Ұлттық құрама жасақталады

Елорда елшілік чемпионаттар мен байрақты бәсекелер өтетін орталыққа айналды. Жыл басынан бері қаншама Азия және әлем чемпионатын көріп, өзіміздің спорт саңлақтарына жанкүйер болдық. Сондай спорт додалары жалғасын тауып, қараша айында бокстан Қазақстан спартакиадасы мен дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтеді.
13-19 қараша аралығында «Beeline Arena» спорт кешенінде 4 жылда бір мәрте өтетін ерлер арасындағы спартакиадаға әлем чемпиондары Сәкен Бибосынов, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Нұрбек Оралбай қатысады. Жалпы спартакиадаға елдің түкпір-түкпірінен 250-ден астам былғары қолғап шебері келеді.
Жекпе-жек олимпиада жүйесі бойынша өтеді. Ерлер 13 салмақ: 46-48 келі, 51 келі, 54 келі, 57 келі, 60 келі, 63,5 келі, 67 келі, 71 келі, 75 келі, 80 келі, 86 келі, 92 келі, +92 келі бойынша жеңімпазды анықтайды.
***
12-15 қарашада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында ел үздіктері анықталады. Елдің 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қаласынан 500-ге жуық дзюдошы қатысады.
Қатысушылар арасында Нұрқанат Серікбаев, Данияр Шамшаев, Ислам Бозбаев, Ғалымжан Қырықбай, Бауыржан Нарбаев, Есет Қуанов, Ғалия Тынбаева, Кәмила Берліқаш сынды Азия чемпионатының, әлемдік гран-при және Grand Slam жарысының жеңімпаз-жүлдегерлері бар.
Қазақстан чемпионаты нәтижесінде 2024-2025 жылғы жаңа маусымға ұлттық құрама жасақталады.