарды жүзеге асыру бағытында 33 нормативті акт қабылданған. Парламент деңгейінде бес заң қабылданды. Мемлекет басшысының бес Жарлығы мен Үкіметтің он екі қаулысы қабылданып, алға қойылған мақсаттардың жүзеге асырылуына негіз болуда. Бұл тұрғыда жаңа қоғамдық сананы қалыптастыру және қазақстандық мәдениетті нығайту шараларын жүргізуде Қазақстан халқы Ассамблеясы жетекші рөл атқарып отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел келешегін айқындаушы ретінде ұсынған және бүгінгі таңда жүзеге асырылып отырған Ұлт жоспары барша қазақстандықтардың өмір сапасын жоғары деңгейге көтеруді мұрат тұтқан даңғыл жолдың бастамасы. Игілікке бастаған ұлы жол қазақ елін өркениеттің өріне шығарады деп сеніммен қараймыз. Елімізде жүргізіліп жатқан серпінді істерге қарап осылай айтамыз.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button