Басты ақпаратМәдениет

Ұлттық өнерді ұлықтаған сайыс

Биыл «Ән атасы» атанған Әміре Қашаубаевтың Париж төрінде ән салып, қазақ әнін әлемге танытқанына 100 жыл толады. Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы мен Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Халық әні» бөлімі бірлесіп ұсынған «Дода» атты өнер сайысы осы айтулы оқиғаға арналды.

Елордадағы екі ірі де іргелі өнер ордалары бір сахнада кездесіп, тартысқа толы шығармашылық сайыс және тамаша шоу-бағдарламамен көрермендерді тәнті етті. Са­йысты белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов кіріспе сөзбен ашып берді. Қос тараптан шыққан танымал өнерпаздар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлмира Сарина мен Айгүл Елшібаева Сейітжан салдың «Қанатталдысымен» және «Наурызбектің жыр бастауымен» жиналған жұртшы­лықты қыздырып алды.

Сайыс үш айналымнан тұрды. Алғашқы ән мен күй жарысында астаналық филармонияның әншісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Жандос Иманбай Иса Байзақов­тың «Исаның желдірмесін» желдіртсе, «Қазақконцерт» атынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айзат Қарабек халық әні «Қарғам-ауды» гитарамен сызылтты. Ал күйшілер сайысы үштік сайысына айналды. Мұнда Мейрам Айтмағанбетов, Райымбек Тарихов, Мағжан Шәріп (филармония) Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін, қарсы тараптан Бауыржан Бекмұханбет, Жанту Дадабаев, Ғаламат Бейсеқожа («Қазақконцерт») Бауыржан Бекмұханбеттің «Шалқыма» күйін ұсынды.
Екінші айналымда қатысу­шылар би жарысы мен дуэтпен ән орындаудан сайысты.

Филармонияның «Шалқыма» халық би ансамблі «Қазақконцерттің» «Бірлік» би ансамблі­мен тартысты. Қазақтың домбыра, қобыз, сыбызғы, жетіген сынды төл аспаптардың сүйе­мелдеуімен республикалық байқаулардың лауреаты Айдос Оңғарбай мәдениет саласының үздігі Әйгерім Нар­түйемен (филармония) жұп құрып, халық әні «Екеуің-айды» айтты. Ал «Қазақконцерт» атынан «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лау­реаты Асқар Мұқият пен мәде­ниет саласының үздігі Перизат Тұрар Ақан серінің «Қараторғайын» шырқады.

Үшінші айналым «Ансам­бль­дің жеке шығармасы» және «Ансамбльдің сүйемел­деуімен ән орындау» деп аталды. Мұнда филармонияның «Қорқыт» этноансамблі «Бақтыбайдың әуенін», «Қазақконцерттің» «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі Бауыржан Ақтаевтың «Арнау» туындысын орындады. Аталған ансамбльдердің сү­йемелдеуімен халықаралық байқаулардың лауреаты Сәулежан Тағзия (филармония) Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін», республикалық байқаулардың лауреаты Дінисламбек Жайлаубай Ғарифолла Құрманғалиевтің «Еңбек» әнін әуелетті.

«Тосынсый» бөлімінде «Қазақконцерттің» қобызшылары, филармонияның «Халық әні» бөлімінің әншілері өнер көрсетті. Сондай-ақ қатысушылар мақал-мәтел, жұмбақ шешу сайыстарында ой жарыстырды. Доданы белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали әзілмен әдіптеп жүргізді. Қос тарап жетекшілері – әнші, радиожурналист Жасұлан Наурызбайұлы («Қазақконцерт») және мәдениет саласының үздігі Берік Омаров (филармония) сайыскерлерді қамшылап отырды. Ұлттық өнер ұлықталған сайыс қорытындысында қазақ өнері, яғни достық жеңді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button