Әлеумет

Ұлттық құндылықтарды ұлықтайық

Бүгінгі таңда XXI ғасыр табалдырығын еркін аттаған ұрпаққа тәлім-тәрбие мен білім беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындап, ­педагогика ғылымында ұлттық сананы қалыптастыру көкейтесті мәселенің бірі болып отырғаны анық. Сондықтан келешек ұрпақты ұлттық, халықтық тұрғыдан тәрбиелеу қажет.

Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруде «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн» деген қағидалы тұжырымды бір сәт естен шығару мүмкін емес сияқты. Олай болса басты мақсат – жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу.

Ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін:

– оқушылардың ұлттық ­сана-сезімін қалыптастыру;

– жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату, ұлттық рухын дамыту;

– ана тілі мен ділін, оның тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, рухани-мәдени мұраларды қастерлеу;

– жас ұрпақ бойында жанашырлық, сенімділік, намысшылдық тәрізді ұлттық мінездерін қалыптастыру.

Осы сияқты міндеттерді орындағанда ғана басты мақсатқа жетеміз. Олай болса тілді өмірмен тікелей байланыстыра оқыту – халық рухын дамыту, ұлттық құндылықтарды бағалау ретінде жеке тұлғаны қалып­тастырудағы білім берудің рөлі ерекше.

Ұлттық құндылық дегеніміз – тұтас бір жүйе. Оған халықтың көркем мәдениеті немесе халық өнері, сондай-ақ халықтың әлеуметтік және мәдени қауым­дастық ретінде пайда болумен бірге туындаған әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер, жол-жоралғылар, ұғым-түсініктер, дағды, көзқарастар жатады

Академик Ә.Қайдар халық мәдениетіне, ұлттық рухани болмысына төмендегідей анықтама береді: «Мәдениет» – жеке адамның басына тән қасиеттен басталып, бүкіл ұлттық менталитетті, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана, дүние­таным, салт-дәстүр, рухани-­материалдық байлықтың бәрін қамтитын өте күрделі ұғым. Бұл мәдениет – әрбір этносқа тән белгілі бір табиғи-әлеуметтік ортаға сәйкес қалыптасатын құбылыс. Өмір-тіршілік салты, ортақ тіл, ортақ дүниетаным, ортақ психология, т. т. – осының бәрін біз этнос мәдениетінен таба аламыз. Ал соның бәрін танып-білудің ең басты құралы тіл екенін мәдениеттанушы ғалымдардың бәрі мойындайды» (Қазақ тілінің өзекті мәселелері. А., «Ана тілі», 1998, 13-б).

Ғасырлар бойы халық тұрмысымен біте қайнасып, ұлттық дәстүрді бойына сіңірген мақал-мәтелдер, халық өлеңдері, ертегілер, аңыз-әңгімелер, айтыс­тар өз Отанын шексіз сүйетін, білімді, іскер, адамгершілігі мол, парасатты, мәдениетті, жан-жақты жетілген ұрпақ дайындауға негіз бола алады.

Ұлттық салт-дәстүрді, ұлттық болмысты көрсету кез келген ақын-жазушының шығармасында кездеседі. Ұлттық тілден ұлттың болмыс-бітімін тани білген ұлы ақын М.Жұмабаев «Ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай анық көрініп тұрады» деген еді. Шындығында, бұл айтылған пікірдің дәлелді, анық екенін өзіміз оқытып отырған тіл-әдебиет пәні шығармаларынан анық байқаймыз. Әрбір жазушы мен ақынның немесе ұлы тұлғалардың туындысы – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлы өнегенің таусылмас қайнар көзі. Халқымыздың мақтанышы болған ұлы тұлғаларымыздың шығармаларындағы ұлттық болмыс пен құндылықтарды оқушы санасына талдай отырып жеткізу – пән мұғалімдерінің құзыретінде. Қазақ әдебиетін ұлттық құндылық ретінде таныту – бүгіннің өзекті мәселесі. Себебі әдебиет пәні арқылы оқушылардың рухани дүниесі байиды, туған тілін сүюден адамзатты құрметтеуге дейінгі сезімдері тәрбиеленеді. Ақын-жазушылардың шығармаларын оқу арқылы жасөспірімдер еліміздің тарихы, оның ғасырлар қойнауында қалған сөз сырын көкейге түйіп, сол арқылы халықтың арманы мен қиялын, болашақтан күтер үмітін байқайды. Халықтың рухани байлығын әдебиет пәні арқылы жан-жақты игерген тұлға сол арқылы имандылыққа, инабаттылыққа, парасаттылыққа өзін-өзі тәрбиелейді. Оқыту үрдісінде қазақ әдебиетін ұлттық құндылық ретінде таныта білу – мұғалімнің шеберлігі.

Ұлттық құндылық дегеніміз – тұтас бір жүйе. Оған халықтың көркем мәдениеті немесе халық өнері, сондай-ақ халықтың әлеу­меттік және мәдени қауым­дастық ретінде пайда болумен бірге туындаған әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер, жол-жоралғылар, ұғым-түсініктер, дағды, көзқарастар жатады.

