Ел тынысы

Ұлттық қауіпсіздік жүйесі – мемлекеттігіміздің басты тұғыры

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына ­арналған салтанатты жиынға қатысып, ҰҚК органдарының ардагерлерін, офицерлері мен қызметкерлерін құттықтап, олардың Қазақстан мемлекет­тігін нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

[smartslider3 slider=3483]

– Ұлттық қауіпсіздік жүйесі – мемлекеттігіміздің басты тұғыры. Сондай-ақ, дербес дамуымыздың мызғымас тірегі. Отан үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың арқасында еліміз өсіп-өркендеуде. Сіздер ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерге дер кезінде тойтарыс беріп келесіздер. Бүгінде мемлекеттің негізі және конституциялық құрылымы берік қорғалған. Тәуелсіздігіміздің құндылықтары бірнеше рет елеулі сын-қатерлерге тап келді. Сіздер бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін табанды еңбек еттіңіздер, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік органдарының екі мыңыншы жылдары терроризм мен радикалды діни экстремизмге қарсы күреске қосқан үлесіне тоқталды. Сондай-ақ Сыртқы барлау қызметінің ұлттық мүддені қорғау жолында өз міндетін табысты орындап келе жатқаны және комитеттің «А» арнаулы қызметі мен Шекара қызметінің жұмыстары туралы айтты.

– Жыл басынан бері комитет қызметкерлерінің тиімді жұмысының арқасында экстремистік әрекеттерге қатысқан және терроризмді насихаттаған 42 адам ұсталды. Екі террорлық актінің алдын алды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қарқынды жүргізілуде. Ұлттық қауіпсіздік органдары полициямен бірлесіп, бірқатар аса қауіпті қылмыстық топты құрықтады, бандиттік ұйымдардың 22 мүшесі тұтқындалды. Нәтижесінде 700-ге жуық қару-жарақ, 54 граната, 17 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Жарты жылдың ішінде елімізде 15 есірткі лабораториясы, 23 халықаралық және 40 аймақтық есірткі каналдары жойылды, 3 есірткі плантациясы әшкереленді. Шетелдік серіктестермен бірлесіп, халықаралық есірткі тасымалына қарсы күрес аясында 14 халықаралық арнайы операция жүзеге асырылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінде келтірілген деректерге сәйкес, Қазақстан шекарашылары шекара және аумақтық сулар режимін бұзған 7 мыңнан астам адамды ұстаған. Жалпы құны 8 миллиард теңгеден асатын валюта, алтын және басқа да тауарлардың заңсыз тасымалының жолы кесілген. Сонымен қатар арнаулы қызмет еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз етуде. Еліміздің маңызды инфрақұрылымдық нысандарына жасалған 1,5 мың DDoS шабуылына сәтті тойтарыс берілді.

– Ұлттық қауіпсіздікті қорғау ісі көбінесе ел назарынан тыс жүргізіледі. Оны көпшілік біле бермейді. Дегенмен сіздердің жұмыстарыңыздың мән-маңызы айрықша. Шынайы патриотизм атақ үшін емес, Отан үшін елге адал қызмет етуден көрінеді. Біз ел мүддесін қорғау жолында құрбан болған қаһармандарды ешқашан ұмытпаймыз. Олардың ерлік істері жұртқа жарияланбайды. Бірақ есімдері Ұлттық қауіпсіздік қызметінің жылнамасына алтын әріппен жазылады. Комитет ардагерлеріне көп жылғы еңбегі үшін зор алғыс айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент күшейіп келе жатқан геосаяси шиеленіс, бұрын-соңды болмаған санкциялық текетірес, гибридті қақтығыстардың таралуы ұлттық қауіпсіздікке жаңа сын-қатерлер қаупін төндіреді деп санайды. Оның пікірінше, қарқынды жаһандану мен жаппай технологиялық төңкеріс елдер арасындағы шекараның ашық болуына әкеп соқтырды. Мемлекеттердің бір-біріне тәуелділігі артады және мұндай жағдайда Қазақстанның ақпараттық және әлеуметтік-мәдени кеңістігіне сыртқы күштердің ықпалы күшейе түседі.

– Алдымызда мемлекеттік және қоғамдық институттардың орнықты әрі тиімді жұмыс іс­теуін, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр. Қаңтардағы қасіретті күндерде комитеттің бірқатар басшыларының намыссыздығы мен сатқындығына қарамастан, көптеген офицерлеріміз өз анттарына адал болып, батыл әрекет етті, нағыз ерлік көрсетті. Өзге елдерде жуырда болған ауқымды қақтығыстар тұрақтылық болмай, орнықты даму мүмкін емес екенін тағы да бір көрсетіп берді. Ұлттық қауіпсіздік – мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың шешуші факторы. Арнаулы қызметтер жұмысының табысты болуы мемлекеттердің ішкі саяси тұрақтылығына ғана емес, сондай-ақ олардың орнықты экономикалық дамуына айтарлықтай дәрежеде байланысты, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Жаңа Қазақстанды құруға кіріскенін, қоғамның барлық саласында түбегейлі жаң­ғыртулар жүргізіле бастағанын мәлімдеді. Мемлекет азаматтық қоғамды дәйекті түрде дамытып, демократиялық қағидаттарды қорғайды. Оның айтуынша, бұл – еліміздің дамуы үшін өте маңызды қадам. Сондықтан әділдік және заң үстемдігі осы жолда басты бағдар болады. Президент мамыр айында Ұлттық қауіпсіздік комитетін реформалау, яғни оның қызметін түбегейлі трансформациялау және ұлттық қауіпсіздік жүйесін басқару сапасын арттыру жөніндегі Жарлыққа қол қойғанын еске салды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button