Ұлттық жобалар науқаншылдықпен іске аспайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбатынан туындаған мәселелерді Парламент Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Еділ МАМЫТБЕКОВПЕН бірге талқыладық.
– Бұл сұхбат өткен жылға қорытындылап, атқарылған жұмыстарға өз бағасын беріп, алдағы кезеңдегі басымдықтарды айқындап берді. Сарапшы маман ретінде өткен күн мен бүгінгінің арасын қалай таразылайсыз?
– Президент 2024 жыл еліміздің бес жылдық дамуының негізін қалағанын атап өтті. Сұхбаттың негізгі тақырыбы – дағдарыс жағдайларда табысты болудың кілтін табуға болатынын, ол үшін батыл әрекет етіп, іскерлік, ізденімпаздық таныту маңызды екенін дәйектеді. Қ.Тоқаев «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына адалдығын растады.
2024 жылдың желтоқсан айында біз еліміздің Тәуелсіздігінің 33 жылдығын атап өттік. 1991 жылдан бастап Қазақстан түрлі салада жетістіктерге жетіп, халықаралық деңгейде мойындалды.
1992 жылы Қазақстан БҰҰ-ның толыққанды мүшесі болды, ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты, 1991 жылы Семей полигонын жапты.
Мұнай-газ секторының дамуы мен шетелдік инвестицияның тартылуының арқасында, әсіресе 2000-жылдары еліміздің ішкі жалпы өнімі айтарлықтай өсті. Әлеуметтік салада өмір сүру деңгейін салыстырмалы түрде жақсартуға және білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінде реформаларды жүргізуге мүмкіндік берген бағдарламалар іске асырылды. Сонымен қатар, біздің экономика әлі де шикізат экспортына тәуелді болып қала береді, бұл оны сыртқы факторларға осал етеді. Қала мен ауыл тұрғындарының, сондай-ақ әртүрлі аймақтың өмір сүру деңгейінде айтарлықтай алшақтық бар.
Бүгінгі күні жүйелі проблемаларға, бір жағынан, елдің тиімді дамуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлық әрекеті бар. Екінші жағынан, еңбек өнімділігі мен инновациялық белсенділіктің төмендігі, инновация мен технологияның жеткіліксіз енгізілуі экономиканың өсуіне кедергі келтіреді. Басқару ісіне мемлекеттік көзқараспен қарайтын, халықты ортақ іске ұйыстыра алатын менеджерлерге сұраныс артып келеді.
– Қ.Тоқаев «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына адалдығын көрсетіп келеді дедіңіз. Мұны қалай түсіндіресіз?
– Расында, Парламент ықпалды құрылымға айналды. Мәжіліске де, Сенатқа да барған министрлер үлкен дайындықпен келетіні көрініп тұрады. Парламентте өтетін Үкімет сағатында жіті бақылаймын. Ондағы талқылау кезінде өткір мәселе көтеріледі. Депутаттар халықтың өкілі десек, Парламентке Премьер-министрі өткен жылы екі рет атқарып жатқан жұмыстары туралы есеп берді.
Міне, ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет деген – осы!
– Теңгенің тұрақтылығы ел тұрғындарының тұрмыстық жағдайына әсер ететіні белгілі. Президент бұған да арнайы тоқталды. Теңгенің құнсыздануына қандай фактор әсер етуде?
– Дұрыс айтасың, қазір теңгенің құнсыздануы Қазақстан экономикасы мен халықтың өмір сүру деңгейіне айтарлықтай әсер етуде. Мұнайдың әлемдік бағасының төмендеуі экспорттық түсімдердің азаюына алып келеді, бұл ұлттық валютаны да әлсіретеді. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібі үшін қандай шаралар мен іс-шаралар жоспарын қабылдау және әзірлеу қажет екені түсініксіз, өйткені оларсыз салаға қажетті параметрге қол жеткізу қиын.
