Рухани жаңғыру

Ұлтты ұйыстырар ұлағат

Биылғы жаңа оқу жылында Ақтөбеде бес бірдей білім ошағы ашылып, оларға халқымыздың біртуар тұлғалары – Сәбит Дөнентаев, Әлкей Марғұлан, Мәлік Ғабдуллин, Мұқағали Мақатаев және Фариза Оңғар­сынованың есімдері беріліп, ұлтты ұйыстырар ұлағатты іс жасалды.

Осы жан жадыратар жаңалық бізге ой салды. Халқымыз қашанда маңдайы жарқыраған талантқа кенде болмаған. Бірақ… Иә, бірақ біз сол асылдарымызды қадірлеуге келгенде енжармыз. Тіпті кейінгі жылдары әр өңір өзінен шыққан дарындарды ғана дәріптеу белең алды. Бұл жақсы үрдіс емес. Өркениетті елдерде мұндай әдет жоқ. Ұлтқа тұтқа болған тұлғалар – бар қазаққа ортақ. Оларды бөліп-жаруға болмайды.
Сондықтан Ақтөбе әкімшілігін­дегі азаматтардың елдік мүддені бәрінен жоғары қойғаны қуантып отыр. Өйткені біз есімдерін атаған ардақтыларымыздың ешбіреуінің бұл елде кіндік қаны тамбаған. Мәселен, ғұмыры тым қысқа болған дарынды ақын, аты-жөнін тек қана сынып оқулығынан білетін Сәбит Дөнентаев пен архео­логия мектебінің негізін қалаушы, өнертанушы, шығыстанушы ғалым, академик Әлкей Марғұлан Кереку жерінде өмірге келген. Кеңес Одағының Батыры, көрнекті ғалым Мәлік Ғабдуллин көрікті Көкшетаудың Зерендісінде дүниеге келсе, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев Алатаудың етегінде туды. Ғажайып ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза апамыз – Атыраудың перзенті. Енді Мұқағалидың жырларын ақын дүниеге келген Қарасаздың балалары ғана емес, Ақтөбедегі Мақатаев мектебінің оқушылары да жатқа айтады. Фариза апамыз да солай дәріптеледі.
Ойды ой қозғайды. Жалпы, бізде мектепке немесе көшеге есімдерін беретін тұлғаларды сараптау әлі де бір ізге түспеген. Кейде біз кеңестік дәуірде облыс, аудан басқарған, ел ішінде аз-мұз абыройы бар азаматтардың аттарын ағайындықпен оқу ордасы мен көшеге беріп жатамыз. Әрине, олардың да туған жерінің дамуына қосқан үлесі зор болар. Бірақ ұлттық мүдде тұрғысынан алғанда оған басқаша қарайсыз. Ал халық үшін басын бәйгеге тігіп, сол жолда құрбан болған хандар мен батырлар, Алаш азаматтары, ұлттың рухани дүниесін байытқан ғалымдар, қаламгерлер, қысқасы жалпақ жұрт таныған тұлғалар тасада қалып жатады. «Мына кісінің біздің өмірге не қатысы бар?» деген сауал да жиі қойылады. Үлкен тұлғаларды тек өз өңірі, өз ауылы, өз туыс-қандастары ғана ұлықтау керек деген қағидадан құтылмай, ұлтымыз ілгері баспайды. Ақтөбе үлкен өнеге көрсетті.
Көрнекті қоғам қайраткері, Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі, Түркістан автономиясының жетекшісі, ғұмырының соңына дейін азаматтық ұстанымынан таймаған ержүрек азамат, сүйегі Парижде жатқан Мұстафа Шоқайға тәуелсіз туған елінің астанасынан бұйырған көше – елорданың шет жағындағы, бұрын «Промышленный» кенті болған, қазір тұрғын алап. Көшенің ұзындығы – 1108,8 метр. Оның ескі атауы «Перспективный» болған екен. Оның ескерткіші мен көшелері тек Шиелі өңірінде ғана. Шоқай сонда Шиелінің ғана перзенті ме?
Бір жылдары Әлихан Бөкей­ханов пен Ахмет Байтұрсыновқа да бас шаһардан елеусіз көше берілді. Сол кезде зиялылар дабыл қағып, Алаштың екі арысына сол жағалаудағы көрнекі көшелерді беру керек деген мәселе көтерді. Ақыры, бұл талап жүзеге асты. Ал Шоқай көшесі сол қалпынан өзгермеді. Кіндік қалада Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа көшелері қатар жатса қандай жарасымды!
Кеңестік қоғамда барлық үлкен қалалар мен шағын елді мекендердегі басты көшелерге Маркс, Ленин, Киров, Ильич, Энгельс, Коммунистік, Пролетар, Бейбітшілік секілді қызыл қайраткерлер есімдері мен қызыл империяға жақын атаулар берілді. Сол шақта бұл бұлжымас заңға, қағидаға айналды. Мәселен, өзім Ақмолаға алғаш табаным тигенде, қаланың басты әрі үлкен көшесі Карл Маркс атында болды. Үйреншікті, Алматы, Қостанай, Арқалықта да солай. Кейін ол көше Кенесары бабамызға берілді. Біз де осы үрдісті өткеннің «қалдығы» санамай, жаңғыртсақ қалай болады? Ұлт тарихында аттары тасқа қашап жазылған тұлғалар мен алыптарымыздың арнайы комиссия тізімін жасап, соларға басты көшелерді беру туралы ұйғарым қажет. Сонда көшеге талас, артық сөз тыйылар. Бұл – біздің жеке ұсынысымыз. Әйтпесе, іздеушісі жоқ жампоздар есімдері елеусіз қала береді. Айтпақшы, сөз Ақтөбеден шығып еді ғой. Енді солардың өнегесі бар өңірге үлгі болса екен дейміз!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button