ТағзымТалайғы тарихТаным

Ұлтты сілкіндірген сәт еді

Тәуелсіз ел болудың жолы сан қилы. Қазақ үшін азаттық – ата-бабаңнан мирас болып қалған, кіндік қаның тамған атамекен, ата жұртыңның амандығы. Ел қорғау – жер қорғау. Тәуелсіздігіміздің көк байрағының желбірегеніне де, міне, 30 жыл. Өркениетті елдердің көшіне ілігіп, дамыған мемлекеттермен тереземізді тең етеміз деп ұмтылып жатқанымыз да негізсіз емес. Бүгінгідей күндеріміз үшін талай ғасырлар бойы ата-бабаларымыз қанды жолға тәуекел етіп басын тікті. Сондықтан да бүгінгіні кешегінің жалғасы, өткеннің салдары болашақтың себепшісі деп білген жөн. Өмір диалектикасына жүгінсек, ғайыптан пайда болатын ештеңе жоқ: кешегі мен бүгінгі, бүгінгі мен ертеңгі – бәрі де бір-бірімен табиғи да, тарихи тұрғыдан да байланысты.

[smartslider3 slider=784]

Тарихымызда тәуелсіздік үшін қан төгілген ұлт-азаттық қозғалыстар мен көтерілістер бір-екі күндік іс-әрекет емес, халықтың көп жылдар бойы ішінде жүрген ұлы арман – тәуелсіз ел болудың ұмтылысы.

Тарихқа қиянат жүрмейді. Халқымыздың бостандығы, еліміздің тәуелсіздігі үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, халқым, ұлтым деп отқа түскен боздақтар – ұлтымыздың мақтанышы, ар-ожданы, бүгіннің айнасы.

Кез келген халықтың маңызды ескерткіші – оның тарихы. Ал 1456 жылы Қазақ Ордасының құрылғанынан бүгінге дейінгі аралықтағы тарихымыздың ақтаңдақ қалған жерлерін анықтап, оның ақ-қарасын айыру – біздің міндетіміз. Шындап келгенде, 1991 жылы тәуелсіздікті аса үлкен шығынсыз жариялауымыздың түп тамырында 1721-1757, 1837-1846, 1916, 1979, 1986 және басқа жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыстар, көтерілістер жатыр. Жалпақ жұрттың мүддесі үшін шындық пен қатердің бетіне қаймықпай тура қарап, дұрысын, ағын айтпасақ, керенау кемшіліктерге кездесе береміз. Ұлттық зейіннің күш-қуатын күшейту де, жаңа қазақ тәрбиелеу де, еліміздің болашағы үшін парықты пайым, парасатты пікір айту да күмәнға айналады.

Осындай ұмытылып бара жатқан ақтаңдақтың бірі – 1979 жылғы маусым айында болған қазақ жастарының неміс автономиясының ашылуына қарсы көтерілісі.

Кеңес өкіметі Қазақстанның бес облысынан құрылған тың өлкесін Ресейге қоса алмағанмен, мұндай сұрқия ойларынан әлі де арыла қоймады. Қазақ жерінің тұтастығын бұзып, болашақта федеративтік құрылым жасау үшін неміс автономиясын ашпаққа шешім қабылдады. Бұл сұрқия саясат іске асса, ұйғыр автономия­сын құру, оңтүстіктегі мақталы аудандарды Өзбекстанға қосу оңайға түсер еді.

Аштыққа да, жоққа да көнген қазақ халқы сонау бағзы заманнан бері найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғалып, ата-бабадан мұра болып келе жатқан жер-­анасына ауыз салғанға шыдап тұра алмады. Көп зұлымдық, көп қорлықтан мына зорлық ұлт ішіне тас шемендей қатып, ел жүрегін ыза кернеді. Онсыз да ұлттық құндылықтарын жоғалтып, қоғамының қаймағы сылынып, рухы бұзылып, орны толмай отырған ел бірден көтерілді. Әсіресе студент жастар күреске белсене араласты.

Қазақ жерінен неміс автономиясын ашу жөнінде Орталық Комитеттің жасырын қаулысы 1979 жылдың 31 мамыр күні шықты. Жалпы Кеңес Одағында 1979 жылғы санақ бойынша 2,5 миллион неміс ұлты болды. Оның 900 мыңнан астамы Қазақстанда шоғырланды.

