Ақтаңдақтар ақиқатыБасты ақпарат

Ұлттық баспасөз қалай қуғындалды?

1917 жылдың 27 қазанында, яғни төңкерістен екі күн өткен соң, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы В.И.Ленин «Баспасөз туралы Декретке» қол қойды. Келесі күні Декрет «Правда» газетінде жарияланды. Жаңа Үкіметтің тұңғыш заң актісі болған бұл құжат – жаңа билік үшін баспасөздің қандай маңызды екенін айғақтады.

«Баспасөз туралы» Декрет «ашық қарсыласуға немесе үкіметке бағынбауға шақыратын, фактілерді бұрмалап жала жабумен айналысатын, қылмыстық сипаттағы әрекеттерді жасауға шақыратын баспасөз органдары жабылуға тиіс» деп оппозиция­лық мерзімді басылымдарды қуғындауға жол ашты. 1918 жылдың ақпан айында Халық комиссарлар кеңесі «Революциялық баспасөз трибуналы туралы» Декрет қабылдады. Трибуналдың «баспасөзді қолдану арқылы адамдарға жасалған қылмыстар мен әрекеттер» үшін үкім шығаруға, барлық саяси құқықтарынан айыруға дейін баратын әртүрлі жаза қолдануға құқығы болды.

Тәжірибе көрсеткендей, трибунал жаңа билікті қанағаттандырмайтын барлық редакторлар мен журналистерден редакцияны тазартудың жолдарын қарас­тырды. В.И.Ленин және оның жақтастары оппозициялық басылымдарға сенімсіздікпен қарады. «Буржуазиялық баспасөздің өтірігіне қарсы», «Жаланы жоққа шығару», «Өтірік теңізі» деген сияқты рубрикалар пайда болды. Большевиктер еркін ойлы баспасөзді жойып, төңкерістен кейінгі екі жылдың ішінде ресми билік пен партиялық саясатты насихаттайтын өз баспасөзін қалыптастырып, елдегі бүкіл оппозициялық партиялардың газет-журналдарын жабуды қолға алды.

1918 жылдың көктемінде «Қазақ» газеті жабылды. Кеңес өкіметін мойындамаған ­Әлихан Бөкейхан 1917 жылдың 1 желтоқсанындағы «Шаруа, жұмысшы және солдаттарға арнаған жаднама» деген жазбасында: «Ульянов-Ленин, Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы, ­Николай патша сияқты жеке-дара басқарады, ешкімнің алдында есеп беруді қаламайды, халық өкілдерінің билеушілердің өкімдерін бақылауын «буржуазиялық алауыздық» деп атайды».

Басқарушылардың жауапсыздығын Николай патша кезінде көрген едік, Большевиктердің төрағасы Ульянов-Ленин, ­Николай сияқты жеке-дара билік жүргізеді, Ульянов-Ленин, ­Николай сияқты халықты мылқау жануар санайды. Большевиктер Мәскеу және Петроград Думасын таратты. Олар Мәскеу және Петроград тұрғындарының жалпы халықтың тікелей және жасырын дауыс беруі арқылы сайланған болатын. Демократия шетел сөзі, ол халық күші – халық билігі дегенді білдіреді. Большевиктік билік халықты «буржуазиялық алауыздық» деп санайды. Большевиктер газеттерді жабады, жиналысты таратады… Шаруалар, жұмысшылар және солдаттар, естеріңде болсын, большевиктердің бетіндегі революционердің қызыл бетпердесі жыртылды және оның нағыз қаражүзі ашылды» деп жазды.

«Қазақ» газеті беттерінде елдегі ахуал, келе жатқан қауіп-қатер анық айтылды. Алдымен патшалық, одан кейін большевиктік Ресейдің отаршыл саясатының қарсылығына қарамастан, үлкен еңбекпен жарық көрген «Қазақ» газеті  жұрттың кем-кетігін түзеп, саяси сауатын ашуға, оқу-ағарту жұмысының (қазақ тілі, әліпби, тарих, әдебиет) ілгері дамуына ықпал етті.

«Қазақ» газетінің алдына қойған мақсаты: жұртшылыққа көз-құлақ болу, жақсылықты көркейту, жауыздықты жоғалту, үлгілі зат қайда бар, соған қарай сілтеу, надандықтан құтқару, өнер-білімге телу, күштілердің зорлығынан қорғап, елдің қолын теңдікке жеткізу, қазақ халқының бақытты, баянды болуына қызмет ету еді. Бірақ «Қазақ» бұл мақсатына жете алмады, ұлттық ұстанымдағы газет-журналдар кеңес өкіметіне мүлде қажет емес еді. Сондықтан оларды жойып, большевиктік басылымдар санын көбейтуді қолға алды

«Қазақ» газетінің алдына қойған мақсаты: жұртшылыққа көз-құлақ болу, жақсылықты көркейту, жауыздықты жоғалту, үлгілі зат қайда бар, соған қарай сілтеу, надандықтан құтқару, өнер-білімге телу, күштілердің зорлығынан қорғап, елдің қолын теңдікке жеткізу, қазақ халқының бақытты, баянды болуына қызмет ету еді. Бірақ «Қазақ» бұл мақсатына жете алмады, ұлттық ұстанымдағы газет-журналдар кеңес өкіметіне мүлде қажет емес еді. Сондықтан оларды жойып, большевиктік басылымдар санын көбейтуді қолға алды.

