Әлеумет

Ұлттық бұйымдар шеберханасы

IMG_7591

Астанада ұлттық нақыштағы эксклюзивті кездеме бұйымдарын жасаумен айналысатын шеберхана бар. Үй тоқымасы, оюланған, кестеленген жабдықтар, жастық, дорба, себет, балаларға арналған бұйымдар, жөргек, күнделіктің тысы, тінтуір төсемесі, панно жасалатын бұл шеберхана «Omir art studio» деп аталады. 

«Біздегі барлық дүниелер тұтынушылардың тапсырысымен пайда болды. Мәселен, құрбым қызының тұсаукесеріне арналған «Ақ жол» оюлы төсегішін жасап беруді өтінді. «Инстаграм» әлеуметтік желісіне салғаннан кейін басқа да адамдардан сұраныс түсті. Бұйымдардың ешбір түрін арнайы ойлап тапқан жоқпын. Барлығы тұтынушыларымыздың тапсырыс-тілектерінен туындады. Сонымен бірге жаңа туған сәбиді перзентханадан алып шығуға арналған жөргектерге сұраныс көп. Тіпті, нәрестенің есімін кестелеп тігіп, оюлармен өрнектеуді сұрайтындар да бар. Бір кісі тіпті сәбидің руы, туған күні, уақыты, бойы, салмағына дейін кестелеп беруді өтінді. Ұзатылатын қыздардың жасауына арналған жастық, көрпешелерге жас жұбайлардың есімдерін жаздық. Бұл дәстүріміздің жанданып, дәріптелуі деп білемін. Сонымен қатар, күнделіктің тысы, панно сияқты бұйымдарға да иесінің есімін кестелеп, тапсырыспен арнайы сыйлық ретінде тігіп жүрміз. Тапсырысты қайталамауға, әрдайым жаңа түрлерін ойлап табуға тырысамын. Қазір жұрттың талғамы жоғары. Мақсатым – табыс табу емес, жастар арасында ұлттық бұйымдарымызды насихаттау» дейді шеберхана басшысы Евгения Жандарбаева.
Бұл кәсіпті ол алғаш рет 2012 жылдың күзінде құрбысымен бірге бастаған болатын. Бүгінде шағын шеберханада оның екі көмекшісі бар. Мұнда арнайы жарнама жасалмайды, қолөнер бұйымдары туралы ауыздан-ауызға тарап, клиенттердің өздері хабарласады. Көбіне ғаламтор арқылы көлемі, түсіне байланысты тапсырыс береді. Сөйтіп дизайнын ойластырып, жетілдіріп телефон арқылы келіседі. Қолдан жасалған бұйымдардың біршама уақыт алатыны белгілі. Дегенмен, еңбегінің рахаты да жоқ емес. Тапсырыс берушілері де әртүрлі. Әлі есінде, Парижде тұратын қандас бір ағай Астанаға келгенде панно қабырға кескіндемелік туындысына жеті атасын кестелетіп жаздыруға тапсырыс беріпті. Арасына оюлардан басқа жылқыны көбірек суреттеуді тілек етіпті. Бұл шыққан тегін білу, ата-бабасына құрмет көрсету деп түсінеді екен өзі.
– Кейінгі кезде «Шежіре» жеті атаның есімі жазылған панноларға тапсырыс артты. Бұл кейінгілерге жақсы үлгі емес пе?! Көз алдыңда көненің көзі, өткеннің белгісіндей мұралар тұрса, балаларымыз да жауапкершілікті сезіне білер еді ғой деп ойлаймын. Сондықтан әр әшекейге осындай шежіре шертіп, тарихқа тартатын өрнек салуды жақсы әдетке айналдырғым келеді, – дейді Евгения.

Шырақ БАЙКЕНОВА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ
журналистика және саясаттану факультетінің студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button