Қоғам

Ұлттық мүдде бәрінен биік

«Ағылшындардың мәңгілік досы жоқ, ағылшындардың мәңгілік қасы жоқ. Ағылшындардың мәңгілік мүддесі бар» дейді. Бұл қазаққа да тікелей қатысты. Иә, ұлттық мүдде – мазмұны мен ауқымы мейлінше кең ұғым. Ұлттық мүдде міндетті түрде қорғалуы керек. Осы ретте әлем елдерінің бірі ретінде Қазақстанның мәртебесі халықтың санымен емес, сапасымен анықталады: адамдардың денсаулығы, білім деңгейі, еңбек өнімділігі және басқа да көрсеткіштер. Сондықтан жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нақты 10 тармақтан тұратын ұлттық жобалар тізімін бекітті. Солардың бірқатары жөнінде ой тарқатып көрейік.

«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы сол тізімнің соңында тұрғанмен, мәні мен маңыздылығы тұрғысынан қауіпсіздік мәселесі алдыңғы қатардағы мейлінше өзекті мәселе екендігін айтқан жөн. Өйткені адам баласының соғыссыз өткен кезеңдері тым аз. Білікті мамандардың арнайы зерттеулеріне сүйенсек, соңғы алты мың жыл ішінде жеті миллиард адамның басын жұтқан ірілі-ұсақты он бес мың соғыс болып өтіпті. Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыстан бері әлемде 170 рет соғыс өрті тұтаныпты. Бүгін де төрт құрлықта 24 жерде соғыс сипатындағы қақтығыстар орын алып отыр. Қауіпсіздік мәселесі әсіресе 3,5 миллиардқа жуық халық қоныстанған (адамзаттың жартысынан көбі), әлемдік ішкі жалпы өнімнің 55 пайызы өндірілетін және бүкіл әлемдік сауда көлемінің 40 пайыздайы шоғырланған Азия үшін өте өзекті. Айта кетерлігі сол, бұрын да, қазір де планетаның бұл ең тығыз қоныстанған аумағы тұрақсыз болып келеді.

Жалпы алғанда, көршілес Азияның әлемнің жарылыс қатері мол бес-алты аймақтардың қатарына жатқызылғаны туралы ашық айтылуда. Бұл тұрғыда Ауған мәселесі күрмеуі шиеленіскен өзекті тақырып десек қателеспейміз. 2021 жылғы 15 тамызда «Талибан» қозғалысы Ауғанстан аумағын толық басып алғанын жариялағаннан кейін де жағдай сол күйде. Өндірісі тоқтаған, шаруасы қожыраған бұл жерде бұрынғыша есірткі мен есірткі бизнесі белең алып отыр. Естуімше, бүгінде Мәскеудің «қара базарында» ауған есірткісі үлкен сұранысқа ие болуда. Ендеше оны тасымалдау көлемі ұлғаятынына, ал есірткі дәлізін Қазақстан аумағы арқылы жүргізуге ұмтылыс жасалатынына еш күмән жоқ. Босқындар жайы да алаңдатарлық. Олардың көпшілігінің біздің аймаққа қарай жөңкілуі ықтимал. Егер осылай бола қалса, тұрақтылық жайлы көпке дейін ұмытуға тура келеді. Мына мәселені де қаперімізде ұстаған жөн. Әскери-стратегиялық қағидаларға сәйкес, әр мемлекеттегі әскердің саны халықтың 0,5 пайызын құрау керек. Яғни 19 миллионның 0,5 пайызы – небәрі 95 мың әскер деген сөз. Біз 95 мың әскер ұстауға құқылымыз, бірақ біздегі әскер саны одан да аз. Ал мамандардың айтуынша, әлемнің тоғызыншы территориясын тек қана «қымтап жабу» үшін бізге 150 мың әскер керек екен. Мұндай мүмкіндік 30 миллион халқы бар елге ғана берілген. Қазақстанға әзірге қол жетпес меже. Сондықтан да өз тарапымыздан тиісінше әрекеттер жасалмаса, еліміздің тыныштығына ешкім де ке­пілдік бере алмайтыны белгілі. Сол себепті кезінде Елбасы Н.Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблея­сының 47-сессиясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыру және Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп жариялау жөнінде ұсыныс енгізді. АӨІСШК – қазір аймақтағы ең маңызды ұйымдардың бірі. Қазақстанның бастамасымен құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымы да аумақтағы қауіпсіздікті тиісінше қамтамасыз етуге оң ықпал етіп отыр. Сонымен бірге өз еліміздің күш-қуатын еселеу бағытында да нақты шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ауған процесін реттеу мақсатында Мемлекет басшысының шешімімен арнайы өкілдің тағайындалуы ауған проблемасы бойынша екіжақты форматта және көпжақты келіссөздер механизмдері аясында шет елдік серіктестіктермен бірлесе отырып, тығыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ал Ауғанстанда берік бейбітшілік орнату мәселесі Қазақстанның ұзақ мерзімді ұлттық мүддесімен сай келеді және де бұл терроризм, экстремизм, заңсыз миграция және есірткі тасымалы сияқты қауіп-қатерлерге қарсы күрес тұрғысынан алғанда да аса маңызды саналады, осылайша Орталық Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді.