1918 жылдың 21 наурызы – 3 сәуірі аралығында өткен советтердің Торғай облыстық съезінің шешімдеріне сүйеніп, советтік құрылысты бастап кеткен жергілікті өкімет «Қазақ» газеті жанындағы «Азамат» серіктестігінің меншігі болған баспахананы өкімет меншігіне алды. Бұл іс жүзінде 1913 жылдан бері қазақ азаттық қозғалысының идеялық орталығы және тілі міндетін атқарған «Қазақ» газетін жабу еді. Қазақ жұртының өткен күндерін еске алған М.Әуезов «Қазақ» газетінің маңызы және сол кездегі жағдай туралы: «Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын.

Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын. Ел басына келген бәленің атын білмей, түсін танымаса да, елі мінген ескегі жоқ қайықты теңіздің ішінде жылжытып бара жатқан жел мен құйынның бар екенін оқып жүрген бала да сезетұғын» деп қазақтың оқып-білім алған ұлтшыл азаматтарының артынан ерген күндерін мағыналырақ, тәуір күндердің бірі деп атады.

Төңкеріске дейінгі баспасөзді жабу, оларға тыйым салу арқылы қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларындағы пікір алуандығын (плюрализм) шектеді. Төңкеріс­тен бұрын да цензура қалыптас­қан болатын, жаңа билік оны одан әрі жетілдіріп, баспасөзден бастап, барлық баспа өнімдеріне саяси қырағылықты күшейтті. Саяси цензура қатаңдатылып, ресми партиялық идеология мен саясат тұрғындар санасына мықтап әсер ететін механизм қалыптас­тырылды.

1918 жылы желтоқсан айында Әскери революциялық кеңес «Әскери цензура туралы Ереже» қабылдады. Онда баспа өнімдері, суреттер, жарияланатын қаулылар, халықаралық, қажет болған жағдайда ішкі почта жөнелтілімдері, телеграммалар тексеруден өткізілетін болды. Айыптылар Революциялық трибунал сотына тартылды. 1922 жылдың маусым айынан үкіметтің арнайы қаулысымен барлық цензуралық өкілеттілік – Главлитаға (Главное управление по делам литературы и искусств при Наркомпросе РСФСР) берілді. Ол барлық баспа өнімдерін цензурадан өткізіп отыр­ды. Кеңестік биліктің алғашқы жылдарының өзінде-ақ, цензура жұмысын жандандырып, баспа өнімдеріне деген қырағылықты күшейтетін «Цензураның әртүрлі болуы туралы», «Баспа туындыларын тәркілеу және алынған әдебиет­терді тарату тәртібі туралы», т.б. қаулылар қабылданып, циркулярлық хаттар жолданды. Ағымдағы ақпарат таратушы мерзімді басылымдар биліктің барлық мемлекеттік бастамаларын қолдайтын және ел ішіне тарататын үгіт-насихат құралына айналды. Ұстанған бағыты мен жарияланған мақалалары ресми билікті қанағаттандырмаған басылымдар редакциясы, редакторы, тілшілері түгелдей тексеріліп, саяси баға берілді. Ресми билік саясаты мен идеологиясынан ауытқыған басылымдар жабылды, редакторынан бастап қызметкерлер мен тілшілер партиялық тексеруден өтті.

«Қазақ» газетінен кейін большевиктердің шүйліккені Орта Азиядағы ұлттық межелеуге дейін Түркістан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті мен орталық атқару комитетінің органы болған қазақ тіліндегі алғашқы кеңестік басылым – «Ақ жол» газеті.

