Ұлттық киім ойыншық емес
Қазақ демократия күшейіп, еркіндік берілген сайын, қарны тойып, тұрмысы жақсарған сайын әдептен де, дәстүрден де аттай бастады. Соның бір мысалы итін үйлендіріп, тойына асаба, әнші-бишілерді шақырып, керемет кеш өткізсе, тағы бір итқұмар итін қазақша киіндіріп, оның басына қазақтың тақиясын кигізіп, фотоға түскені қанымызды қайнатты.
Тақия – қазақ халқының ұлттық бас киімі, ол ата-бабаларымыздан қалған мәдени мұра, ұлттық болмыстың бір бөлігі. Оны жануарға кигізу – ұлттық киімді мазақ ету, ұлтты қорлау.
Ұлтымыздың ұғымында бас киімнің орны ерекше, яғни бас киім – тек киім, сәндік бұйым ғана емес, адамның абыройы мен ар-ұятының, мәртебесінің белгісі. Сосын да қазақта бас киімді жерге тастауға, теріс киюге болмайтын, кез келген адамға бермейтін, далаға қалдырмайтын қатаң тәртіп бар. Өйткені бас киім адамның рухани және әлеуметтік болмысымен тікелей байланысты. Аяғына жығылып, кешірім сұрағанда алдына бас киімін тастаудың астарында осындай мән жатыр. Ендеше осындай салт-дәстүрімізді елемей, тұтас ұлттың құрметімен санаспай, итіне тақия кигізіп «ал қайтесің?» дегендей, оны әлеуметтік желіге салу – қазақ еліне, мемлекет құрушы негізгі ұлт – қазақ халқына жасалған рухани қастандық. Бұған бейжай қарауға болмайды. Былайша айтқанда, ол қазақтың бас киімін ғана емес, алтын басын да аяқасты етіп тұр.
Жалпы соңғы кездері ұлттық киімдерді келемеждеу, ұлттық киімді жалаңаш денесіне киіп фотоға түсу жиілеп барады. Бұл жас ұрпақтың санасында ұлттық киімге деген құрметін төмендетіп, жауапкершілік, жанашырлық сезімін әлсіретті. Мұндай бассыздыққа көз жұмып қарауға болмайды. Сондықтан ұлттық құндылықтарды мазақ ететін немесе қорлайтын контенттерге қатысты қоғамдық бақылауды күшейту керек. Арнайы платформаларда ұлттық мәдениетті қорғау бағытындағы ақпараттық жұмыстар жүргізу ауадай қажет. Ең маңыздысы, ұлттық киімді, рәміздерді, мәдени құндылықтарды қорлау немесе келемеждеу әрекетіне заң тұрғысынан талапты қатаңдатып, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікті күшейткен жөн.
Мектептерде, университеттерде ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптейтін арнайы пән мен сабақ енгізіп, ұлттық киім мен мәдениеттің маңызын түсіндіретін бейнеролик, деректі фильм түсіруге баса назар аударған жөн. Жастар арасында ұлттық құндылықтарды құрметтеуді насихаттайтын жобаны көбейтіп, ұлттық мәдениетті құрметтеуді отбасынан, балабақшадан бастап қалыптастыруымыз керек. Танымал тұлғалар, блогерлер, өнер жұлдыздары ұлттық құндылықтарды дәріптеуі үшін арнайы жобалар жасаса нұр үстіне нұр болар еді.
Ұлттық киімді күнделікті өмірде киюге қолайлы етіп қайта жаңғырту (дизайнерлердің үлгісін дамыту, ыңғайлы материал қолдану) және отандық брендтер мен дизайнерлерге қолдау көрсету, ұлттық киімді насихаттайтын фестиваль, сән көрсетілімі, байқау ұйымдастыру, қазақтың ұлттық дәстүрлері мен құндылықтарын дәріптейтін мерекелер мен мәдени іс-шараларды жиі өткізу де ұлттық киімге деген сұранысты арттырып, құрмет сезімін күшейтеді.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