Ұлттық құндылықтар ұпайымызды түгендей ме?
Биылғы көктемде Астана қаласы мәслихатының отырысында елордада мәдени туризмді дамыту мәселесі талқыланды. Сол жиында мәслихат депутаты Владислав Сергеев «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешенін этноауылға айналдыру ұсынысын жеткізді. Оның пікірінше, ашылғанына 23 жыл болған аталмыш кешен өзінің тарихи миссиясын атқарып бітті, ал картаның тұрған орны қалада этнотуризмді өрлетуге аса тартымды, маңайында қала қонақтары көп баратын Мемлекеттік ту алаңы, Ailand отбасы демалыс орталығы орналасқан. «Атамекенді» жаппай, кешен аумағында ұлттық құндылықтарды насихаттауға болады екен.Бұған бастама жасалды.
Осы жаздың басында Ерубай Исатаев есімді азамат кешенге кіреберіске қос киіз үй тікті. Онда ұлттық тағамдардан дәм татып, киіз үй жабдықтарымен қатар домбыра секілді ұлттық аспаппен, қазақ батырлары ұстаған бес қарумен танысуға болады.
Осындай киіз үйлер Ақмол кентіндегі «АЛЖИР» мемориалды мұражай-кешені аумағына да тігілді. Оның насихатына Астана қаласы әкімдігі Бірлескен мұражайлар дирекциясының қызметкерлері үлес қосып отыр. «Атамекен» де, «АЛЖИР» де дәл осы мекемеге қарайды. Дирекция мамандарының айтуынша, аталмыш кешендерге шетелдіктер көп келеді. Сонда қызметкерлер оларды киіз үйлерге қарай бағыттап жібереді. Мәселен, біз барған күні Сингапур елінің азаматтары келді. Оларды дирекция маманы Қабиден Қуанышбай ертіп әкелді.
«Көбінесе киіз үйіміз қаланың шетіне тігіліп, жетім баланың күйін кешеді. Наурыз мерекесі кезінде ғана төрге шығады. Киіз үйді қазақтың жаны десек болады. Қазір кейбір компьютер клубтары, мейрамханалар мен дәмханалар шаңырақ, кереге сияқты киіз үй элементтерімен безендіріліп жатады. Осы жағы, яғни бұл нысандардың қазақы нақышта болғаны қуантады. Ал өкініштісі, киіз үйді тігу мерзімі қысқа, тек көктем, жаз айларында ғана тігіледі. Бірақ біз киіз үйлерімізді қыста да жұмыс істейтін етеміз бе деп отырмыз. Тиісті рұқсатты алдық, жылыту секілді амалдарды да ойластырып жатырмыз» дейді Ерубай Исатаев.
Оның айтуынша, шетелдіктердің киіз үйлерге, ұлттық тағамдарымызға ықыласы ерекше. Мәселен, жақында «АЛЖИР»-де болған Ресей азаматтары қазақы үйлерге кіріп, ұлттық тағамдардан дәм татты. Риза болғандары сонша, түскі уақытта келіп, кешке қарай бір-ақ шыққан.
«Кезінде Оразкүл Асанғазы Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы болғанда бас қалада этноауыл ашуды ұсынды. Бес қаруды сол уақытта арнайы жасаттым. Бірақ сол кезде бұл ұсыныс өтпей қалды. Енді жүзеге асып жатқан сыңайлы. Биыл елордада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оның өту мерзімінде киіз үйімізге келетін қонақтар саны көп болады деп шамалап отырмын» дейді Ерубай Исатаев.
Айтқандай, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары уақытында елорданың «Қазанат» ипподромы аумағында «Көшпенділер әлемі» атауымен этноауыл орналасады. Қалалық мәслихат отырысында мұның жайы да қозғалды. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде дәл осындай этноауыл жұмыс істегені белгілі. Алайда көрме өткеннен кейін этноауыл жабылды. Мәслихат депутаты Владислав Сергеев көшпенділер ойындары аяқталған соң да жабыла ма деп сұрады. Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжановтың айтуынша, ойындар өткеннен кейін де этноауыл жұмыс істей береді. Онда жәрмеңкелер ұйымдастырылады.
«Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалды кешені қоғамды Қазақстанның бай мәдени және рухани мұрасымен, тарихи-мәдени және рухани құндылықтармен таныстыру, қазақстандық мәдениеттің жетістіктерін насихаттау, мәдени құндылықтарды сақтау және арттыру мақсатында құрылған еді. Алайда кешен күн суытқанда жабылып, жылдың жылы мезгілдерінде ғана жұмыс істейді. Оның аумағында киіз үйлер қысы-жазы қызметін ұсынса, одан ұтпасақ, ешкім ұтылмайды.
Жақында газетімізде «Ішкі туризм күшті туризм болмай тұр» мақаласы («Astana аqshamy» газеті, №94 (4682), 8 тамыз, 2024 жыл) жарық көрді. Сонда гид қызметкері Қымбат Тастанбек Астанаға келген шетелдік туристердің көбінде қазақтың тұрмыс-тіршілігін көрсететін орындарда демалып, саяхаттағысы келетінін айтқан еді.
«Мен осы Астана қаласында ұзақ жылдар бойы гид болып жұмыс істеп келе жатырмын. Сонда бір байқағаным, көбінде елордамызға келген шетелдік қонақтар ұлттық асханаларымыздың қымбат екенін айтып жатады. Екінші жағынан, бізге қазақтың ұлттық үлгіде жасалған қонақүйлері бар ма деп сұрайды. Міне, сол кезде біз қай жерді көрсететінімізді білмей жатамыз. Менің ойымша, енді қаланың маңайынан қазақы нақышта жасалған, іші де қазақ киіз үйлерінің үлгісіндегі қонақүйлер болса тіпті де керемет болар еді. Әрі тағамдары мен жатын орны да қолжетімді болса, онда біздің қаламызға туристер тіпті де көп ағылып келер еді» деген еді ол.
Ал «Атамекен» кешені аумағында дайын киіз үйлер тұр. Олар күнделікті сағат 23.00-ге дейін ашық тұрады. Сонда ұсынылатын тағамдар да қалтаға ауырлық тигізбейді, 3-4 мың теңгеге тойып шығуға болады. Тұрақты клиенттерге жеңілдік те бар. Иесі Ерубай Исатаевтың айтуынша, оларды тігудегі мақсат – кәсібін дөңгелету ғана емес, ұлттық құндылықтарды насихаттау, туристерді тарту.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