Тұрар Рысқұловтың «Бұрынғы «Алашорда» мен «Бірлік туының» басты-басты қайраткерлерінің тізімі және сипаттамасы» деген И.Сталинге жазған «құпия» хатында: «…Көрнекті контрреволюционерлер қатарынан Мағжан Жұмабаевты да көреміз… «Ақ жол» газетінің 1924 жылғы 25 ақпандағы 408 санында оның «Жылқышы» деген өлеңі басылды. Даладағы соққан боранда (революцияны айтып отыр. – Т.Р.) жылқышыдан (жылқышы деп отырғаны – Алашорда көсемдері. – Т.Р.) бір топ жылқы (қазақ халқы – Т.Р.) бөлініп, ығып кетеді. Әрі қарай боран күшейе береді, күн суық, бәрі тоңа бастайды, айналаны аш қасқырлар (большевиктер. – Т.Р.) торып жүр, ал осы кезде малынан айырылып қалған жылқышы қайда кетті дейсіз ғой? Ол да адасып басы ауған жақта жүр ме екен? Алдында үлкен сай бар еді, әлде сонда жығылып жатыр ма екен? Әлде мерт болды ма, қардың астында қалды ма екен, батырымыз, боран болса сақ-сақ күліп өте береді-ау? Сорлының өлі денесін қарғадан басқа, кім көргендей? Ашынған аюдай арқырап, аязды боран күшейіп барады. Соңы жақсы болса екен. Алашорда идеясы арманда кетті ме, әлде өлген жоқ па? Қаралы күндерде қайғырып еске алармыз» дейді автор Мағжан Жұмабаев» деп жазды.

Мағжан Жұмабаев өлеңі жарияланған «Ақ жол» газеті Орта Азиядағы ұлттық межелеуге дейін, негізінен, қазақ партия­-кеңес интеллигенциясына арналып, Ташкент қаласында басылып шықты және Түркістан коммунис­тік партиясы Орталық комитеті мен орталық атқару комитетінің органы болды. Сол кезеңнің кезек күттірмейтін өзекті мәселелерін қазақ зиялылары ашық жазды, пікір алмасты, ел рухын көтеретін, тарихқа, әдебиетке қатысты мәселелер де жарық көріп тұрды.

«Ақ жолда» М.Жұмабаевтың өлеңдері басылғаны рас, газеттің 1 наурыздағы 10-санында «Шойынжол» деген өлеңі де жарық көрді. Тұрар Рысқұловтың И.Сталинге жазған хатында, ол өлең де назарға ілікті. «Мұндағы «теміржол» деп отырғаны – осыдан әлденеше жыл бұрын «даладағы ауылдарды» (Алашорданың қыз­меті мен бағдарламасын айтып отыр. – Т.Р.) басып өте салынған. Әрі қарай не болды? Сол ауылдардың үстінен салынған теміржол бітті ме? Қазақ халқы, әйелдері мен балалары оны қызықтап қарсы алды ма? Атты малшылар пойызбен жарыса шапты ма? Сол жаққа бара қалсаң, сол теміржолдың жайын біліп бер, бауырым! Егер сен, оқырман, сол жаққа (яғни, қазақ даласына. – Т.Р.) бара қалсаң, осыны біліп қайт. Келген соң, сол жолдың қалай салынған тарихын айтып берерсің. Қанша жұрттың қанымен салынған жол ғой. Тексеріп көр, бітті ме екен, сол жол? Жол бойының халқы сол кездегідей әлі де бақуатты ма екен? Қабындағы астығы ортаймап па? Әлде жақсы күндері келмеске кетті ме екен? Әлде қазақ жұртының басына қасірет төніп, өзгерді ме екен? Бір кезде бал татыған сары қымыз сапырған бай қазақтар жоғалып, станса басында «ащы су» (арақ деген сөзі. – Т.Р.) ішіп жүр ме екен? Бақытсыз, бақсыз қазақ «сары итке» (орыстарды айтып отыр. – Т.Р.) бір тостаған сүтін саудалап, тіленіп жүр ме? Қызынан басқа сатары жоқ қайыршы (осы жоқшылықтың бәріне жазықты большевиктер деп түсіндіреді. – Т.Р.) қазақтың күні не болды екен? Осының бәрін көзіңмен көр де, қазақтың бұрынғы шат-шадыман күйлерін айтып бересің. Міне, жаңағы өлең осындай үгіт-шақырумен аяқталады» деп жазған Тұрар Рысқұлов өз хатында ұлттық бағыттағы қазақ зиялыларының шығармашылығына бір жақты баға берді.

«Басқа жұрт аспан-көкке

 асып жатыр,

Кілтін өнер-білім ашып

жатыр.

Бірі – Ай, бірі – Жұлдыз,

бірі – Күн боп,

Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр…» деп өркениетті елдер қатарына қосылуды мақсат етіп, Мағжан ақын жазғандай, олардың қызметінің де, шығармашылығының да аясы Тұрар айтқаннан әлдеқайда ауқымды болатын.