Ол кезде қазақтардың жалпы санының 6 миллион екенін, неміс автономиясы ашылатын жерлерде тың игеруден кейін өзгерген ара салмақтың кесірінен 20 пайыз ғана болғанын ескерсек, ұлт болашағының қиындайтыны сөзсіз еді. Қазақстан басшылығы қаулыны орындауға шұғыл кірісті. Неміс облысын ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып Қазақстан компартиясының екінші хатшысы Коркин сайланды. Бұл шенеунік 1959 жылы Теміртау көтерілісі кезінде қатыгездікпен көзге түскен «Металлургстрой» тресінің бастығы болатын. Неміс автономиялық облысын ашу жөнінде қазақ халқының пікірімен ешкім санасқан жоқ. Ол жөнінде құпия қаулымен Орталық Комитеттің мүшелері ғана алдын ала танысты. 15 маусымға дейін Коркин Қазақстандағы барлық министрлік басшыларымен Ерейментау қаласында болып, құрылыс жүргізу, әкімшіліктерді орналас­тыру жұмысын бастап та кетті. 1979 жылы 15 маусымда Д.Қонаев Мәскеуге неміс автономиясының шекарасы және басшы кадрлары жөнінде Қазақстан компартия­сының ұсынысын жолдады. Ата-бабасынан қалған қасиетті жерінен айырылатынын естіген жастар 16 маусымда Целиноград қаласында ереуілге шықты. Олар Целиноград, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар облыстарының жері есебінен ашылатын неміс автономиясының құрылуына қарсы болды. Бөгенбай батырдың қыстауы – Ерейментау қаласының Ассельборн аталуына жол бергісі келмеді. Қазақ жастары «Менің елім», «Менің жерім», «Менің Қазақстаным», ­«Ата-баба жерін бөлгізбейміз, ешкімге бермейміз» деп жаппай көтерілді. Биліктің қорқытқан өктем сөзі де, милицияның шоқпар таяғы да жастарды тоқтата алмады.

Елінің амандығы, жерінің бүтіндігі үшін қазақтың ұл-қыздары ештеңеден қайтпады. Жігерленді, ұлты үшін отқа түсуге дайын екенін көрсетіп, көшеге шықты. Әсіресе, қаршадай қазақтың жас қыздары қайтпас қайсарлықтың, көзсіз ерліктің үлгісін көрсетті. Қазақ қыздары қашанда қанына тартпай тұрмайды. Олар батыр аналарының өмірлерінің жалғасы екенін танытты.

Целиноград қаласындағы облыстық партия комитетінің алдындағы алаңға мыңдаған қазақ жастары жиналып: «Қазақстан біртұтас», «Қазақ жерінен неміс автономиясы ашылмасын» деп ұрандады.

Облыс басшылары, Мәскеу мен Алматыдан келген жауапты қызметкерлер тұрған мінбеге кезек-кезегімен барып қазақ, орыс тілдерінде өздерінің қарсылықтарын ашық айтты. Жан-жақты қоршаған милиция, КГБ қызметкерлерінен тайсалған ешкім жоқ. Әсіресе Ерейментау ауданының тумасы, студент Алтыншаш Бейсембаеваның сөзі жастарды рухтандырып жіберді. Ол сөзінің соңында Отанына, еліне деген сүйіспеншілігін былай білдірді: «Ерейментау – қасиетті, киелі өлке. Бұл жер үшін біздің Бөгенбай батыр бастаған ата-баба­ларымыз қан төгіп, жауларымыздан қорғады. Қазақ халқы тірі тұрғанда бұл жерді ешкім де ала алмайды. Қасық қанымыз қалғанша соғысамыз. Ел үшін, жер үшін жан пида. Неге біздің өкімет неміс ұлтына тарихи отанына кетуге рұқсат бермейді? Әйтпесе бұрын тұрған Еділ бойындағы мемлекеттік құрылымын қайта орнына келтіріп ашсын. Қазақ жерінен неміс автономиясының құрылуы жөнінде Жарлық шыққан күні осы алаңға келіп, үстіме жанармай құйып, өзімді өртеймін. Кіндік қаным тамған туған жерімнен айырылғанша өлгенім артық. Менің жаным – туған жерімнің садағасы».

