Ұлттық ғылыми нейрохирургия орталығының дәрігерлері ерекше күрделі операция жасады
Астанадағы нейрохирургия орталығының дәрігерлері науқасты аневризмадан арашалап қалды.
Аневризма дегеніміз – қан тамырларының жіңішкеруіне немесе созылуына байланысты тамырдың күп болып ісінуі. Мамандар көмегіне жүгінген отыз алты жастағы әйелдің миындағы бір қан тамыры шар тәріздес ісініп, оның диаметрі 4 см-ге жеткен. Сәл болмағанда жарылып, миына қан құйылып, өліп кетуі мүмкін екен. Науқастың айтуынша, осыдан жарты жыл бұрын басы қатты ауыра бастаған, бұған қоса көзінің көруі де нашарлаған. Пациент бірнеше рет өз аймағындағы дәрігерлерге көрініп, одан соң Ташкент қаласында тексерілсе де, ешқандай толыққанды көмек ала алмаған.
Ұлттық нейрохирургия орталығына жүгінгеннен кейін әлгі әйелді мамандар қарайды. Ақырында миына жүргізілген ангиография деректері бойынша ішкі ұйқы артериясының сол жағындағы аневризманы анықтайды. Аневризманың диаметрі қалыпты артерия мөлшерінен 10 есе үлкен болыпты.
Артынша дәрігерлер уақыт жоғалтпай бірден іске кіріскен. Ота екі кезеңнен тұрды. Алғашында нейрохирургтер экстракраниальді анастомозды микрохирургиялық жолмен салып, кейіннен ұйқы артериясының эндоваскулярлық окклюзиясын жасады. Операция сәтті жүзеге асты. Пациент таяуда ауруханадан үйіне шығарылады.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