Sport

Ұлттық лига алтыны – Астаналықтарда

Ұлттық студенттік лига

Футболдан тұңғыш рет ұйымдастырылған студенттердің Ұлттық лигасында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрама командасы алдына қара салмай, астаналықтардың абыройын асқақтатты.

«Күз-2014» финалдық ойыны Тұңғыш Президент күніне орайлас­тырып ұйымдастырылды. «Астана Арена» стадионында өткен финалдық ойынды 7 мыңға жуық жанкүйермен бірге тамашалау үшін ҚР Білім және ғылым министрі  Аслан Сәрінжіпов, Қазақстан футбол федерациясының президенті әрі Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков, сондай-ақ, ҚФФ басшылығынан Сейділда Байшақов, Аллен Шайжүнісов, Олжас Абраев сынды азаматтар арнайы келді.

Ақтық сында ЕҰУ құрамасы мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы өзара кім мықтыны анықтады. Қос команда да тартысты ойын өткізгенмен, Ұлттық студенттер лигасының финалында 3:0 есебі тіркеліп, астаналық футболшылардың мерейі үстем болды. Жеңімпаз команданың сапынан екінші минутта Ислам Ахметов бірінші болып гол соқса, Руслан Сандыбаев ойынның жетінші минутында есепті еселей түсті. Ал үшінші доптың авторы – Әділ Балғабаев.

Осылайша алматылық ҚазҰУ құрамасы алғаш рет ұйымдастырылған жарыстың күміс жүлдегері атанса, жарыстың қола медалі Қазақ ұлттық аграрлық университетінің еншісінде кетті. Үшінші орын үшін болған кездесуде С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ құрамасы қарсыластарына 2:3 есебімен жол берді.

Естеріңізге сала кетейік, жеңімпаздар 2015 жылдың 6 маусымында Берлин қаласында болатын УЕФА Чемпиондар лигасының финалдық кездесуіне билеттер ұтып алды. Ал вице-чемпиондар 2015 жылдың 27 мамырында Варшава қаласында өтетін УЕФА Еуропа лигасының финалдық ойындарын көруге арналған билеттерге ие болды. Қолаға қол жеткізгендер де қарап қалмайды: алдағы жылы Тбилиси қаласында өтуі тиіс УЕФА Суперкубогын тамашалайтын үлкен мүмкіндікке ие болды.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button