«Ақ жол» газеті Орта Азиядағы ұлттық межелеуге дейін, негізінен, қазақ партия – кеңес интеллигенциясына арналып, Ташкент қаласында басылып шықты және Түркістан коммунистік партиясы Орталық комитеті мен орталық атқару комитетінің органы болды. 1920 жылдардың екінші жартысынан партия-кеңес органдары жалғыз «Ақ жол» газетін ғана емес, жалпы мерзімді басылымдардың саяси-идеологиялық бағытын, редакциялардағы жауапты қызметкерлер мен жұмысшы, ауыл және әскери тілшілер жұмысын қатаң бақылауға алды. Қазақ өлкелік партия комитетінің баспасөз саяси бөлімі кітап, журнал, газет және басқа да баспа өнімдерінің мазмұнын жүйелі түрде тексеріп, ұсақ буржуазия ықпалындағы сая­си сауатсыздыққа ермеу жағына баса назар аударды.

РК(б)П Орталық комитеті 1925 жылдың 7 сәуірінде «Ақ жол» газеті туралы мәселе қарап, ­И.Сталиннің «Ақ жол» газеті туралы хатын Қазақ өлкелік комитетіне жолдады. И.Сталиннің «Ақ жол» газеті туралы хатынан кейін Қазақ өлкелік партия комитеті мерзімді басылымдар жұмысын қатаң бақылауына алды. 1925 жылдың 10 маусымында өткен РК(б)П Қазақ өлкелік комитеті бюро мәжілісінде И.Сталиннің «Ақ жол» газеті туралы хатына орай Нанейшвилидің арнайы баяндамасы тыңдалды. Мәжіліске бюро мүшелері: Нанейшвили, Қожанов, Боярский, Жандосов, Каширин, Нұрмақов, Меңдешев және әйелдер мәселесі бөлімінен – Арықова, Үгіт-насихат бөлімінен – Варламов, Өлкелік одақтан (Крайсоюз) – Саматов, Өлкелік комсомол ұйымынан Черный қатысты. Мәжіліс И.Сталиннің мерзімді басылымдар туралы нұсқауларын тәжірибе барысында үнемі басшылыққа алып отыру жөнінде қаулы қабылдады. РК(б)П Қазақ өлкелік комитеті барлық губерниялық комитеттерге «Ұлттық баспасөзге басшылық және баспасөзге партияда жоқ ұлттық интеллигенция өкілдерін пайдалану тәртібі туралы» нұсқау хат таратты.  РК(б)П Қазақ өлкелік комитеті үгіт-насихат және баспаөз саяси бөлімінің 1925 жылдың сәуір-маусым айларында атқарылған жұмыстарының есебінде «Ақ жол» газеті туралы: «1925 жылдың маусым айына дейін Ташкенттен шықты. …Шымкент қаласына ауысқаннан кейін губерниялық комитет органы болды және қазақ шаруа бұқарасына арналды. Сонымен қатар губерниялық комитеттің тікелей басшылығымен Ташкентте шыққан «Ақ жолдың» бағытынан байқалған партияға қарсы уклон жойылды деп жазылды. «Ақ жол» газеті жұмысын тексеру жалғаса берді.

БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті 1925 жылдың қазан айындағы мәжілісінде қазақ тілінде шығатын мерзімді басылымдар туралы: «Біздің басылымдар 1920 жылдан шыға бастады. «Бос­тандық туы» газеті 1922 жылға дейін ұлтшыл М.Жұмабаевтың «Ақ жол», М.Дулатовтың «Қазақ тілі», Ж.Аймауытовтың газеттері болды. Шындығында, бұлар аталған газеттердің редакторлары болды» деп атап көрсетілді. Газет коммунистік партияның жетекші органы болғандықтан, партия өмірі, кеңес құрылысы, кәсіподақ жұмысы бөлімдері қыз­метін жандандыру міндеттелді.  1920-1925 жылдар аралығында шыққан «Ақ жол» газетінің бағыт-бағдары, редколлегия құрамы жан-жақты тексерілді. Ф.Голощекин бастаған Қазақ өлкелік комитетіндегі партия белсенділері Сырдария губерниялық комитетіне «Ақ жол» газетін жабудан басқа шара қалдырмады. 1926 жылдың 21 сәуіріндегі БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті секретариаты мәжілісі «Ақ жол» газетін «Еңбекші қазақ» газетімен, «Смычка» газетін «Советская степь» газетімен біріктіру туралы Сырдария губерниялық комитетінің қаулысын мақұлдады. «Ақ жол» газетінің жабылуы Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов т.б. ұлттық бағыт ұстанған азаматтарға, «Ақ жол», «Бостандық туы», «Қазақ тілі» сияқты еркін ойлы мерзімді басылымдарға орнығып келе жатқан әміршіл-әкімшіл жүйеде орын жоқ екенін анық көрсетіп берді.

Данагүл МАХАТ, тарих ғылымдарының

докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университеті «Отырар кітапханасы» ғылыми

орталығының басшысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button