Басты ақпаратҚоғам

Ұлттық құндылықты ұлықтаған мектеп

Жаһандық дәуірде салт-дәстүрімізден, тілімізден, түп-тамырымыздан ажырап қалмай, оны жас ұрпақтың арасында дәріптеп, нығайта түсу мақсатында елордалық орта білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие беру» бағдарламасы іске асырылып келеді. Бағдарлама аясында ұлттық құндылықты оқушылардың бойына сіңіруде жүйелі әрі нәтижелі түрде жұмыс істеп, бірқатар тың жобалармен ерекшеленген білім ошағының бірі – Астана қаласының Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейі.

Жаңа оқу жылынан бастап елордалық орта білім беру мекемелерінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жаңа мазмұнда оқытылып жатыр. Бағдарлама жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталады. Осы мазмұнда оқушыларға білім беріп қана қоймай, оларды тәрбиелеу ісінде қалалық С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейі бірқатар жобаларды жүргізіп келеді. Бүгінде үшауысымды мектепте 4349 бала оқыса, 235 педагог білім береді. Биыл мектепте 1-сыныптың тоғыз бірдей сыныбы ашылды.

Мектеп директоры Гүлжан Төлеудің айтуынша, құндылыққа бағдарланған білім беру жобалары – мектептегі білім сапасын арттырудың, ата-аналармен байланысты күшейтудің тиімді тетігі.

«2021 жылы оқушылар, ата-аналар және ұстаздардың арасында сауалнама жүргізген едік. Көптеген себептердің салдарынан мұғалім, оқушы және ата-ана арасындағы адами құндылық тұрғысынан біраз нәрсені жоғалтып алғанымыз анықталды. Сондықтан тәрбие мәселесіне баса назар аудару керегін түсініп, ізденіп, түрлі жолдарын қарастырып көрдік. Осы мақсатта «Құндылыққа негізделген білім беру» жобасына қадам басып, алғашқы 40 мұғалімді арнайы курстан өткіздік. Мектеп ішін, дизайнын түрлі сурет, жазбалармен толықтырып, оқушыларымыз­ды құндылықтарға негіздеп оқытып, тәрбиелеу жұмысы жүргізілді. Кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайдағы бастамасымен барлық мектепте «Біртұтас тәрбие беру» бағдарламасы енгізіле бастады. Бағдарламаны қуана қабылдап, осы бағытта жүйелі жұмыс істей бастадық. Мектебімізде ата-аналарды қолдау орталығын ашып, тоғыз ай бойы оларға семинарлар өткізілді. Ата-аналармен ашық әңгімелесіп, оларды тыңдап, күнделікті өмірдегі, жалпы бала тәрбиесіндегі негізгі проблемаларды шешуге мән бердік. Осы тәжірибеміз, ата-ана – бала – мектеп үштағанын біріктіруге үлкен үлес қосты.

«Біртұтас тәрбие беру» бағдарламасы 6 құндылыққа негізделіп отыр. Олар: тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Осы ұлттық идеяларды дәріптеу жаңа оқу жылының бірінші күнінен-ақ басталды. Қыркүйек – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы. Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерден бастап, барлығына әр нәрсе еңбекпен келетінін айтып қана қоймай, үйретіп жатырмыз. Заң мен тәртіп идеясын іске асыруда сынып сағаттары, түрлі жобалар және алдын алу шаралары жүргізіледі» деді Г.Дәрібайқызы.

Білім ошағы басшысының сөзінше, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылыққа негізделген тәрбиеде ең бастысы оқушы бойында дағды қалыптастыруға басымдық беріледі. Нәтижесінде аз-аздан әрі үздіксіз іс-әрекет арқылы рухани-адами құндылықтарды бойы­на сіңірген білімді ұрпақ қалыптасады.

«Бала тәрбиесінде ең маңыз­ды дүние бар. Бұл – балаға уақыт бөлу. Мектепте үзіліс кезінде баланы тәрбиелеуге 15 минут уақыт бөліп, ұлттық ойын ойнауға, кино көруге не басқа да қызығушылықтарымен айналысуға арналған «Пайдалы 15 минут» жобасы жүзеге асады. Осы орайда ата-аналарға айтарым, балаға ақыл-кеңес, пайдалы дүниелерді айтуға да осы уақыт жеткілікті. Оқушылардың бір бөлігі осы жобамен таным-түйсіктерін жетілдірсе, дәлізде жүрген балалардың ендігі бір бөлігін қадағалауымыз қажет. Сондықтан мектепте әр рекреацияға жауапты мұғалімдер оған жіті мән береді. Өзімнен бастап, қоңырау кезінде оқушылармен амандасып, әңгімелесіп, білгенімді бөлісуге тырысамын. Бала көргенін қайталайды. Адами құндылықтар туралы айтқанымыз­ды өзіміз үлгі бола отырып ісімізбен көрсетуге барынша тырысып келеміз.

Оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, танымдық көзқарасын кеңейту мақсатында мектепте «8 минуттық кітап оқу» жобасы ұйымдастырылады. Жоба аясында әр ауысымның алдында бала сабақ басталмас бұрын 8 минут уақытын кітап оқуға арнайды. Осылайша жылдың соңына дейін олар отандық әдебиет пен әлем әдебиетінің ең озық әрі таңдаулы шығармаларымен танысады. Кітапсүйер оқушы баулу үшін әр сыныптың өз кітапханасы ашылған. Қызыға оқитындар кітапты үйлеріне алып кетіп жатады.

Сөзі жүйелі, ойы айшықты бала болашақта кез келген ортада іркілмей сөйлейді. Әсіресе мақалдап сөйлейтін бала сөзін әсерлей түседі. Бұл мақсатта «Көшпелі мақал» жобасы жүргізіледі. Мектептегі әр сынып тақтасының маңдайшасында үш мақал жазылған тақтайшалар тұрады. Апта сайын сол тақтайшалар басқа сыныптарға көшіп отырады. Көшкен сайын балалар жаңа мақалдарды жаттайды. Кейін кітапханашылар оқушылардан соларды сұрап шығады. Сөйтіп аталған жоба бойынша оқушы жылына 97 мақал жаттайды екен. Баланың есінде кемінде соның 10-ы есте қалғанының өзі жеткілікті.

Екі жылдан бері мектепте Q Talks (Qundylyq Talks) жобасы қолға алынған. Бұл – құндылықтарға негізделген білім беру аясында жүргізіліп жатқан ted talks форматындағы жоба. Оның барысында спикерлер өз тəжірибесін, жеке басынан өткен оқиғасын немесе өмірден түйген ойларын бөліседі. Спикер ретінде оқушы, жас маман, сынып жетекші және ата-ана да қатысады.

Білім берудің жаңа мазмұны нәтижелі болғаны қуантады. Әрине, оқушылардың барлығының бойына құндылықтарды дағдыға айналдыруда кедергілер де жоқ емес. Оның негізгісі – мектепте бала саны көп. Сол себепті де кейбір жұмыстарымыздың нәтижесіне көңіліміз толмай жататын кездер де кездеседі» деп бөлісті мектеп директоры.

Жақында мектепте ашылған «Ұлттық құндылықтар» аймағы – оқушылардың демалыс орнын ұлттық құндылықтармен сусындата отырып, тиімді ұйым­дастыруға бағытталған бірегей жоба. Мектеп директорының ойынан туындаған бұл аймақта ұлттық мұралардың шағын мұражайы орналасқан. Ұлттық киімдер, ойындар, бұйым­дар, ыдыстар көрмесі қойылып, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекі өкілдерінің өмірбаяны жазылған тақтайша ілінген. Қазақы бояуы қанық аймақта бастауыш және жоғары сынып оқушылары сабақтан бос уақытта қосымша білім алып, демалып, ұлттық тәрбиеден нәр алып, бір-бірімен емен-жарқын араласуға мүмкіндік зор.

«Мектебімізде ашылған «Ұлттық құндылықтар» аймағы оқушылар үшін өте пайдалы. Әр үзіліс сайын осы аймаққа келемін. Аймақ ашылып, әдемі безендірілген бұрышты көріп, мен де, қатарластарым да қатты қуанды. Біреулері домбырада күй тартса, енді біреулері ұлттық ойындарды ойнайды. Өз басым тоғызқұмалақта ойнағанды ұнатамын, 4 жылдай осы ойынмен айналысамын. Жақында тоғызқұмалақ бойынша қалалық сайыста өз тобыммен 1-орын алдым. Ойын ұзақ уақытты, көп ойлауды қажет етеді. Қазіргі кезде көбіміз телефонға байланғанбыз, содан ойлау қабілетіміз бәсең дамиды. Осындайда тоғызқұмалақ ойыны – есте сақтауды әрі логикалық тұрғыда ойлауды жақсартудың бірден-бір жолы» деді мектептің 6-сынып оқушысы ШаҺадат Шалқарқызы.

Білім ошағының жұмысымен таныса жүріп, әр қабаттың қабырғасынан жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар бойынша айшықталған суреттер, «отансүйгіштік», «құрмет», «жауап­кершілік», «еңбекқорлық», «ар-ұят», «адалдық», «тазалық», «ынтымақтастық» сынды мәнісі терең жазулар, түрлі нақыл сөздер бірден көзге түсіп, құндылыққа бағдарланған білім беру жүйесін одан бетер көркемдей түскен. Демек, үздіксіз білім жас ұрпақтың білімімен ғана емес, тәрбиенің тереңдігімен өлшенеді.

Индира БЕРЖАНОВА

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button