Басты ақпаратМәдениет

Ұлттық аспаптар ұлықталды

Халықаралық қарттар күніне орай Астана қаласының Байқоңыр ауданы бойынша «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мекемесі «Ұлттық аспаптар-ұлттық жәдігер» атты іс-шара өткізді.

Мерекелік іс-шараны Астана қаласының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры, қоғам қайраткері Мұхтар Еркетаев ашып, елордамызда ардагерлер мен зейнеткерлерге жасалып жатқан әлеуметтік қолдау жайында әңгімелеп, жиналған қауымды Қарттар күні мерекесімен құттықтады.

Мерекелік концерт-сабақ басталып, аудандық орталықтың қазақ тілі оқытушысы Маржан Пірімбетова қобыз, домбыра, жетіген, шертер, сазсырнай туралы жан-жақты мәлімет берді. Одан кейін Бақытгүл Кәрібай қобызбен Қорқыттың «Қоңыр» күйін орындаса, Жалдыбай Тағыбаев домбырамен терме айтты. Жәния Амангелді жетігенмен, Сайын Санат шертермен өнер көрсетсе, сазсырнайда халық әні шырқалды. Осылайша, мерекелік іс-шараға жиналған қауым ұлттық аспаптар туралы мәліметке қанығып, тамаша концерт те тамашалады.

Ұлттық аспаптарды ұлықтаған, дәстүрді дәріптеген іс-шараға қатысқан Ұлы Отан соғысының ардагері, 103 жастағы Рзақұл Бәйкешұлы мерекелік іс-шараны ұйымдастырушыларға тағылымды шараны өткізгені үшін, зейнет жасындағы адамдарға қолдау білдіріп келе жатқан орталықтың жұмысына ризашылығын білдірді.

Шын мәнінде Байқоңыр ауданындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» Қарттар күніне арналған іс-шарасы әрі тағылымды, әрі көңілді өткеніне өзіміз де көз жеткіздік.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button