Сауда серіктестері арасында экономикалық дағдарыстар бар. Ресей мен Қытай сияқты серіктес елдердегі экономикалық қиындықтар теңге бағамына әсер етуі мүмкін. Мәселен, рубль мен юаньның әлсіреуі теңгеге қысым жасап, оны құнсыздануға мәжбүр етеді.
Энергия бағасының өсуі байқалады. 2024 жылдың қарашасында электр қуатының бағасы 21,7 пайызға өсті. Мамандардың пікірінше, бұл инфляцияға 0,5 пайыз деңгейінде ықпал етті. 2024 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағасының 13,9 пайызға өсуі инфляцияны тағы 1,8 пайыз қосты.
Ресей мен Украина арасындағы соғыс, сондай-ақ Ресейге салынған санкция Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етті. Шыны керек, санкциялар сауданы қиындатып, Қазақстан мен Ресей арасындағы экспорт пен импорттың төмендеуіне әкелді. Бұл энергетика және металлургия сияқты стратегиялық маңызды салаларға ерекше әсер етті. Ресей арқылы жүк тасымалдауға қойылған шектеулер жеткізілімде үзіліс туғызып, тауарлардың кешігуіне және құнының өсуіне әкелді. Қазақстандағы инфляцияның өсуіне, халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуіне санкциялардан туындаған импорттық тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуі де ықпал етті.
Еліміздегі әлеуметтік салада қиындықтар жоқ емес. Ресей Үкіметі әскери жұмылдыру жарияланған сайын ресейліктер лек-легімен біздің елге ағылуда. Бұл әлеуметтік инфрақұрылым мен еңбек нарығына қосымша қысым жасайды. Экономикалық қиындықтар мен негізгі тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі халық арасында әлеуметтік наразылықты тудырады.
– Президенттің бастамасымен елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеретін жобалар қабылдануда. Бұған қандай баға бересіз?
– Ел тұрғындарының тұрмыстық деңгейін жақсартуға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы, Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері ұлттық жобасы, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу ұлттық жобасы сынды кешенді бағдармалар бар.
Бұл жобаларды үйлестіріп, сапалы атқаруға Үкімет және облыс әкімдері тікелей жауапты. Бірақ ұлттық жобаларды өміршең етуде науқаншылдық сипаттан арылып, тек статистика үшін жұмыс істеуді тоқтату керек. Бұл туралы Президент Үкіметке қатаң ескертті. Мұның нақты нәтижесін бірнеше жылда көруіміз тиіс.
Біз кешегі күндердің кемшілігін дұрыс танып, қорытынды жасап, жарқын келешек үшін аянбай еңбек етуіміз тиіс. Сондықтан «өткеніміз – өнеге, күткеніміз – келешек» деп алға сеніммен қараймыз.
– Бұған дейінгі Индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы нәтижелі болады. Біз өткеннен қандай сабақ алуымыз керек?
– Біздің ойымызша, алдағы мақсаттарды іске асыруда мынаны басшылыққа алу керек.
Біріншісі, экономиканы әртараптандыруда «құрғақ статистика» иек артқан дұрыс емес.
Әртараптандырудың ресурстық мүмкіндігін кеңірек және тереңірек түсінуіміз маңызды. Әсіресе, IT, креативті индустрия, аграрлық секторды дамытуда тың серпін беретін тетікті табуымыз тиіс.
Екіншісі, бизнесті қағаз жүзінде ғана емес, нақты қолдау шарасын қабылдау керек. Мәселен, жыл сайын мыңдаған адамға қайтарымсыз гранттар берілуде. Бұл қаржыға бизнесті бастап, дамытып кету мүмкін бе? Бұл сұраққа жауап беру қиын. Сондықтан кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті адамдарды нақты қолдау шарасын қабылдайтын кез келді. Бастысы, бизнеске бағытталған қаржыны мақсатты жұмсау тетігін қалыптастыру керек. Болмаса, мемлекеттің қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді.
