Қоғам

Ұлттық ұлан Жеңіс шеруіне дайындалуда

Жеңіс шеруіне Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланынан 400-ден астам әскери қызметші қатысып, жоғары кәсібилігін және дайындығын көрсетеді. Шеру   әскери қызметшілердің сап түзеуі, әскери техниканың көрсетілімі және авиацияның әуеде ұшып өтуі секілді үш кезеңнен тұрады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Ұлттық ұланнан әскери қызметшілерден тұратын  екі колоннаның сап түзеп өтуі жоспарланған. Оның бірін  күн сайын Қазақстанның барлық қалаларында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін патрульдік-бекеттік қызметтің әскери қызметшілері құрайды. Ал екінші колоннамен арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшесінің әскери қызметшілері  сап түзеп өтеді. Айта кетсек, бұл бөлімше жуырда UAE SWAT Challenge халықаралық жарысында үздік ондыққа енген болатын. Бұдан бөлек, шеруге үлгілі-көрсетілімдік оркестр мен шараны ұйымдастыруға жауапты әскери қызметшілер де қатысады. Олардың қатарында жүргізушілер, техника жетекшілері, медициналық қамтамасыз ету мамандары және экипаж мүшелері бар.

Сонымен қатар, Ұлттық ұланның 17 бірлік әскери техникасы да шеруде жұмылдырылады. Олардың ішінде «Барыс» 6х6 және «Cobra II» ерекше көзге түседі. Аталған броньды машиналар кепілге алынғандарды босату, маңызды нысандар мен көлік колонналарын қорғау бойынша тапсырмаларды орындау кезінде жоғары мобильділік пен маневрлік мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді. Ал «Урал ВВ» және «Алан-2» техникасы күзетілетін нысандарға шабуыл жасалған жағдайда қолдау көрсету және қорғанысты күшейту үшін қолданылады. Бұл техникалардың шерудегі көрсетілімі Ұлттық ұланның ел азаматтары мен ұлттық мүдделерді қорғауға дайындығын айқын дәлелдейді.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 7 мамырда Қазақстан астанасында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы және Отан қорғаушы күніне арналған әскери шеру өтеді. Биылғы шерудің ерекшелігі – сап түзеген колонналар әскери жылдардағы киім үлгісінде болады, сондай-ақ алғаш рет Қазақстан аумағында құрылған әскери бөлімдер жауынгерлік туларын салтанатты алып өтеді. Бұл – елдің батырлық тарихына құрмет көрсетіп, бірлігін айшықтайтын маңызды шараға айналмақ.

Жалпы, шеруге 4,5 мың адам қатысады. Оның ішінде тарихи бөлімдер де болады, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың көрсетілімі ұйымдастырылады.

Астанадағы Жеңіс шеруі ел тарихындағы маңызды әрі ұмытылмас оқиғалардың легін жалғайтыны анық. Бұл шара Қазақстан әскери қызметшілерінің Отанды қорғауға деген күш-жігері мен дайындығын көрсететін символы болмақ.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button