Атап айтар болсақ, ұлттық салт-дәстүрді, ұлттық болмысты көрсету кез келген ақын-жазушылар шығармаларында кездеседі. Бірақ оны оқушы жүрегіне туған әдебиет­тің ұлттық сипатын, ондағы халықтың әдет-ғұрып, ­салт-санасының көрінісін, жанр­лық, стильдік ерекшеліктерін, туындының идеялық-адамгершілік түпкі мазмұн-мәнін игерту арқылы жеткіземіз.

«Оқығаныңды айтпа, тоқығаныңды айт» деген қағидалы сөз бар. Біз, тіл мамандары, әдебиет пәнін оқытуда осындай ақын-жазушыларымыздың шығармаларын тек мазмұн­даумен ғана шектелмей, ондағы ұлттық болмыс пен ұлттық құндылықтарды білдіретін сөздерді талдай оқытсақ, ұтарымыз мол болмақ.

Әдебиетті ұлттық құндылық ретінде оқыта білу барысында мұғалім әр шығарманың өзіндік ерекшелігін саралай отырып, оқушылардың көркем туындыға байланысты әсерлерін толықтыруына, көркем сөз құдіретін түсіне білуге, әр шығарма негізінде үлкен ой, үлкен мәселе жататынын аңғара білуге баулиды.

Әрбір кейінгі ұрпақ өз жолын алдыңғы ұрпақтардың жеткен жерінен бастайды, жақсысынан үйренеді, жаманынан жиренеді. Өйткені салт-дәстүр – халықтың сан ғасырлық көркемдік ақыл-ойы­ның жемісі. Ол қай тұста да, қай дәуірде де тек көненің көзі ғана болып қоймай, әрбір жаңа кезеңнің жанды этикалық тәрбие құралы ретінде де уақыт сынынан, ғасырлар асуынан мүдірмей өтіп отырды. Адамға ана сүтімен беріліп, бесікпен бойға сіңіп отырады. Осындай игі қасиеттерді ұлы тұлғалардың туындыларын оқыту арқылы ұрпақ тәрбиелейміз.

Жаңа заманның тарихын жазатын, кезінде бұрмаланған тұстарына әділ баға беретін, оның кемшін тұстарын толық­тыратын – бүгінгі жас ұрпақ. Сондықтан да елімізде жүріп жатқан ауқымды өзгерістердің мәнін әділ пайымдау бәрінен бұрын жас ұрпақты тәрбиелеп жатқан мына бізге, мұғалімдерге, үлкен жауапкершілік жүктейді.

Оқушыларды Отанды сүюге, адалдыққа, адами тазалыққа, ізгілікке, имандылық пен инабаттылыққа, салт-дәстүрді құрметтеуге үйретіп, баулу – әрбір ұстаздың абыройлы парызы мен қарызы. Ол үшін мұғалім қазіргі заманға лайық өзінің білім беру ісінде рухани, ­этно-мәдени дәстүрлерді сақтап, дамыта отырып, шығармашылық ізденіспен жұмыс істеп, өмірге еніп жатқан жаңа технология мен техниканы меңгерген, білігі мен білімі жоғары ұлағатты тұлға болуы тиіс.

Бүгінгі мектептің басты мін­деті өзіндік ой-көзқарасын ашық айта алатын, өмірге бейім тұлға қалыптастыру болса, оған мұғалімнің шәкіртіне деген ­сүйіспеншілігі, оны тұлға ретінде бағалауы баланың адамдық қасиеттерінің дамуына басты кепіл бола алады.

Жеке тұлғаны азаматтыққа, өз Отанын сүюге, адами қасиеттерін қалыптастыруда патриот ақын Махамбеттен бастап, ұлы тұлға Абайдың, жыр алыбы Жамбылдың, әлемдік деңгейдегі классик суреткер М.Әуезовтің, тағы басқа ақын-жазушыларымыздың еңбектерінің орны ерекше екені бәрімізге белгілі.

Ғұлама ғалым әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» дегеніндей білім бере отырып, тәрбие беруді әрбір ұстаз жадында ұстауы шарт.

Олай болса біздің ұлттық өнеріміздің, мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің алдыңғы қатарлы үлгілерін, тіліміздің орасан зор байлығын жас жеткіншектердің жан дүниесіне сіңіріп, сол арқылы әлемдік рухани өркениеттің өріне шығып, нәр алу – бүгінгі талаптың маңыз­дысы. Ата-баба­ларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпағына азық болған ақыл-кеңес, өсиеті, асыл мұрасы, ұлттық рух, ұлттық мақтаныш, ұлттық намыс, ана тілімен ұлттық мәдениетін қалыптастыру сезімін ояту – баршамыздың парызымыз. Сонда ғана ұлттық сана-сезімі толыққанды жетілген, туған елін еркін білетін, ұлттық сипаты мен ұлттық рухын жоғалтпаған ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Күлзипа ҚЫЛЫШБАЕВА,

Астана қаласы №5 гимназия мұғалімі,

ҚР білім беру ісінің ­құрметті қызметкері, ­Ы.Алтынсарин және ­«Астана қаласының

құрметті педагогі» ­төсбелгісінің иегері

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button