Алтыншаштың сөздері алаң­дағы жастардың рухын жанып жіберді. «Қазақ жерін бөлуге жол бермейміз», «Бөлінбеген, біртұтас Қазақстан жасасын», «Жалпыхалықтық референдумды талап етеміз» деген ұрандар Ленин алаңын жаңғыртып жіберді. Жастардың бойындағы намыс пен өрлік қайнап, рухтарының тұғыры биіктей түсті. Ұрандар қазақша әндерге ұласып тұрды. Қала Целиноград болғалы қазақ әндері Ленин алаңында алғаш рет орындалды.

Жігерленген жастар ештеңеден тайсалмай, көкейіндегісін айтты. Іштеріндегі өкіметтің саясатына қарсы жиналған келіспеушіліктерін сыртқа шығарады. Әділдік іздеді, тыңдаса деді. Бейбіт шеру тек орталық Ленин алаңында ғана емес, Бейбітшілік, Жеңіс даңғылдары бойында, теміржол вокзалының қасында да өтті. Жазушы-журналист Амантай Кәкеннің зерттеуінше, бірінші күннің өзінде Ленин алаңына бес мыңнан аса қазақ жастары жиналған. Компартияның тың игеру отаршылық саясатының кесірінен небәрі жиырма пайыз құрап, азшылықта отырған солтүстік облыстардағы қазақ ұлты үшін бес мыңнан аса жастардың бір мезгілде ереуілге шығуы көзсіз ерлік еді. Ереуілдің негізін қаладағы төрт институт, жиырма шақты техникумның студенттерімен бірге Целинсельмаш, Қазсельмаш, газ аппараттарын жасау зауытының жастары құрады. Ереуіл 18-19 маусым күндері Көкшетау, Қарағанды, Павлодар қалаларында жалғасып, кең етек алды. Ел дүрлікті. Қазақтың жуас­тығын, ақ көңіл ашықтығын пайдаланған өкімет коммунистік моральді орнықтырып, ойына келгенін істеп бағып еді. Бірақ аққан суға да тоқтау бар, шыдамның да шегі барын ескермеген билік халықтың қарсылығына тап болды.

Ереуілшілер өткеннің олқы­лығын, жіберген ыза-кегін қайтарғылары келді. Қазақтың жер тұтастығы үшін өмір таразысына барын салып, халқына адал қызмет еткен басшылар еске алынды. Шымкент облысының ең құнарлы үш ауданының Өзбекстанға белден басылып берілгені ұмытылмаған. Алматы облысынан ұйғыр автономиясын ашпақ ниетті іске асыру үшін Юсуповтың компартияның бірінші хатшысы қойылғаны да айтылды. Әсіресе тың өлкесі ашылып, Ресей Федерациясына Қазақстанның бес облысын қос­пақшы болған Хрущевке қарсы шы­ғып, қуғындалған Тәшеневке ри­­за­шылықтарын білдіріп, еске алды.

Неміс автономиясына қарсы көтеріліс қандай қайғы-қасірет, рухани күйзелістерді бастан кешірсек те, ұлттық құндылықтарымызды, ұстаным мен тұтастығымызды сақтай алатындығымызды көрсетіп берді. Ұлт болып ұйып, жұдырықтай жұмылсақ алмайтын қамалымыз, орындалмайтын арманымыздың жоқ екенін дәлелдей түсті.

Ақмола-Ереймен көтерілісі «дамыған социализм» кезіндегі компартияның шешіміне қарсы шыққан бұрын-соңды болып көрмеген тарихи оқиға болды. Ал тарихтағы осындай көтерілістер ұлттық идеяның сарқылмас қайнар көзі екені белгілі. Ұлттық идея – тарихи қажеттіліктен қоғамдық болмыс болып қалыптасатын құдіретті күш. Көтеріліс барысында ұлттық рух күшейе түсті.

