Ұлыс оң болсын

Ұлттық киім тігеді

Ықылымда әже-аналарымыздың киіз басып, текемет тоқуы, ұршық иіріп, жүн түтуі үлкен мейрамға бергісіз өтетін. Жаулықтының жасы мен жасамысы жиылып істеген істе мол мағына берер екенін бүгін ұғып отырмыз. Өйткені наурыз сияқты мерекеде киіп, тойда тарту ететін ұлттық киімдеріміз кию былай тұрсын, арман-мұраттан құралған оюларды онша түсіне бермейміз.

[smartslider3 slider=2485]

Алысқа бармай-ақ өзіміздің елордада қыз-келіншектерге тақия тіктіріп, ұршық иіріп ұлттық нақыштарды үйрететін сән студиясы бар екенін біліп марқайып қалдық. Естуімізше, қазіргі таңда ұлттық киімдер тігіп, сатумен айналысатындар аз емес. Солардың арасында Мәдина Қуандық пен Жанна Бектемісовалардың есімін ерекше атап өтуге болады. Олардың шағын бөлмелерінде қазақтың  шағын ауылы сыйып кеткендей көрінді бізге.

Көрсе көз сүйсінетін құрақ көрпеден бастап, қамзол, тақия, көйлек секілді дүниелерге қараудың өзі ерекше ләззат сыйлайды. Суық қаладағы бір жылы орын дер едік. Егіз қозыдай екі ісмер «Qapsyrma» атты тәлімді жобаны қолға алып, соның аясында көпбалалы және әлеуметтік топтағы аналарды, соңынан ерген сіңлілерін осы іске үйретіп жүр. Әуелгілеріне қолдағы барды ұқсатып, ұлттық бас киім тақия­ны тіктіріп, сатуға көмектессе, кейінгілерге өнеге үшін барын салуда. Ол үшін ісмерлердің біліктілігі де білімі де жетерлік. Әрі талмай қарауға тұратын үстіне кигендері тіптен тамаша. «Qapsyrma» қазақ мәдениеті мен әдет-ғұрпын насихаттау үшін ғана емес, сонымен қатар студия оқушыларының жұмыстарын сатуға арналған алаң ретінде қалыптасуда.

Мәдина Қуандық – үздік конструктор-пішуші, әрі әлеуметтік кәсіпкер. Ол екі көпбалалы ананы жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар «MadinaQuandyQ» шығармашылық студиясының иесі және этнодизайнер. Ал Жанна Бектемісова – «Қазақ қызының киімдер жиынтығы» жобасының авторы және қыз-келіншектерге арналған курстың авторы, этнограф. Қос шебер Нұр-Сұлтан қаласының ҚХА жанындағы «ANA TIME» әлеуметтік жобасын жүзеге асырып эксперименттік студия-­ателье құрған. Сондай-ақ тігін цехында «Қазақ қызының киімінің жиынтығы» шеберлік дәрістер сериясы өтіп тұрады. Бүгінде ателье оқушылары көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар, ерекше балалардың аналары, зейнеткерлер мен тігін білім беру мекемелерінің студенттері екенін жоғарыда айтып кеткен болатынбыз.

– Біз ұлттық киімдерімізге деген құрметті, мақтанышты жандандырғымыз келеді. Қазақстандықтардың күнделікті өмірінде қазақтың ұлттық киімін киіп жүру әдетін сіңіру – нағыз қазақ костюмін көрсету. Ол үшін қазақстандықтар дайын киімді қолайлы бағамен сатып ала алатын елордада дүкен ашқымыз келеді, – дейді Мәдина Қуандық.

Шеберханада өтетін шеберлік-сыныптардың нәтижесімен  қатысушылар нарықта қымбат құралдарды сатып алмай, ең аз деген  шығындармен үйде отырып жұмыс істеуге мүмкіндік алған. Себебі бала тәрбиесімен айналысып отырған олар үшін бұл өте тиімді. Мұны Мәдина Қуандық жақсы түсінеді. Өйткені өзі де көпбалалы ана. Ол – бала күтіміне байланысты демалысында бос отырмай, тапсырыс алып, киім тігіп, кәсібінен қол үзбеген ізденімпаз жан. Оның ателье ашу арманына өзінің тынымсыз тірлігі жетеледі десек жаңылыспаймыз. Қазірдің өзінде ол отбасына және өзінің сүйікті жұмысына бірдей уақыт тауып жүр.

– Алғашында қазақ қызының гардеробын жасау идеясы 2016 жылы айтылған болатын. Мен Мәдинамен жұмыс істей бастағанда, біз қазақ дәстүрлерін қайта жаңғыртып, қалпына келтіргіміз келеді. Мен өзімнің Instagram парақшамда ұлттық стильді қалай ұстану керектігін көрсетемін, бірақ бұл ретте заманауи талаптарға сай болуды ұмытқан жоқпын. Яғни бұрынғы мен бүгінгіні үндестіруге ұмтылыс жасадым, – дейді Жанна Бектемісова әңгімеге қосылып.

Ісмерлер қазіргі жастардың тақия, қапетке және т.б. ­бұйымдарға қызығушылық танытқанына бек қуанышты. Бір айта кетерлігі, ателье-студияда тігін машықтары машинкада емес, қолмен жасалады екен. Өйткені қолмен тігілген дүние тігін машинасының жұмысына қарағанда нәзігірек, шынайырақ дейді шеберлер.

Әр оюдың түсі мен түрінде өзіндік мән бар. Бұрынғы уақытта әжелер оны бейберекет тіге бермеген. Әрбір жібін сабақтап отырып дұғасын айтып,  соған сәйкес оны әдіптеген. Аталған ательеге келушілерге көйлек емес, тақия тігу үйретіледі екен. Себебі көйлекті өлшеп, пішіп, тігуге ұзақ уақыт кетеді. Ал қыз бала киетін тақияға ең көп дегенде жарты сағат уақыт жұмсалатын айтады шеберлер.

Байжан Емберді

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button