Сондай-ақ Қарулы Күштер заман талабына сай мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын, өз халқының ұлттық мүддесін қорғауға әрқашан да дайын болуға тиіс. Сондықтан «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы бағытының бірі – «Қарулы Күштерді жаңғырту». Нәтижесінде асимметриялы және гибридті сын-қатерлерге тойтарыс беруге дайын болу, әскери процесті басқаруда жаңа технологияны енгізу және автоматтандыру – осының барлығы бүгінде ерекше маңызды болып отыр. Мұның сыртында Қазақстан Президенті – Жоғары Бас қолбасшы 2021 жылғы тамызда Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың құрылысы мен даму тұжырымдамасын бекітті. Оны іске асыру мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыруға, әскери қауіпсіздікке төнетін қазіргі заманғы сын-қатерге пара-пар ден қоюға және бейбіт уақыттың міндеттерін тиімді орындауға мүмкіндік береді. Мұның бәрі келешегімізді жаңа қырынан айқындап, еркін де еңселі әрі қауіпсіз қоғамға нық қадам басуға толық кепіл бола алады деуге негіз бар.

Ал осынау бейбіт өмірді баянды етуге ықпал етер экономиканың дамуына үш түрлі капитал үлес қосады. Бірінші, табиғи капитал өндірісте қолданылады. Екінші, физикалық капиталға тауар өндіру мен қызмет көрсетуге қажет құрал-жабдықтар, машина, тұрғын үй құрылысы мен түрлі қорлар жатады. Үшінші, адами капиталы бейматериалдық, зияткерлік активтермен өлшенеді. ХІХ-ХХ ғасырларда дамыған мемлекеттер адами капиталға инвестицияларының 20-30 пайызын ғана салып, қалғанын физикалық капиталға арнады. ХХІ ғасырдың басында, керісінше, инвестициялардың 80 пайызы адами, 20 пайызы физикалық активтерге жіберілуде. Бұл әсте кездейсоқ емес. Адам – экономика дамуының әлеуеті де, шектеуіші де. Бүгіндері кей салалар заманауи адами капиталдың жетіспеушілігіне байланысты дамымай отыр. Сондықтан отандық білім беру жүйесінің басты міндеті адами капиталды дамыту арқылы Қазақстанның әлемдегі бәсекелестігін арттыруға саяды. Президент те өз тарапынан «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасына басымдық беріп отыр.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, ұлттық жоба бес міндеттен тұрады. Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95 пайызға, 3 жастан 6 жасқа дейін 100 пайызға жетеді. «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде бала дамуының жаңа моделі де енгізіледі. Екінші міндет – орта білім беру сапасын арттыру. Бұл жоба шеңберінде 12 жылдық оқытуға көшу жоспарланған. Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Ол үшін 2025 жылға қарай бір мың мектеп салу көзделіп отыр, ал шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 5 мың мектеп модернизацияланады. Төртінші міндетке келсек, бұл – қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. Атап айтсақ, 2025 жылға қарай жастардың 100 пайызы қажетті мамандықтар бойын­ша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілмекші. Ал бесінші міндет еліміздегі жоғары оқу орындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Ұлттық жоба шеңберінде Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша 20 академиялық артықшылық орталығы (15 өңірлік және 5 педагогикалық ЖОО) және 2 озық ЖОО құрылады. Сондай-ақ 2025 жылдың соңына дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу көзделуде, бұл жастардың елден кетуін қысқартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, халық ағартушысы Ыбырай Алтынсарин айтқанындай: «Халық үшін қызмет ететін білімді адамдардың қатарын көбейту арқылы қазақ қоғамының мешеулігін жоюға болады, сондықтан жастарды оқытып-тәрбиелеу ісінен артық ешнәрсе жоқ». Ал пайғамбарымыздың хадистерінде мынадай сөздер бар: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе, Алла Тағала оның жәннатқа баруын жеңілдетеді».

