Ұлтты сүюге үндеген
Алаш ардағы, қайраткер-қаламгер, ақын-аудармашы Һәм ұстаз-ғалым Жүсіпбек Аймауытұлы – қоғамдық қызметімен қатар, қазақ руханиятын ұлттық мұрат пен елдік мүддеге негізделген, дәстүр мен дін байланысын берік ұстанған, тарих пен таным тоғысын терең таразылаған, білім мен ғылым сабақтастығын сарабдал саралаған, шығармашылық әлемі байтақ, көркемдік өрісі кең, тіл тұғыры мен тәлім-тәрбие арналарына жіті назар аударған – «сегіз қырлы, бір сырлы» дара дарын Һәм талайлы тағдыр иесі.
Ұлт руханиятының көрнекті өкілі Жүсіпбек Аймауытұлы шығармашылығының арналы саласын әдеби-сын мұрасы құрайды. Абайдың ақындық әлемі («Абайдың өнері һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындар»), Мағжанның мұра-мирастары («Мағжанның ақындығы туралы»), театр табиғаты мен тағылымдары («Қалыбек әртіс», «Сауық кеші», «Театр кітабы туралы»), сөз өнерінің сырлары («Әдебиет мәселесі», «Көркем әдебиетті саралау», «Әдебиет мұралары»), әдеби мұра мен оны зерттеудің түйінді тұстары («С.Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына атсалысыңыздар», «С.Торайғырұлының жиналған сөздері»), т.т. әдеби-сын еңбектерінде ұлттық мұрат пен руханият ісінің көкейкесті мәселелері, талант табиғаты мен дара дарынның сырлы сипаттары, ақындық өнердің тарихы мен тағылымы, сахналық туындылардың табиғаты мен жекелеген тұлғалардың тағдыр-талайлары, көркемдік құпиясының мың сан иірімдері терең танылады.
Ж.Аймауытұлының әдеби-сын еңбектері арасында Абай әлеміне айрықша мән-маңыз беріледі. Айталық, «Абайдың өнері һәм қызметі» атты мақаласында ақын өмірі мен шығармашылығына, ақындық мектебі мен оның айналасына, басты ерекшеліктеріне мән береді. Абайдың үлкен мақсат пен дарын иесі, ой мен сөзден сыр іздеген бітімі бөлек талант екендігі танылады. Ақын ақиқаты, өмірдегі өнердің орны, талант табиғаты мен тағылымы – Абай әлемі, мұра-мирасы аясында бейнелі де бедерлі беріледі. Тіпті: «Абайдың қиялы шалымды, ойы терең, ақыл-білімнің әр тарауынан көкірегінде асыл қазынасы көп».
Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр
«Абайдан соңғы ақындар» атты мақалада ұлттық поэзияның жай-күйі, даму бағыт-бағдарлары мен көркемдік мұраттары, өзіндік өзгешеліктері сөз етіледі. Өлең сөзге қойылатын талап-шарттар мен өлеңші төңірегінде көзқарастарға да кең орын беріледі. Өлең-өнердің дамуы мен ондағы жаңашылдық сипаттарға – Абайдың, «Қазақ» газетінің әсер-ықпалы болғаны кеңінен көрсетіледі. Өлең өрісі мен өресі, «сезімге әсер беретін суретті өлеңдер» – Мағжан, Міржақып, Сұлтанмахмұт пен «сырты төгілген, сұлу, тілі кестелі, анық, халықтың ұғымына, оқуына жеңіл» – А.Байтұрсынов, С.Дөнентаев, Ш.Құдайбердиев, Б.Өтетілеуов шығармашылығына зор маңыз беріледі. «Әдебиет бақалшының қоржыны емес» екені де назардан тыс қалмайды. Қысқасы, Абайдан кейінгі ақындар әлеміндегі артық-кем тұстардың бары мәнді сипат алып, жүйелі сөз етіледі.
