Руханият

Ұлттың өшпес ұраны

Тұрсын Жұртбай бауырым жетпісін түгендеп, сексенге қарай адымдап басты. Бейнелеп қана айтқаным емес, шын мәнінде, әр қадамын сенімді басып, Абай тарихы, Мұхтар тарихы, Алаш тарихына терең бойлап, салиқалы-салмақты пікірімен замандастарын аузына қаратқан абыздардың алдында бара жатыр.

[smartslider3 slider=333]

Профессор ­Тұрсын Жұртбай көркем жазу­шылығы мен ғылымдағы лайықты орнын алған. Оған ешкім таласпайды. Алайда мүшелтой үстіндегі ақ-­адал құттықтауымыз адал еңбеккер, орасан дарын иесінің бүкіл қадір-қасие­тін ашып бере алмасы хақ. Арнайы зерттеулер, Тұрсынның өзі салған сан тарау жолдар, сала-саласымен зерттеліп жатыр, зерттеле беретініне сенімдімін.
Солардың бір көрінісі ретінде мына бір әңгіме ойыма келіп қалған екен. Соңғы бір-екі жылдың мұғдарында ғана ­Тұрсекеңмен Қызылжардан хабарласып: «Қазақтың ұлттық Біртұтас Алаш идеясын тұңғыш рет тұжырымдап, жүйелеп берген «Ұраным – Алаш!..» атты үш кітаптан тұратын бұл іргелі зерттеуіңізді Ғылыми кеңесте арнайы талқыладық, еңбегіңіз Алаш қозғалысының, Алаш тарихының аса бір қиын да қайғылы кезеңінің шежіресі екен» деп, басқа да бағалы тұстарын орыс-қазағымыз қосыла жақтап, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті осы жұмысты мемлекеттік сыйлыққа ұсыну ниеті бар екенін айтқанымда, сыпайылық танытып, «өзім де де сондай бір ой бар еді, ойланып көрейін» дегеннен әрі аспады. Алла тағала аян берген шығар, менің бастап бергенім демей-ақ қояйын, Тұрсекеңнің еңбегі еліміздің мәртебелі сыйлығына ұсынылды. Әрине, біз де ұсындық. Талқыланды, жақсы-жайсаңдар қолдады. Талапкерді тамсандырып, оқымыстыларға ой салған көлемді еңбектің сананы сілкіндерген, талайдың көзін ашқан ғылымдық, танымдық тәрбиелік құнын халқым бағалады. Бұл кітаптарды ақтарды, оқыды, талдады, «е, осылай екен ғой!» шындыққа көзі жеткендер өзіне қажет ақпарат алды. Бәріміз де әр нәрсені шимайлаймыз, ал автордың бақыты оқырманы бар кітап жазу болса, осы бақыт Тұрсекеңе бұйыр­ды. Жылдар бойы өшпес, өлмес тарихи ескерткіш осындай-ақ болар!
Мемлекеттік сыйлық бермесе де, сіз бақыттысыз, Тұрсеке! Тіпті айтар едім: Соған дейін жазған қыруар дүниелеріңіз бір төбе, «Ұраным – Алаш!…» бір төбе.
Осыдан қырық шақты жыл бұрынғы өзіңіздің бір сөзіңізді есіңізге салайын, Тұрсеке! «Профессор Хайыржан Бекхожин ұстазымыз Алашты зертте деп аманат етіп еді. Сенен бұрын бір шәкіртіме «Қазақтың революциядан бұрынғы демократ-журналистері» деген тақырып беріп едім. Үміт күтіп едім, ол Қарағанды жаққа, ауылға кетіп қалды. Енді сен зертте, алаштың баспасөзін, тарихын» деп еді, сол шәкірті Зарқын Тайшыбай, сіз екенсіз ғой» дедіңіз. Иә, міне, енді Алла таупих беріп, Бекхожиннің егіз ұлы бірі ілгері, бірі кеш ержетті. Зерттеушілік жолда Тұрсын Жұртбай оқ бойы ұзап, ұстазының аманатын орындады. Алаш ұранды қазақтың жоғын жоқтап, кемін түгендеді, ұлты мақтан қылатындай талай бағалы мұра берді, әлі де беріп жатыр. Біз, Сіздің замандастарыңыз болғанымызды шын мәнінде мақтан етеміз, Тұрсеке!
Биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1920-1951 жылдардағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде пәрмен шығарып, халық қолдаған маңызды мәселеге жол ашты. Әр жерден комиссия құрып, бүкіл елім жаппай архив ақтарып жатырмыз. «Олай емес, былай екендер» де көбейген. Қым-қуыт жұмыс. Қыруар зерттеулер. Қауырт қимыл. Жазықсыз жапа шеккен есімдер жарыққа шығып жатыр. Заман-ай! Заман! Сол қуғын-сүргіннің оқиғаларын кинотаспадай көз алдыңа келтіретін ­Тұрсын Жұрбайдың «Ұраны – Алашы!» қолдан түспейді, ақтарып отырмыз. Осы еңбекті Мемлекеттік сыйлыққа қайта ұсынудың жөні енді келген жоқ па?! Ойланайық. Ортаға салайық. Хат танитын әрбір отандасымыздың қолдайтынына сөз жоқ!
 

Зарқын Тайшыбай,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button