Сайып келгенде, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының ең басты міндеті кең көлемдегі ақпарат тасқынында өзін еркін сезінетін және сыни тұрғыда ойлана алатын азаматтар дайындау болып табылады. Барынша орынды әрі маңызды шешім. Өйткені қазір әлемде бірінші кезекте АҚШ-та терең білімге негізделген жаңа цифрлық экономиканы өмірге әкелген бесінші технологиялық Кондратьев К-циклі біртіндеп алтыншы деңгейге өтуде. Бұл көшу, әлемдік сарапшылардың пікірінше, физика, биология, математика және химияны бір ғылымға біріктіру жолымен жүреді және жаңа технологиялық жетістіктер мен материалдарға жүгінеді. Ал алтыншы технологиялық циклдің басты философиясы таным мен әлеуметтік тәжірибе процесінде адам, қоғам және табиғаттың мызғымас бірлігінің принципі болып табылады. Әзірге бұл туралы бізде қандай да бір сөз болып та жатқан жоқ. Сондықтан да Мемлекет басшысы «Цифрландыру, ғылым және инновация­лар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын ұсынып отыр. Аталмыш жобаның басты мақсаты – Қазақстанның цифрлық трансформация есебінен тиімді мемлекеттік басқаруы бар, сенімді деректер негізінде шешім қабылдайтын, сондай-ақ цифрлық дәуірде инфрақұрылымды тиімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның қосатын үлесін арттыратын заманға сай елге айналу. Ұлттық жоба жүзеге асқан жағдайда 100 мың жаңа жұмыс орны құрылады, мемлекеттік қызметтер смартфонда 5 минут ішінде көрсетіледі, кепілдендірілген жылдамдықтағы интернет іске қосылады (қалалар – 10 мб/сек, ауылдар – 5 мб/сек), ғалымдар мен зерттеушілер санын 34 мың адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туады, криптоиндустриядан жыл са­йын 79 миллиард теңге салық түсетін болады.

Иә, өмірдің талаптарына сай даму – бұл қоғамның алға жылжуы, адамзат өркениетінің өнегелі өлшемі. Осыған байланысты мына бір мысалды келтіре кеткен жөн тәрізді. Сауд Арабиясының белгілі саясатшысы Ахмед Заки Ямани былай дейді: «Тас дәуірі әлемде тас таусылып қалғаннан аяқталған жоқ, мұнай дәуірі де дүниеде мұнай көзі біткендіктен тоқтап қалмайды. Мұнайдың орнын биоэнергетика, ядролық, сутегі энергиясы, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері сияқты энергияның неғұрлым жетілдірілген түрлері басатын болады». Қазақстанға энергия өндірудің аралас жүйесі тән. Бұл қуатты дәстүрлі энергия көздерімен қатар мүмкіндігінше жаңартылған энергия көздерін дамытуға мол мүмкіндік береді. Осы тұрғыда еліміздің әлеуеті зор. Мәселен, Қазақстандағы жел энергетикасы жылына 920 млрд киловатт/сағат өндіреді деп бағаланады. Су энергиясы әлеуеті 62 млрд киловатт/сағатты құрайды. Күн энергиясының әлеуеті жылына 2,5 млрд киловатт/сағатқа дейін жетеді. Бүгінде толық қуаты 2 мың мегаватт болатын жаңартылған энергия көздерінің 50-ден астам нысаны жұмыс істеп тұр. Ал 2050 жылы баламалы энергияның мемлекеттік энергия теңгеріміндегі үлесі 50 пайызға дейін көтерілуі қажет. Сондықтан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан «Жасыл Қазақстан» және су ресурстарын басқаруға байланысты екі ұлттық жоба қолға алынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы ауаның ластану деңгейі өте жоғары 10 қаланың жағда­ын жақсартуы тиіс. «Жасыл Қазақстан» негізгі 7 бөлімнен тұрады. Су нысандарын сауықтыру, ауаның ластану деңгейін төмендету, қалдықты басқару, биоалуандылықты сақтау, елімізді көгалдандыру, энергия тиімділігі, сол секілді экоқұрылым мен экологиялық мәдениетті арттыру – аталған жобада қамтылып отырған негізгі бағыттар. Бұл Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған және Шымкенттегі экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді. Министрлік мәлімдемелеріне сәйкес, 2025 жылға қарай ағын суларды төгу көлемін төмендету, қалдықты өңдеу үлесін ағымдағы 18 пайыздан 35 пайызға дейін арттыру, сондай-ақ еліміздің ІЖӨ-дегі энергия сыйымдылығын қысқарту көзделуде. Сонымен қатар республиканың орман қорында екі миллиард ағаш отырғызуға байланысты орындалып жатқан жұмыстардың тиімділігін арттырып, қоғамдық мониторингті күшейту үшін министрліктің қолданыстағы геопорталының базасында интерактивті картаны құру ұсынылады.