Ж.Аймауытұлының «Мағжанның ақындығы туралы» атты мақаласы («Лениншіл жас», 1923, №5) ұлттық сөз өнеріне, өлең-мұраға қояр талап-тілегімен мәнді болып табылады. Мақалада әдеби сынның мақсат-мұраттары, көркем туындыны танып-таразылаудағы шындық сырлары, өлең-өнердің өзіндік өрнектері айқындалады. Мағжан мұрасы, ондағы көркемдік мұраттар, ізденіс арналар, ой мен сөз жүйелері, тіл-стиль сипаттары кеңінен көрсетіледі. Ақын әлемі туып-өскен, тәлім-тәрбие алған орта, өнегесімен сабақтастықта сараланады. Ақындық мұра, өнер өрісі Мағжан поэзиясымен сабақтастықта сөз етіледі. Мағжан мұрасын тану мен талдау тұстарында: «Қазақ әдебиетінде романтизм дәуірі аяқтануға Мағжан көмек көрсетті», «Сентиментализм әсері, әсіресе әйел теңдігіне арнап жазған өлеңдерінде ұшырайды», «Бейнешілердің өлең жазу әдісін Мағжан қазақ әдебиетіне кіргізді» деп түйін жасайды. Сонымен бірге: «…ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, школ (мектеп) ашқан күшті ақын», «Мағжан сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқырлығымен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңлы зарымен күшті… нәзік сезімнің ақыны» деп талант табиғатына еркін енеді. Ақын мұраты мен қалам қуатына, ізденіс пен тақырыпқа, ой-сөз жүйесіне, сыр-сезім иірімдеріне мән береді.
Мақалада Мағжан туып-өскен, тәлім-тәрбие алған ортасы, «Ғалия» медресесіне қатысты білім-білігі, алыс-жақын елдердің әдебиет өкілдерінің (Байрон, Бальмонт, Блок, Гейне, Гете, Пушкин, Фет т.б.) орын-үлестері кеңінен көрсетіледі. Ақынның ұлтшылдық, түрікшілдік бағыттағы ұстанымдары, елдік мұрат-мүдде жолындағы көзқарастары, әлеуметшіл-мәдениетшіл сипаттары, өлең-өнеріндегі орны өзіндік өзгешеліктері жан-жақты ашылады. Көркемдік мұрат пен таным арналарына, шығармашылық шеберлік мәніне назар аударылады. Тіпті: «…Мағжанға сын көзімен қарағымыз келеді. Сын көзі дегенде, біз ғылымның жолын тұтынуымыз керек. Мәдениетті жұрттар жазушыларын, ақындарын қай жолмен тексеріп сынаса, бізге де сол жолды қолдануымыз керек» дегенді де бүкпесіз баяндайды. Тиісті тұста: «…ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп (школ) ашқан күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ. Абайдан соң өлең өлшеулерін түрлендірген тағы да Мағжан» деп ақиқатын айтады.
Бұдан басқа, «Журнал туралы», «Қазақтың өзгеше мінездері», «Тәрбие», «Әдебиет мәселесі», «Көркем әдебиетті саралау», «Асыл қазына жиналса екен», «Ашық хат», «Әдебиет мұралары», «Көркем әдебиет туралы», «Театр кітабы туралы» т.с.с. мақалалар жүйесінен – асыл сөз арналары, ел әдебиетінің арғы-бергі кезеңі мен тарихнамасы, бағыт-ұстанымы, жазу өнерінің мәні, өлең өлкесі, қара сөз сарасы, көркемдік нәрі, тіл тұғыры, стиль сипаты кең түрде көрініс беріп, жазушы еңбегі мен шығармашылық қазына кең орын алады.
Ал «Ұлтты сүю» атты мақала елдік мүдде тұрғысынан сөз етіліп, әрбір халықтың белгі-ерекшеліктерін назарда ұстап, салыстырып-салғастырып, артық-кем тұстарын көрсету негізінде кең өріс алады. Алғашқы кезекте ұлтты сүю әртүрлі сипатта көрінетінін ел-жер мен жан-жануарларға қатысты салыстырулардан танылады. Олардың қай-қайсысы да өзіндік сезімді алға қоятынын, оны мадақ сезіммен жеткізетінін алға тартады.
Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі, қызметкері» деп ой-пікірлерін емен-жарқын жеткізеді. Қазаққа қатысты тұстарда: жуан ата, жіңішке ата болып бөлінгенін, өзара қиянаты мен зорлығын еске алады. «Жақсы тәртіп, әділ билік орнаса, жуан мен жіңішкенің айырмасы жоғалып кетуі мүмкін» дегенді де бүкпесіз білдіреді. Орайлы тұста: «Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да – оқығандары. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді.