Бұқара халықтың ашу-ызасынан қаймыққан коммунистік билік қазақ жерінен неміс автономиясын құру әрекетінен бас тартуға мәжбүр болды. Коммунистік идеология жеңіліс тауып, кеңес өкіметінің масқарасы шықты. Л.Брежневтің Германия канцлері В.Брандтқа неміс автономиясын ашуға берген уәдесі орындалмай қалды. Неміс автономиясын ашу кеңес өкіметі үшін Батыстың дамыған мемлекеттерімен тіл табысып, экономиканы құлдыратпау үшін несие алудың соңғы мүмкіншілігі болатын. Бұл мүмкіншілікті қазақ жастарының көтерілісі құрдымға жіберді. «Қырғи-қабақ» соғысы шиелене түсті. Елде экономикалық, саяси дағдарыс етек ала бастады. Батыс мемлекеттері бірігіп, Кеңес Одағының Ауғанстанға әскер енгізгенін сылтауратып, экономикалық санкциялар жариялады. 1980 жылғы Мәскеуде өтетін Олимпиада ойындарына қатысудан бас тартты. Текетірес күшейді.

Жастардың көтерілісі әлемді дірілдетіп тұрған кеңес өкіметіне, барлық социалистік жүйеге қарсы шара болды. Олар әділдікті айтып, елін, жерін қорғағаны үшін қуғындалды. Танауы иіс сезгіш қызыл империяның қасапханасының қара қазанына түсті. Қуғын-сүргіннен аман қалғаны аздай, оқудан шығарылып, жұмыстан босатылды. Түрлі сылтау тауып, қылмысты істер қозғады.

Ал жастардың көтеріліске бірден шығуына, күшті рухани дайын­дықпен келуіне «Жас тұлпар» қозғалысының әсері зор болды. Өткен ғасырдың 60-70-жылдары «Жас тұлпар» қозғалысының ықпалымен республикамыздың барлық аймағында жасырын ұйымдар құрылып, тәуелсіздік үшін күрескенін білеміз. Олар өз шама-шарықтарына қарай ұлт-азаттық көтеріліске араласты. Құрбы-құрдастарының ой-өріс­терін кеңейтіп, ұлттық зейіннің ­күш-қуатын күшейтті. Қарағандыда «Жас қазақ», Қостанайда «Жас түлек», Өскеменде «Тайшұбар», Гурьевте «Ұшқын», Павлодарда «Жас ұлан», Целиноградта «Тың тұлпар», «Оян, қазақ», Шымкентте «Адыр қасқырлары», Алматыда «Сарыарқа» ұйымдарының болғаны – соның айғағы. «Жас тұлпар» қозғалысы – тарихымыздағы азаттық үшін күресіміздің үлкен бір белесі. Ол неміс автономиясының құрылуына жол бермей, ұлтымыздың намысын жанған жастарға да рухани азық бола алды.

Біз тарихи оқиғаларды сараптағанда әлеуметтік-экономикалық мәселелерге көп көңіл бөлеміз. Қозғалыс, көтерілістердің болуын тұрмыс, әл-әуқат деңгейімен өлшеп-талдаймыз. Бұл – шектелу, біржақтылық. Дұрысында, бұқара халықтың жаппай бой көтеруінің астарында тарихи-дәстүрлі ұстаным бар. Ол – ұлттық құндылықтарымызды, бірегейлігімізді сақтаудан шығатын қағида.

Жастардың ұлтына деген сүйіспен­шіліктері қоғамдық санаға да серпіліс тудырды. Олар өздерінің өсу деңгейі, мәдени биіктігіне сай заманы арқалатқан жүкті межелі жеріне жеткізе алды.

Сол 1979 жылғы Ақмола-Ереймен көтерілісінің жеті жылдан кейін Желтоқсан көтерілісіне ұласуы – заңды құбылыс. 1986 жылғы 16-18 желтоқсан күндеріндегі Л.Брежнев алаңындағы көтеріліс 20-22 желтоқсан күндері Целиноград, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар қалаларында жалғасуында да тарихи сабақтастық бар. Екі көтерілісте ұқсастық көп. Ең бастысы – ұлттық рухтың ояну көрінісінің ұқсастығы. Екіншіден, бір күнде халықтың жүрегінің түкпіріндегі арманын ұранға айналдыра алулары. Үшіншіден, бір түнде ұрандар, үнпарақтар дайындап үлгеріп, көпшілік жұрттың көтерілуі. Төртінші ұқсастық – тәртіп бұзуға жол бермей, бейбіт шеру өткізулері.

Неміс автономиясына қарсы көтерілістен кейін қазақ халқы өзгерді. Ұлттық құндылықтар қадірлене бастады. Социалистік идеологияға күмәнмен қарау әдетке айналды. Ең бастысы ұлтының келешектегі даму бағыты мен танымдық рухын құрмет тұтуға ұмтылыстар жасалды. Ұлтшылдық, елжандылық сезімдері күшейіп, ұлттық сана бой көтерді.

