Ұлттық құндылықтарға бағдарланған
Астана қаласында білім беру мекемелерінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жаңа мазмұнда оқытылып жатыр. Жаһандық дәуірде салт-дәстүрімізден, тілімізден, түп тамырымыздан ажырап қалмай, оны жас ұрпақтың арасында дәріптеп, нығайта түсу мақсатында іске асырылып отырған бағдарламаның тәрбиелік мәні ерекше. Бірегей бағдарлама аясында ұлттық құндылықты оқушылардың бойына сіңіруде жүйелі әрі нәтижелі түрде жұмыс істеп, бірқатар тың жобалармен ерекшеленген білім ошақтары бар.
Тәрбиеге негізделген оқу
«2024-2025 оқу жылынан бастап «Біртұтас тәрбие» жаңартылған бағдарламасы мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім берудің барлық ұйымының оқу-тәрбие процесіне енгізілді. Бағдарлама аясындағы іс-шаралар әр баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оның шығармашылық, зияткерлік және физикалық мүмкіндіктерін толық ашуға бағытталған. Бағдарламаны жүйелі және үздіксіз енгізу үшін Білім басқармасы бірқатар іс-шараларды әзірледі. Мектептер күнделікті іс-шаралардың жоспарлары мен бағыттарын дайындап, ұсынды. Аптаның әр күніне ат берілді, оның аясында тәрбие жұмысы жүйелі түрде ұйымдастырылады. Мысалы, дүйсенбі – «Әдеп күні», сейсенбі – «Денсаулық күні», сәрсенбі – «Кәсіби бағдар күні», бейсенбі – «Тазалық күні», жұма – «Ұлттық құндылықтар күні». Яғни дүйсенбі әдеп күнінде оқушылардың сөйлеу, амандасу мәдениетін жетілдіруге мән беріледі. Сейсенбі денсаулық күнінде сергіту жаттығулары жасалады. Сол секілді жалғасады, бұл үрдіс қаланың барлық білім беру ұйымдарында бар» деді Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев.
Бүгінгі таңда барлық ұстаз оқушылардың бойына ұлттық мүддені сіңіре отырып, білім беруді қарқынды жүргізіп келеді. Нақтырақ айтқанда, «Күй күмбірі», «8 минуттық оқу», «Үнемді тұтыну», «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы», «Өнегелі 15 минут» сынды оқыту іс-шаралары күнделікті түрде өткізіледі. Мәселен, «Күй күмбірі» жобасы барысында үзіліс сайын күй ойнатылады, ал үлкен қоңырауларда қазақтың 100 күйі топтамасының тарихы айтылады. Оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, танымдық көзқарасын кеңейту мақсатында мектепте «8 минуттық кітап оқу» жобасы ұйымдастырылады. Жоба аясында әр ауысымның алдында бала сабақ басталмас бұрын 8 минут уақытын кітап оқуға арнайды.
Дәстүрді дәріптеген мектептер
Мектептерде үзіліс кезінде баланы тәрбиелеуге 15 минут уақыт бөліп, ұлттық ойын ойнауға, кино көруге не басқа да қызығушылығымен айналысуға арналған «Өнегелі 15 минут» жобасы жүзеге асады. Аталған жоба елордалық Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицей ұжымында бастау алып, қазір барлық білім беру ұйымдарының оқу процесінің маңызды бөлігіне айналды. Мектеп директоры Гүлжан Төлеудің айтуынша, құндылыққа бағдарланған білім беру жобалары – мектептегі білім сапасын арттырудың, ата-аналармен байланысты күшейтудің тиімді тетігі.
– «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы 6 құндылыққа негізделіп отыр. Олар: тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Осы ұлттық идеяларды дәріптеу – мақсатымыз. Білім беру процесінде әр ұрпақты өзінде бар құндылықпен тәрбиелеу керек. Қазіргі заман балаларын айтып емес, осылай мектеп қабырғасында көрсетіп, бойына сіңіріп өсіре аламыз, – деді Г.Дәрібайқызы.
«Мектебімізде ашылған «Ұлттық құндылықтар» аймағы оқушылар үшін өте пайдалы. Әр үзіліс сайын осы аймаққа келемін. Аймақ ашылып, әдемі безендірілген бұрышты көріп, мен де, қатарластарым да қатты қуанды. Біреулері домбырада күй тартса, енді біреулері ұлттық ойындарды ойнайды. Өз басым тоғызқұмалақ ойнағанды ұнатамын, 4 жылдай осы ойынмен айналысамын. Ойын ұзақ уақытты, көп ойлауды қажет етеді. Қазіргі кезде көбіміз телефонға байланғанбыз, содан ойлау қабілетіміз бәсең дамиды. Осындайда тоғызқұмалақ ойыны – есте сақтауды әрі логикалық тұрғыда ойлауды жақсартудың бірден-бір жолы» деді мектептің 6-сынып оқушысы Шаһадат Шалқарқызы.
«Біртұтас тәрбие» білім беру бағдарламасы аясында ендігі тың жоба елордалық А.Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында ашылды. Бүгінде мектептің төрт бірдей сыныбында бір үйдің тұңғыштары ғана оқиды. «Тұңғыштар» сыныбындағы ұлттық тәрбиеге негізделген білім оқытылып, ата тегін, руын, туған жерін жетік білуі, бес саусақтың мән-мағынасын ұғу, «Еңбекке баулу сабағында» қолөнерге баулып, қамшы өру, ою-өрнек түрлерін ажырату, «Қуырмаш», «Бестемше», «Асық ату» секілді ұлттық ойындарды білуге басты басымдық беріледі.
Балабақшадағы тың бастамалар
Ұлттық құндылыққа негізделген саналы тәрбие бас қала балабақшаларында да белсенді жүргізілуде. Мәселен, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында дәстүр сабақтастығын жалғастыру мақсатында «Әжемнің ертегісі» жобасы енгізілді. Жоба бойынша Астана қаласының балабақшаларындағы бүлдіршіндердің әжелері аптасына екі күн немерелері баратын балабақшаға кезекпен барып, кітап оқып, ертегі айтады. Осылайша, балаларды рухани құндылықтарға, қазақы дәстүрге, отансүйгіштікке, адалдыққа, ұқыптылыққа, тәртіпке, жалпы жақсы қасиеттерге баулу көзделіп отыр.
Сол секілді елордадағы белсенді жүргізіліп отырған «Бала Абай» жобасы инновациялық әдістерді енгізу арқылы ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбаевтың мұрасын тереңірек зерттеуді мақсат етеді. Бұл жоба қаладағы 30 мектепте іске асырылып, оның бір бөлігі ретінде балабақшадан бастап жүзеге асатын «Абай аманаты» жобасы 19 балабақшада енгізілді. Жобаның ерекшелігі – бүлдіршіндерге Абайдың философиясы мен ілімдерін ұстанған тәрбиені сіңіру мен білім беру. Сонымен қатар балалардың сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамытуға, адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға және мәдени мұраны насихаттауға баса назар аударылады. Осылайша, жас өрендер Абайдың мұрасымен танысып, оның өсиеті мен шығармашылығын тыңдай отырып, өздерінің тұлғалық дамуына қадам басады.
Индира Бержанова