Қадірлейді. Сенеді. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгілі, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті, қызметті оқығандарынан күтеді. Ой түйінінде: «…оқығандар өзін-өзі тәрбие қылу керек. Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өзі ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жиҺат қылуы керек. Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан, мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек.
…Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» деген маңызды жауапкершілікті алға тартады.
Осы реттен алғанда, Ж.Аймауытұлының «Әйелдi мектепке алыңдар» (1924) деген материалында әйел затын ерлермен қатар қою, еңбегiн лайықты бағалау мәселесi көтерiледi. Оларды да жаңа өмiр, тұрмыстың тұтқа-тiрегi дей отырып, азаттық әперу, оқыту iсiне тарту, беделiн, белсендiлiгiн арттыруды мұрат тұтады. Ол жайлы ойын автор былай бiлдiрген «…Бұл күнде Кеңес мемлекетiнiң зор машинасын жүргiзуге еркектер бiр тетiгi болып, қызмет етiп отырса, ондай тетiк болуға әйелге де мүмкiндiк бар. Машинаны жүргiзуге әйелдi жiбермей отырған не? Ол – әйелдiң қара танымаушылығы…» Демек, әйел – ана, еңбеккердiң өмiрден өз орнын табу, оқу-бiлiмге баулу, сол арқылы еңбегiн оңды бағалау, «от басы, ошақ қасы» мiндетiнен босату т.т. белгi, қасиеттерiн ашу шығармадағы басты шындық. Ал келесi бiр шығармасында («Пара алу тоқтала ма?», 1924) автор өмiрдегi келеңсiз, бел алып отырған жайларды, оның өзi мұқтаждықтан, тұрмыс төмендiгiнен, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас, жемқорлық секiлдi жаман, жұқпалы дерт екенiн нақтылы сөз етедi. Шығармада пара алу мен берудiң қылмыс екенiн, соны бiле тұра iстейтiн тоғышар жандардың, уездiк қызметкерлердiң кескiн-келбетi, құлқынның құлы екендiктерi тап басып көрсетiледi. Пара алудың жолы да – қызметтiң өсiп, өзгеруiне, оқуға баланы түсiру мен орналастыруда немесе милицияның жөн-жосықсыз қоқан-лоққысынан құтылудың т.б. бiрден-бiр «қысқа жолы» пара беру, сонымен алдын алып, аузын жабу екенiн жазушы ел өмiрiнен, оның адамдарынан мол мысал, көптеген деректер келтiредi. Әдет – әдет емес, жөн – әдет екенiн негiзгi нысана етедi.
Анығында, Ж.Аймауытұлының әдеби-сын мұрасы сол кезең, уақыттың өзекті мәселелерін кеңінен қозғап, өткір көтереді. Әсіресе, асыл сөздің қырлы-сырлы тұстарына еркін еніп, көркемсөз мәнін, автор мен туынды табиғатын, жанр жүйесі мен көркемдік-эстетикалық құндылықтар сипатын, қаҺарман әлемі мен характер бейнесін, мінез құбылысы мен диалог-монолог қызметін, деталь дәлдігі мен тіл тұғырын, стильдің айшықты-нақышты қырларын т.с.с. кең түрде сөз етеді. Әдебиетті бағалау мен талдау, салыстырып-салғастырулар жасап, осының негізінде әдеби шығармашылық мәнін, жазушы еңбегі мен көркемдік өріс арналарын, сөз байлығы мен қасиетін, тіл-стиль сипаттарын айқара ашады. Ол, әсіресе Абай әлемі мен Мағжанның мұра-мирасы, әдеби шығармашылық пен жазушы еңбегінің алуан арналары, жанр жүйесі мен көркемдік кеңістігі төңірегінде кеңінен көрініс береді. Мұның бәрі – баршасынан Ж.Аймауытұлының іргелі ізденістері, тақырыптық ерекшеліктері, дүниетаным арналары мен көзқарас эволюциясы, біліми-ғылыми бағыты, әдеби-сыни ұстанымы айқын аңғарылады.
Рақымжан ТҰРЫСБЕК, филология ғылымдарының докторы, профессор