Экономика

Ұлттық банктің ұстанымы ұтымды

27_big

Қаржы саласында базалық мөлшерлеме реттеуші құрал ретінде пайдаланылады. Базалық мөлшерлемені төмендету – экономикадағы жалпы ақшаның құнын арзандатқанымен, қаржы саласындағы жағдайды толық реттеуге жеткілікті шара емес екені белгілі. Рас, мұндай қадам банктердің өнеркәсіпті несиелеуін жандандырып, саладағы жағдайдың жақсаруына септеседі, тұрғындардың сатып алу қабілетін арттырады. Бұл экономика үшін жақсы, бірақ қаржы нарығындағы белсенділікті төмендетуі мүмкін. Дегенмен, Ұлттық Банктің теңгенің өтімділігін алып тастауды жалғастыруы маңызды, бұл тіптің түбінде теңгенің долларға шаққандағы бағамын нығайтады.

Несие портфелі неге төмендеді?

Базалық мөлшерлеменің ең жоғарғы кезеңінен біз әлдеқашан өтіп кеттік. Ұлттық Банк 11 шілде күні базалық мөлшерлемені 15 пайыздан 13 пайызға осы жылы екінші рет төмендетті. Соның ішінде өтімділіктерді ұсыну операциялары бойынша 14 пайыз төмендетсе, өтімділікті алып тастау 12 пайызға кеміді. Бұған дейін Ұлттық Банк мамыр айының басында мөлшерлемені 17 пайызға төмендеткен еді.
Базалық мөлшерлеменің шілде айында төмендеуіне әлемдік мұнай бағасының күткендегіден әлдеқайда жоғары деңгейде болуы ықпалын тигізді. Мамыр айының ортасынан бастап «Brent» мұнай маркасының бір баррелі 45 $ деңгейінен тұрақты өсе бастады. Маусым айында 2014 жылдың қараша айынан бері бірінші рет баррелі 50 $ деңгейінен асты. Бұл ақпаратты бас қаржылық реттеуші Данияр Ақышевтің, яғни айтқанда Ұлттық Банктің баспасөз қызметі таратқан болатын.
Ұлыбританияның Еу­ро­одақтан шығуына байланысты Brexit-референдум нәтижесі салдарынан әлемдік қаржы нарығындағы құбылмалы жағ­дай қалыптасты. Бірақ оның уақыты өте қысқа болды. Құбылмалы жағдайдан туындаған тәуекелдерді Ұлттық Банк Қазақстан үшін шектеулі деген сипатта бағалады.
Brexit-референдумнан кейінгі жағдайдың әсері Қазақстанда бірнеше күн ғана сезілді, әрине, жағымды сипатта көрініс берген жоқ. Банктер жылдың басынан-ақ ақшаға қатты мұқтаждықты сезінуді қойған еді, бұл оларда жалпы ресурстарды, соның ішінде жеке тұлғалардың қара­жаттарын тартуға деген қажеттіліктің төмендегенін көрсетеді.
Жеке тұлғаларды несиелеу, әсіресе, ұзақ мерзімді несиелеуді біздегі банктер әлі тәуекелі жоғары іс санайды. Өйткені, өтеу мерзімі асып кеткен берешектер маусым айында 8,2 па­йыз шамасында болған. Ұлттық Банктің түсіндіруінше, бұл өте жоғары деңгей көрінеді. Сол себептен банктер консервативті саясат жүргізіп, бөлшек несие портфелін өсірмегенді қолай көреді. Жылдың басындағы төрт айда бізде несие портфелінің көлемі іс жүзінде өзгермеген, ал мамыр айында тіпті төмендей бастаса керек.
Осылайша, банктер бүгінде тұрғындарға бөлшек несие түрінде таратып беру үшін жеке тұлғалардың депозитін тарту қажеттілігін сезінбей отыр.

