Жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАЙТЫН ЖОБА

автошеру

ҚР Ұлттық музейі тұңғыш рет ұйымдастырған «Ұлттық мұра» атты автошеру мәресіне жетті.

Осыған байланысты өткен баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген музей ди­ректоры Дархан Мыңбай бұл автоше­ру ғылыми-зерттеу жұмыстарының басы екенін атап өтті.

Жақында Ұлттық музей ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат беретін мемлекеттік лицензия мен ғылыми байқауларға қатысуға жол ашатын арнайы куәлікке қол жеткізіпті. Директордың айтуынша, енді музей ұжымы еліміздегі ірі ғылыми-зерттеу орталығын құруды жоспарлап отыр.

Астана күні қарсаңында ашылған республикамыздағы ірі мәдени ошақ жөніндегі ақпарат жұртшылыққа жетуі керек. Автошеру ұйымдастырудың басты себебі де осында. «Құрамында ғалымдар мен музей қызметкерлері бар автошеру аймақтарда Ұлттық музей қорына бірегей мәдени жәдігерлерді өткізу жөнінде ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, өзге өңірлердегі музей қызметкерлерінің ұсыныс-тілегін қағазға түсіріп қайтты» деді Дархан Мыңбай.

Баспасөз мәслихатына қатысқан мұрапалы топтың мүшесі, белгілі ғалым Жамбыл Артықбаев алдағы авто­шерулер ғылыми-зерттеу сипатына ие болатынына сенім білдіре келе, оған археологтар мен этнографтарды да жұмылдыру қажеттігін жеткізді.

«Мәдени мұра» бағдарламасының қабылданғанына 10 жыл толуына жә­не Ұлттық музейдің ашылуына орай ұйым­дастырылған автошеру бұл жолғы сапарда Алматы – Тараз – Шымкент – Түркістан – Қызылорда – Жезқазған – Қостанай – Көкшетау – Астана бағытындағы мәдени-тарихи нысандарды аралап, орталық және оңтүстік аймақтардың музейлерінде болды.

Ұлттық музейдің жобасы алдағы 3 жылға жоспарланған. 2015-2016 жылдары автошерушілер еліміздің Шығыс, Батыс, Солтүстік аймақтарын араламақ.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button