Мәдениет

Ұлттық арнада – жаңа жобалар

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы жаңа телемаусымның салтанатты тұсаукесер рәсімін, ұлттық тележобалар таныстырылымын өткізді. Медианарықта көшбасшылар қатарындағы маңызды іс-шараға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, телевизия ардагерлері, БАҚ жетекшілері мен журналистер қатысты.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы күзгі маусымын ұлттық жобаларға арнайды. Осы бағытта «Алтын қақпа» викториналық телесайысы, дәстүрлі әнші, күйші, жыршы-термешілердің қатысуымен өтетін «Інжу-Маржан» жобасы, «Мергендер мекені» телевизия­лық садақшылар сайысы, қазақ жырларының тарихын бейнелеп көрсететін «Жыр-аманат», ұлттық тағам түрлеріне арналған «Дала дәмі», Алаш тақырыбындағы теледәрістер топтамасынан тұратын «Ашық академия» жобалары эфирге шығады.

– Ұлттық арна соңғы жылдары ұлттық бояуын сақтай отырып, қоғамдық-саяси телеарна ретінде қалыптасты. Сапа, жаңа заманауи трендтерді енгізу бойынша біздің ұжымның нарықта көшбасшыға айналғанын жақсы білесіздер. Осының арқасында аудиториямыз қатарына жастар қайта қосылды. Соңғы деректер бойынша, арнаның жастар аудиториясы 32 пайызды құрайды. Енді бұл санаттағы көрерменге салт-дәстүрлеріміз, ән-күйі­міз, дәстүрлі дастарханымыз, жалпы айтқанда, ұлттық құндылықтарымызды жаңа телевизиялық сапада, жаңаша форматта ұсынамыз» деді Басқарма төрағасы Ләззат Танысбай өз сөзінде.

«Інжу-Маржан» бағдарламасында Қазақстанның әр өңірінен жиналған 180 өнерпаздың орындауында  300-ден аса шығарма жазылып алынды.

Бұдан бөлек, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы биыл 11 телехикая, түрлі тақырыптық бағытта 137 деректі фильм, 20 анимациялық жоба түсірді. Телехикаялар ішінде Қазақ телевизиясының 65 жылдығына арналған «Парыз», ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ мәдениеті мен руханиятының даму дәуірін суреттейтін «Ерте көктем», түркі халықтарына ортақ тұлға Қорқыт атаның өміріне арналған «Қорқыт» тарихи сериалдары бар.

Ал 21 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында корпорацияның «Міржақып. Оян, қазақ!» толықметражды фильмі прокатқа шығады.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button