Ұлттық тағам дайындаудан шеберлік сағаты өтті

Елордада Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында Байқоңыр ауданының бастамасымен қазақ халқының ұлттық тағамы – Наурыз көже дайындаудан шеберлік сағаты өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Аталған шеберлік сағаты ежелден келе жатқан қазақ халқының ұлттық асын қайта жаңғыртып, оның мән-мағынасын жастарға жете түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараның ұйымдастырушысы Алмахан Мұхаметқалиқызы ұлттық тағамның құпиясын тармақтап айтып шықты.
«Наурыз көже жеті түрлі дәмнен жасалады. Әрине, жеті қасиетті – киелі сан. Қазақ киелілікке, ырымшылдыққа аса мән берген. Наурыз көжеге су қосқаны – өмір-өзен, ұрпақ-өріс судай асып-тасысын дегені болса керек.
Тұз қосқаны: Қазақтың мәдениеті – сөз. Қашаннан сөзді қадірлеген қазақ ешқашан дәмсіз сөз сөйлемеген. Сондықтан да, «Тұз – астың дәмін келтірер, мақал – сөздің мәнін келтірер» деп мағыналы мақал айтқан.
Сүт немесе ақ құйғаны – сүттей ұйып отырайық, ақ мол болса денсаулыққа да кепіл дегені. Көңіліміз де ақ болсын деген таза ниет.
Наурыз көжеге құрт қосатын себебі – құрт күшті ас. Әртүрлі тамаққа пайдаланады. Әсіресе, жазғытұрым уақытта пайдасы мол. Әлсіз, аурушаң адамдарға қуат береді. Бұл асты – қуаттың көзі болсын, ел қуаты нығайсын, денсаулығы берік болсын деген ырымға негіздесе керек.
Наурыз көжеге қазақтың ең жақсы көретін негізгі ас дәмдерінің бірі – ет те қосылады. Қазақтың табиғаты малмен біте қайнасқан болса, ет – қазақтың төл асы. Қазан толсын, асар мол болсын деген мақсатта «ұзынсарыға» сақтаған сүрі етті тұтастай наурыз көжеге салып қайнатады.
Көжеге алтыншы дәм – арпаны қосады. Арпа дәрілікке ем. Білетіндердің айтуынша арпаны жиі пайдаланатындардың қаны бұзылмайды, көптеген ауруға шипалы.
«Жетінші дәм – күріш. Күріш – денсаулыққа шипалы, ішкі құрылысты тазартатын табиғи элементтерге бай дәнді дақыл. Жалпы наурыз көжеге дәнді-дақыл пайдаланатыны – бір тамырдан өсіп-өнген күріштей ұрпағымыз көп болсын деген тілек болса керек», – Алмахан Мұхаметқалиқызы.