Мәдениет

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҰЯСЫНДАЙ

ERA_5356

Жуырда Ұлттық музейде «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі және БАҚ: өзара ықпалдастық жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға мекеме басшылары мен қызметкерлері, ақпарат құралдары жетекшілері мен тілшілері қатысып, өзара пікір алмасты.

Алдымен музей қызметкерлері қонақтарға музей залдары мен ондағы мұрағаттармен танысуға мүмкіндік туғызған. Көпшілік қазіргі заманғы айтулы мүсіншілердің бірі – Цадок Бен-Давидтің «Түн ортасының арғы беті» атты көрмесін тамашалады. Одан соң қытай фарфорының көрмесі көрсетілді.

Мекеме басшысы Дархан Мыңбай еліміздің тарихи-мәдени мұраларын насихаттап, ұлттық құндылықтарымыздың, халықтың салт-сана мен дүниетанымының, тарихы мен өркениетінің айнасына айналып отырған музейдің қазіргі жай-күйімен таныстырып, алдағы мақсат-міндеттеріне тоқталды. Сонымен қатар, осындай үлкен жауапкершілік арқалаған мекеменің қызметін насихаттап, жалпақ жұртқа жариялап отыру үшін ақпарат құралдарымен байланыстың қаншалық маңызды екенін баяндады.

Жиын барысында Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы С.Матаев ҚР Ұлттық музейінің халықаралық деңгейде ірі мәдени орталыққа айналып отырғанын тілге тиек етті. Заманауи техника мен технологияны тиімді пайдаланып, өзіндік ерекшеліктерімен таң қалдыратын музейдің ұлттық құндылықтар ұясына айналуына өзге БАҚ басшылары да мүдделестік танытты.

Мекеме басшысы Д.Мыңбай мен Бас редакторлар клубының президенті Б.Жексенбай екі жақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Осы жиын аясында «Мәдени мұра» журналының жаңа форматы таныстырылып, 3-D турының тұсауы кесілді.

Н.САЙЛАУҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button