Басты ақпаратБілім

Ұлттық құндылықты ұлықтаған колледж

Жаһандық дәуірде салт-дәстүрімізден, тілімізден, түп-тамырымыздан ажырап қалмай, оны жас ұрпақтың арасында дәріптеп, нығайта түсу аса маңызды. Осы тұста елордалық білім беру ұйымдары ішінде ұлттық құндылықты білім алушылардың бойына сіңіруде Астана қаласының технологиялық колледжі бірқатар бастамаларды қолға алып, тың жобалардың нәтижесін көрсетіп келеді.

Дәстүр мен дәм үйлесімі

Қазіргі таңда қазақы құндылықты дәстүрге сай лайықтап, жас буынға жеткізу – отбасыдан кейін білім беру ұйымдарының жауапкершілігінде. Осы міндетке жіті мән берген астаналық технологиялық колледж бірнеше бағытта жобаларын ұсынып отыр. Соның алғашқысы – ұмыт болған ұлттық асты жаңғырту.

Колледждің өндірістік оқыту шебері, 6 жылдық еңбек өтілі бар маман Жанар Атенқызының айтуынша, колледж студенттеріне мамандықтың қыр-сырын жетік меңгертіп қана қоймай, ұлттық тәрбие беруді де көздейді.

«Ас – адамның арқауы» дейміз, аспаз – ешқашан өлмейтін мамандық. Сондықтан студенттер әр сабаққа зор құлшыныспен келеді. Ал биыл «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай ұлттық құндылыққа бағдарланған тақырыптарды қамтуды қолға алдық. Ұмыт болған ұлттық асты жастар арасында барынша насихаттау – біздің негізгі миссияларымыздың бірі. Әр асты дайындап қана қоймай, оның мән-маңызын ұғындырамыз. Себебі қазақ асханасындағы әр тағамның өзіндік философиясы мен астары бар. Мәселен, студенттермен бірге дайындалатын тағамдардың бірі – «өкпе сүт». Бұл тағам ағайын, туыстың көңілін табу үшін пісірілетін болған. Бұрын аналар бір-біріне өкпелеп жүрген ағайынды татуластыру үшін осы тағамды әзірлеген. Одан бөлек «жөргем» ішек-қарыннан жөргемдеп дайындалады. Тұздап, кептіріп отқа қарып жесе де болады. Өте пайдалы әрі құнарлы ас, дәрумендерге бай. Студенттер сабақ барысында өздері ұнатып, бағасын беріп жатады. Ендігісі «жаужүрек» деп аталады. Бұл – бауырдан қойдың іш майына орап лезде дайындалатын, ыстық тіскебасар есебінде жүретін тағам.

Ұлттық асты заманға сай лайықтаудың бір әдісі – әрлендіруге мән беру. Шетелдік тәжірибені мысалға алып, тағамды әдемі ұсынудың жолдарын студенттермен бірге сабақ барысында ойластырып, талдаймыз» деді Ж.Атенқызы.

Биыл колледж қабырғасында аспаз мамандығы алғаш рет ашылды. 2 жыл 10 ай оқытылатын мамандықта бүгінде 125 студент білім алып жатыр. Солардың қатарындағы 1-курс студенті Ильдар Мұқышев өз қызығушылығымен осы салаға келгенін жеткізді. Студент аз уақыт ішінде тәжірибеден өтіп те үлгеріп, нарықта мамандыққа сұраныс бар екенін атап өтті.

Заманға сай жаңғыртқан

Еліміз бойынша наубайшы мамандығы осы колледждің базасында ашылды. Бұл бағытта тәжірибесімен бөлісіп, білім беріп келе жатқан оқытушы ­Әйгерім Қуанышқызының өзі де – аталмыш оқу орнының түлегі. 14 жылдан астам еңбек өтілі бар маман колледж мамандарын оқытудағы басты бағытымыз тек денсаулыққа пайдалы, ешбір қоспасыз нан өнімдерін дайындау дейді.

– Бүгінде студенттеріміз экологиялық таза нанның түр-түрін пісіруге дағдыланған. Олар тек су мен ұннан қамыр көтеріп, оны бірнеше күнде ашытады. Мұндай өнімдердің таза әрі пайдалы екені тәжірибе жүзінде де дәлелденді. Ал қарапайым дүкендегі ашытқымен кез келген адам нан пісіре алады.