Жалпы өршіл рухтан өлмес ерлік туады. Қазақты қазақ қылған Желтоқсан көтерілісі кенеттен стихиялы туған іс-әрекет емес. Бұл көтеріліске халық іштей, рухани дайын болды. Әсіресе жастар көтеріліске шығып айбар көрсетсе, биліктің қаймығатынына 1979 жылғы Целиноград-Ерейментау көтерілісінен көріп рухтанды. Бірікті. Жеті жылдың ішінде қазақ жастарының болмысы түбегейлі өзгерді. Ұлттың болмыс-бітімін көрсететін патриот­тық сезім, рухани өзек күшті қарқынмен қалыптаса бастады. Қазақ жастары 1986 жылы Отаны, ұлтының болашағы үшін жан аяспас күреске дайын болды. Желтоқсан болмаса, басқа көтеріліс болушы еді. Өйткені олар тәуелсіз елде өмір сүргенде ғана дамитынына, өсе алатынына көз жеткізді. Сөйтіп, қазақ жастары кеңес өкіметінің құлауына ғана емес, адамзаттың «қызыл індеттен» құтылып, өркениет көшіне алаңсыз көшуіне септігін тигізді.

Халықтың аузын құлыптап, ойын көгендеп, еркін шідерлеп ұстаған тоталитарлық коммунистік режимге алғашқы соққы беріп, негізін шайқалтқан да осы Қазақстандағы көтерілістер. Біз тарихымызға сол жастардың көзқарасы, іс-әрекетімен қарасақ қателеспейміз. Бұдан бүгін ғана емес, болашақта да адалдықтың, патриоттылықтың, тазалықтың, зиялылықтың құ­йындысы ретінде қарастырып, үлгі аларымыз сөзсіз.

Болашақта қазақ болу, қазақша сөйлеу, қазақтың ән-жырын айту, қазақша жөн-жоралғы өткізу әлеуметтік мәртебе болсын десек, Ақмола-Ереймен көтерілісіне тарихтан алатын өз орнын көрсетіп, бағалауымыз керек.

Адам өткенге қарап өседі, бүгінгіге қарап бой түзейді, болашақты болжап күн кешеді. Шындықты, азаматтық қасиетті қадірлей білу, өмірдің көрсетіп келе жатқанындай, жеке адамның тағдырына ғана емес, бүкіл ұлттың рухани дамуына, адамгершілік пен парасаттың салтанат құруына тікелей қатысты.

Жастар неміс автономиясының құрылуына қарсы көтеріліс барысында ұлттық ой-санамызды оятып, мемлекеттік деңгейде ойлауымызға ықпал жасады.

Ұлы істер, үлкен бетбұрыс­тар, елдің тәуелсіздігі ешқашан ешкімге оңай түскен емес. Күнделікті тірлік, қиыншылық, пендешілік бір бөлек те, ұрпақтың ертеңін талай ғасырға жорамалдап, оған дұрыс бағыт беру, соған негіз салу мүлде басқа. Оған оттан ыстық Отанға деген сүйіспеншілікпен бірге жан аямас күрес, күшті ұлттық рух керек.

Өз ұлтының кешегі тарихын білмеген, болашағын ойламаған адамның қоғамнан дәрежелі орын алуы күмәнді. Кешегісін жоғалтқан келешегіне несімен бармақ?! Өткенін мансұқ көрсе, өркені неден өспек?!

Біз бүгін ұлттық зейіннің күш-қуатын күшейтпесек, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбие­лемесек, еліміздің болашағы күмәнді, бұлдыр болары сөзсіз.

Қазақ қашанда батыр бабаларын төбесіне көтеріп пір тұтып, ұрпағын сол рухта тәрбие­леген. Сондықтан ұлт, халық, өркениетті ел боламыз десек, әлемді қайран қалдырған қазақ жастарының өжеттігі, намысқойлығы тәуелсіз елімізде елеусіз қалмауы керек.

Қазақ жерінен неміс автономиясын ашуға жол бермеген қаһармандарға көтеріліс болған кешегі Целиноград – бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласында ескерткіш орнатылса, бұл тарихқа тағылым болар еді.

Әміржан ӘЛПЕЙІСОВ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button