Ұлттық музейде «Айбыны асқақ Ата Заң» атты дөңгелек үстел өтті
Мемлекеттік басқару академиясы мен Заң шығару институтының қызметкерлері, тарихшылар, филологтар қатысқан шарада Қазақстан Конституциясын қабылдаудың тарихына шолу жасалып, оның мән-маңызы туралы әңгіме өрбіді.

Қазіргі қоғамда заңды білу – заман талабы. Әрбір азамат өз құқын тек қана заң арқылы қорғай алады. Ал оны білмеген адамның ұпайы түгенделмейтін жағдайлар жиі орын алып жатады. Ата Заңның бірінші бабында да өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырған Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені айтылған. Басқосуда сөз алғандар осы жөнінен пікір алмасты. Сонда оқылған негізгі баяндамадан үзіндіні оқырман назарына ұсынамыз.
Жамаладин ИБРАГИМОВ, Заң шығару институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты:
– «Заң – қоғамның тәжірибесін адамның игілігіне жұмсаудың айқын көрінісі» деп, кезінде батыс ойшылдары айтып кеткен. Осыдан заң халықтың мүддесіне қызмет етуі керек дегенді ұғамыз. Алайда қоғамда заң заңгерлерге ғана керек деген пікірдің қалыптасқанын көріп отырмыз. Қарапайым азаматтардың заңды білу талпынысы аз. Ал шындап айтқанда, әрбір адам заңның қоғамда атқаратын рөліне үлкен мән беру керек.
Конституция деген сөздің түпкі мағынасы, мән-маңызы өте терең. Бұл құрылым, жүйе деген мағынаны білдіреді.
Ол тек заң саласында ғана емес, биоорганика, химия, медицина салаларында қолданылады. Осы термин латын тілінен аударғанда да бекіту, жарғы, заң деген қазіргі замандағы мағынаға сыяды.
Заң – мемлекеттің қарқынды дамуының қадамдарын бекітіп отыратын нормативтік құқықтық құжат. АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясының авторы, сол елдің үшінші Президенті Томас Джеферсон: «Заң адамдармен бірге прогрессивті түрде алға қарай қадам жасап отыру керек» деп айтқан. Сондықтан заңға өзгерістерді енгізу заман талабынан туындап жатады. Мәселен, АҚШ Конституциясының қабылданғанына 225 жыл болса, оған осы күндерге дейін 27 рет толықтырулар мен өзгертулер енгізілді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