Сондай-ақ ұлттық жоба аясында халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту, оның ішінде атмосфералық ауа сапасын жақсарту, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен тиімді жұмыс істеу, суды тиімді әрі ұқыпты пайдалану, Балқаш көлі мен Солтүстік Арал теңізінің экожүйелерін сақтау, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлері мен ихтиофаунаның санын ұлғайту, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру, жасыл екпелер алаңын ұлғайту, табиғат пен жануарлар дүниесіне ұқыпты қарауға дағдыландыру арқылы биологиялық әртүрлілікті сақтау, сондай-ақ халықтың экологиялық санасын жаңғырту көзделіп отыр. Су кодексін әзірлеу және су саласының мамандарын даярлау жөніндегі жұмысы да күшейтілмек. Ұлттық жоба аясында 2 мың шақырымға жуық магистралды арналарды жаңғырту, жалпы көлемі 885 млн текше метрді құрайтын 8 жаңа су қоймасын салу міндеті тұр.

Жалпы ұлттық жобалардың ұтымды тұсы көп. Мәселен, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында тұрғын үй құрылысына 13,5 триллион теңге инвестиция тартылып,16 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері салынады, жолдар жөнделіп, жоғары жылдамдықтағы магистраль құрылысы жүргізіледі. Ал «Кәсіпкерлікті қолдау» ұлттық жобасы бойынша 690 мың шағын және орта бизнес субъектісі мемлекеттік қолдауға ие болады, «Бастау бизнес» аясында жеке ісін ашқан кәсіпкерлер саны 2 есе өседі, соның ішінде 55 мың ауыл кәсіпкеріне нақты қолдау көрсетіледі. «Тәні сау­дың – жаны сау» десек, сол мақсатқа қол жеткізу үшін «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы дайындалып, халықтың медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға қатты көңіл бөлінуде. Нәтижесіз де емес. Егер осыдан он жылдай бұрын жүрекке ота жасату үшін адамдар шетелге баратын болса, қазір елімізде жылына жүрекке 60 мыңдай ота мемлекет есебінен тегін жасалынады. Осынша адам өмірлерін ұзартып қана қоймай, толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік алып отыр. Жүрек ауруынан қайтыс болатындар 30 пайызға дейін азайды. Сөйтіп, ұлттық жобада көзделгендей, адамдардың өмір сүру ұзақтығын 2020 жылғы 71,37 жастан 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайтуға жағдай бар. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасы бойынша да оң нәтижелер күтілуде. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі 1,5 есе артады. Шикізаттық емес экспорт 2 есе ұлғайып, 2025 жылы 41 миллиард долларды құрайды, экономикадағы еңбек өнімділігі 1,2 есе өседі. Геологиялық зерттелетін аймақтың көлемін 2,3 миллион шаршы шақырымға дейін ұлғайту көзделуде. Жалпылай алғанда, экономикаға тікелей қатыс­ты ұлттық жобалар тұрақты экономикалық өсуді 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуге, халықтың табысын 27 пайызға арттыруға және 450 мың тұрақты жұмыс орнын құруға жол ашады.

Түптеп келгенде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған ұлттық жобалар қазіргі дамудың жаңа ұйымдастырушылық сатысына өтуге мүмкіндік беріп отыр, осыны пайдалануымыз керек. Үкімет те ұлттық жобаларды іске асыру экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттырудың, халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың факторына айналатынын мәлімдеп отыр. Бұл ұлттық мүддемізге толық сай келеді.

Ал ұлт мүддесін сөз ету – Абайдан басталған мәңгі тақырып. Оның шегі де жоқ.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button