ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙДІҢ ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қала тұрғындарын жағымды жаңалықтарымен қуантты. Кеше мұражайда аудиогид, QR – код пен «оnline-ticket» жүйесінің таныстырылымы өтті.
Ұлттық музей – заманауи жаңа технологиялармен жабдықталған еліміздегі бірегей ғимарат. Бұдан былай келушілер арнаулы мамансыз-ақ, аудиогидтің көмегімен өз бетінше экскурсия жасай алады. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қызмет көрсететін құрылғы жәдігерлер жайындағы деректерді емін-еркін тыңдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, музей экспозициясындағы макеттердің тарихы жайында мәліметтер жазылған QR-кодтар орналастырылған. Оларды арнаулы планшеттер арқылы сканерлеп оқуға болады. Штрих кодқа гаджетті жақындатып, суретке түсіре қойсаңыз болғаны – экранға барлық ақпарат шыға келеді. Тіпті, жеке смартфоныңызға арнаулы бағдарламаны жүктеу арқылы да танысуға болады.
Музейге келушілерге барынша ыңғайлы әрі пайдалы болуы үшін жан-жақты жағдай жасалған. Мәселен, бұдан былай «оnline-ticket» жүйесінің көмегімен билетке алдын ала тапсырыс жасай аласыз. Ол үшін үйден шықпай-ақ, ғаламтор арқылы музейдің сайтына кіріп, «Оnline билет» бөліміндегі шарттарды орындайсыз. Төлем жасағаннан кейін билет электронды поштаңызға жіберіледі. Шығарып алып, музейге тарта беруіңізге әбден болады.
– Біз әлемдік стандартқа сәйкес жұмыс істеуіміз керек. Мұндай құрылғылар ғаламның біраз мұражайларында көптен бері қолданысқа ие, – деді ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай.
Айта кетейік, музейдің жұмыс уақытына аздаған өзгеріс енгізілді – енді сәрсенбі емес, сенбі күні кешкі тоғызға дейін ғимаратты асықпай аралай аласыз.
Күнайым СӘКЕН