Қазақылықтың иісі аңқитын нан өнімдерін ұсыну, әрі ұлттық тағамдардың өте таза екенін жеткізу алғашқы сабақтардан-ақ білім алушыларға айтылады. 1-курс студенттеріне алдымен таныстыру сабағы өткізіледі. Техникалық қауіпсіздік ережелерін жетік білгеннен кейін олар тәжірибеге кіріседі. Жеңіл-желпі тағам түрлерінен күрделі нан өнімдерін пісіруге дейін студенттер машықтанады. Маңыздысы, өнімдер ысырап болып қалмайды. Ұн, тұз, қант секілді басқа да қажетті заттарды белгіленген мөлшермен қолдану – жас маман меңгеруі керек негізгі дағдылардың бірі.

Қазіргі таңда біз тары, тал­қан, түйе сүті бар бауырсақ, чизкейк, жент қосылған печенье дайындап, қанттың орнына балқаймақ қосу секілді қызық тәжірибелер жүргізіп, ерекше өнімдер шығарамыз. Ұлттық нақышы бар өнімдерді шығаруды жолға қоятын мекемелермен серіктестік байланыс орнатылған. Сондықтан студенттер 2-3 курстан-ақ жұмыс берушілердің ұсынысын қабылдап алып жатады, – деді оқытушы.

2022 жылдан бастап колледждерге академиялық дербес­тік берілгені белгілі. Нәтижесінде жергілікті кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік туды. Технологиялық колледж осы мүмкіндікті пайдаланып, бірқатар кәсіпорынмен келісімшарт жасасқан. Сондай мекемелердің қатарында этностильді «Sandyq» және «Tary» мейрамханалар желісі бар.

Колледждің аспаз-кондитер мамандығы бойынша оқитын 2-курс білім алушысы Қарақат Ораздың сөзінше, оқу ошағы көп мүмкіндікке жол ашты.

«Жақында біз бауырсақ пен қуырдақтың қосындысынан құралған бауырдақты дайындап үйрендік. Бір жағынан, бұл бүгінгі бургерді алмастырса, екінші тұрғыда қазақы болмысымыздан сыр шертіп отырады. Өз басым бірнеше кондитерлік мейрамханаларда тәжірибемді шыңдап, қабілеттерімді жетілдіре түстім. Оқу барысында үйренгенім көп, ал басты түйгенім – әр нәрсеге ұқыпты әрі тиянақты қарау» деді студент.

Этностиль – трендте

Білім ошағында оқытылатын ендігі мамандық – тігінші. Колледждің жас шеберлері кеңсе қызметкерлеріне арналған заманауи үлгідегі қажекейлер топтамасын дайындап, көпшіліктің назарына ұсынды.

– Соңғы жылдары ұлттық киімді Наурыз мерекесінде ғана емес, ағайын арасындағы той-томалаққа да, күнделікті өмірде де киіп жүру дағдыға айналып келеді. Ата-бабамыздан аманат болып қалған салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды бүгінгі заманға сай жаңғыртып, жаңартып алып келе жатқаны, кейінгі ұрпаққа үлгі ететіні қуантады. Студенттеріміз де күнделікті сабақта киетін алжапқышты этностильде өздері тіккен. Қазақы нақыш беретін ою-өрнектің түр-түрін жапсырып, әшекей бұйымдармен әркім қалауынша безендіріп жатады. Яғни, жас буынның салаға қызығушылығы артып келеді. Оның үстіне бүгінде колледж қа­бырғасында орта білім беру ұйымдарымен бірлескен «Бір мектеп – бір дағды» жобасы жүргізіледі. Жоба аясында 8-9 сынып оқушылары колледжге келіп, тігін өндірісі бойынша тә­жірибе жинай алады. Бұл – кәсіптік бағдар беруде таптырмас мүмкіндік, – деді өндірістік оқы­ту шебері Айнаш                  Мұратқызы.

Болашағын тігіншілікпен байланыстырғысы келетін студенттердің бірі – Назерке Серкебай. 1-курс білім алушысы алғашқы жылдан-ақ өндірістік тәжірибеден өткенін айтты.

«Колледжге түскеннен кейін бұл жерде мықты мамандар оқытатынын түсіндім. Ұстаздардың студенттердің жан-жақты дамуына көмектесіп, үнемі қолдап отыратыны ұнайды. Жалпы алдағы уақытта өзімді қандай салада көретінімді айқындап алдым, мен үшін маңыздысы сол. Басқа білім беру мекемесінде менің осындай қабілеттерім ашылмас па еді?! Алдағы уақытта өзімнің тігін салонымды ашсам деп армандаймын» деп бөлісті студент.

Назерке секілді айқын мақсаты бар жастардың ендігі арманы – отандық өндірісті алға жылжытумен бірге, көпшілікке қазақы болмысымызды танытып отыру. Ал ұлттық құндылыққа сүйенген мұндай тәрбие жемісті болары, әрі ұрпақтар сабақтастығын жалғастырары сөзсіз.

Индира Бержанова

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button