Әлеуметтік әділеттілік сабағын да есте ұстаған жөн. Ол әлеуметтік саясатты жетілдіруді, халықтың аз қамтылған бөлігіне атаулы көмек көрсетуді, сондай-ақ білім мен денсаулық сақтау салаларына инвестиция тартуды көздейді. Сабақ орнықты даму үшін мемлекет қоғамның барлық топтарының мүдделерін ескеріп, адами капитал факторын белсендіру негізінде олардың экономикалық өмірге қатысуын қамтамасыз етуі керек.
Әрине, заң үстемдігін қамтамасыз етпей, сыбайлас жемқорлықпен күреспей экономикалық өсуге қол жеткізу мүмкін емес. Заң шығару саласындағы реформалар және әділ процессуалдық процесті құру инвестиция тарту мен бизнесті дамытуға жағдай жасайды.
Облыстардың ерекшелігіне бейімделген өңірлік бағдарламалар негізінде халықты жұмыспен қамтуды арттыру және аймақтарды теңгерімді дамыту маңызды аспект болып табылады. Тұрмыстық жағдайлар мен коммуникация желілерін жақсарту экономиканың дамуына және халықтың өмір сүру жағдайының сақталуына ықпал етеді. Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, негізгі ұзақ мерзімді мақсатқа – экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштер бойынша Қазақстан өңірлерін теңестіруге қол жеткізілген жоқ. Өңірлерде сапалы жұмыс жүргізілмей, еліміздің экономикалық дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес.
– Президент сұхбатында цифрландыруға ерекше маңыз берді. Бұл саласының маңызы неде?
– Қазақстан үшін цифрландыру өте маңызды. Экономиканың әртүрлі саласына заманауи технологияны енгізіп, бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қажет. Осы бағытта «Цифрлық Жібек жолын іске асыру», «Адами капиталды дамыту», «Инновациялық экожүйені құру» сияқты жобалар бар. Мұндағы басты мақсат – цифрландыру арқылы экономикалық дамуын жеделдету және цифрлы технологиялар есебінен халықтың өмірін жақсарту.
Цифрлы экономика – бұл сандық ақпараттық-коммуникациялық технологияны пайдалануға негізделген экономикалық, әлеуметтік және мәдени қатынастар жүйесі.
Бүгінгі күні цифрлы экономиканың қажеттілігі және оған деген сұраныс артуда. Мәселен, әлемдік электрондық коммерцияның көлемін алатын болсақ, 2013 жылы 1,3 миллиард доллар болса, 2023 жылы 5,7 миллиард долларға жетті. Ал 2027 жылы 8 миллиард доллардан асады деген болжам бар.
Бүгінде Үкіметте электронды сауданы дамытуға байланысты жиындар жиі өте бастады.
Бұл – цифрлы экономиканың бір ғана аспектісі.
– Қазір әлемде геосаяси және геоэкономикалық жағдай тұрақсыз. Өтпелі кезеңде сыртқы қауіптер мен ішкі тәуекелдерден қорғану маңызды. Мұндай жағдайда қандай стратегияны таңдаймыз?
– Біріншісі – бүкіл вертикальды басқару иерархиясы бойынша мемлекеттік басқарудың әлеуеті мен сапасын күшейту, сондай-ақ қабылданған шешімдерге жауапкершілікті арттыру керек.
Екіншісі – ғылыми қоғамдастықты, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесіне сарапшылық деңгейде де, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу сатысында да тәжірибелі мемлекеттік мамандарды тарту арқылы қабылданған шешімдердің негізділік дәрежесін арттыру қажет.
Осындай маңызды қадамдарға бармай, 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында белгіленген жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы өсімін 5 пайызға дейін жеткізу, шикізаттық емес экспортты 45 пайызға дейін арттыру, өндірісті қысқарту сияқты сандық көрсеткіштерге қол жеткізе алмаймыз.
2029 жылға қарай ЖІӨ өсімін екі есе арттыруға қол жеткізу жолы тиімді басқару және дұрыс экономикалық саясат құру болып табылады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Нұрлат БАЙГЕНЖЕ