Қаржы нарығында қауіп бар

Енді нарықтағылар Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені 13 пайызға төмендету туралы шешіміне қалай қарайды? Сарапшылардың пікіріне қа­ра­­­ғанда, Ұлттық Банктің ше­ші­­­мі қаржы нарығындағы айтарлықтай қозғалысқа сеп­тігін тигізері күмәнді. Оның үстіне қазіргі уақытта шешім бойынша валюта құнын бағалау нақтыланып қойған.
– Ұлттық банктің теңгенің өтімділігін алып тастауды жал­ғастыруы өте маңызды. Осы тұр­­ғыдан келгенде, біртіндеп теңгенің долларға шаққандағы құны нығая бастауы керек, әри­не, кейде теңгенің құны сәл түсуі мүмкін. Бұл шешім қор нарығына айтарлықтай ықпалын тигізе қоймайды, – деп есептейді Forex Club сарапшысы Ильдар Шаяхметов.
Әзірге теңгенің долларға шаққандағы бағамы біртіндеп төмендеп келеді. Әйтсе де, Ұлттық Банк Қазақстандағы қаржы нарығындағы жағдай тұрақты деп санайды. Теңге бағамы соңғы айлар бойы болар-болмас қана құбылды. Айырбас бағамының ауытқуын туындап жатқан сыртқы әсерлер «жұтып» қойып, үйлесімсіздікке ұрындырмай тұр. Бұған қоса, болашақтағы шектен шығар өзгерістің алдын алып жатыр.

Резервтер өсті

Ұлттық Банк төрағасы өз кезегінде Ұлттық Банктің алтын валюта қоры алдын ала алынған мәліметтер бойынша маусым айының аяғында 5,9 пайызға, ақшалай айтсақ 30, 5 млрд АҚШ долларына өскенін хабарлауды ұмытқан жоқ. Оның айтуынша, Ұлттық Банк соңғы төрт жылдағы ең үлкен маңызды деңгейді көрсетіп отыр. Ұлттық қордың валюталық активтері бір айда 0,4 пайызға – 65,7 млрд долларға өскен. Еліміздің халықаралық резерві өз жиынтығында 96,2 млрд долларды құраған.
Дегенмен, маусым айының аяғында айырбас бағамы 1 $-ға 338,66 теңге көлемінде қалыптасты. Маусым айындағы құнсыздану деңгейі 0,8 пайыз шамасында болды. Ұлттық Банк маусым айында ішкі қаржы нарығында ешқандай операция жүргізбеген болатын.
Инфляцияның күтілген дең­гейі – Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені анықтауда арқа сүйейтін ең негізгі факторы. Бірінші жартыжылдықта инфляция деңгейі 4,6 пайызды құрады. Күтілген инфляциялық болжам маусым айында төмендеді. Елдің басты банкі инфляция деңгейін 2017 жылдың аяғына дейін белгіленген мөлшерде, яғни 6-8 пайыз мөлшерінде ұстауды межелеп отыр.
Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені төмендетуі қазақстандықтардың сатып алу қабілетіне ықпалын тигізе ме? Ұлттық Банктің ең негізгі мақсаты – инфляциямен күрес болғандықтан, сарапшылар бұл шешім тұрғындардың сатып алу қабілетінің ептеп болса да өсуіне септесуі мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Көкейде туындайтын келесі сұрақтар: Бұл өндірістегі жағ­дайға қалай әсер етеді? Банк­­тер экономиканы көбірек қаржы­ландыра түсе ме?
– Мөлшерлемені төмендету көбінесе корпоративтік қарыз­дарды барынша арзандатады. Мөлшерлеме айтарлықтай жоға­ры деңгейде қалғанымен, оны төмендету банктердің несиесі есебінен өндірістегі жағдайдың жақсаруына септесуі мүмкін, – деп үміттенеді Ильдар Шаяхметов.
Әрине, экономикада болып жатқан жағдайларды бір­жақты бағалауға болмайды. Сарапшылардың пікірінше, экономиканың баяу қарқыны кезінде мөлшерлемені төмен­дету – нақты экономикадан алыс салалардағы несиелендіруді жеделдетуі мүмкін. Соның ішінде қаржы нарығындағы саудагерлік көңіл күйді де өріс­­­­теуі ғажап емес. Теңгенің құнсыздануын туындататын жағдайдың бірі – мұнай бағасы­ның төмендеу қаупі бар.
Базалық мөлшерлемені жиі өзгерту – нарықтағы дәйек­сіздікті күшейте түседі, ол ең бірінші 2016 жылдың 1 ақпа­нында жасалған болатын. Ойын­шылар аңысын аңдауға көшетіндіктен, белсенділік төмен­­дейді. Ал қаржы нары­ғындағы белсенділік онсыз да төмендеген еді. Бұған қоса, берілетін несиелердің мөлшері төмендеуі – банктердің кірістер­ді ала алмай қалу қаупін туындатары кәміл.
Базалық мөлшерлеме бойын­ша келесі шешім 15 тамызда жарияланбақ.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button