Руханият

ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 80 жылдық мерейтойына орай «Ұлы даланың дара тұлғасы» атты кеш өтті.

????????????????????????????????????

Олжас Сүлейменов дегенде көз алдымызға биік шыңына екінің бірі шыға бермейтін асқаралы алып тау немесе төрт аяғы тыпыршып, бәйгеге қосса тұяғына шаң тимес тұлпарды елестетуге болады.
Алғаш жер бетінен ғарышқа адамзат баласы көтерілгенде «Адамға табын, Жер, енді!» атты поэмасымен жалт қаратқан ақын әдебиет әлеміне «Ар­ғымақтар» жырымен арқырап келді. Олжас орысша жазса да жырларынан ұлттық рух атойлап тұрады. Оның өлең­дерін оқығанда бойды ерекше күш билеп, әруақтанып кетесің. Халқымыздың ардақты ақыны Қадыр Мырзалиев Сүлейменовтің шығармаларын ұлттық бояуын сақтап, тамылжыта тәржімалады. Кеңес дәуірінде де жазушының есімі сол кездегі Одақтың оқырмандарын мойындатқан Шыңғыс Айтматов, Расул Ғамзатов сынды көрнекті қалам­герлермен қатар тұрды. Орыстың атақты ақындары Андрей Вознесенкий, Евгений Евтушенко және Роберт Рождественскийлермен жақын дос болды.
Ұлы Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әбіш Кекілбаев секілді сирек саңлақтар сапынан орнын ойып алған талантты тұлғаның жазушылық пен қайраткерлік қыры жайында түн асырып сөйлеуге болады. Оның шығармашылығына талай дуалы ауызды азаматтар жоғары баға берген. Орыстың әйгілі жазушысы Сергей Мар­ков: «Біз жаңаша өлең жазуды Ол­жастан үйрендік» деген. Осыдан-ақ Сүлей­менов қаламының қарымы мен парасат пайымын көруге болады.
Шетелде тұратын қазақ ақыны Бақыт Кенжеевтің айтқан пікірі де көңілге қонымды. Ол: «Олжас Қазақстанды әдеби тұрғыда әлем картасына енгізді. Шын мәніндегі алғашқы халықаралық қазақ жазушысы болды. Қазақтар туралы көп жазды және сол жазғандарымен бүкіл әлемді қызықтыра алды. Мәс­кеуліктердің оның кітаптарын қалай дүкен сөрелерінен сыпырып-сиырып алып кеткендері менің есімде. Ал, «Аз и Я» кітабы туралы ештеңе айта алмаймын. Бұл менің құлшылық етер кітабым…» деп жазыпты.
Расында, 1975 жылы «Аз и Я» кітабы алғаш жарық көргенде алпауыт империяның өзі тіксініп қалды. Ол жайында білгір ғалымдар тамаша мақалалар жазды. Түркі және славян халықтарының ежелгі жазба ескерткіштерінің түпкі сырларына үңілді. Кітаптың соңы «1001 сөз» атты этимологиялық сөздікке ұласып, кемелдене түсті. Қаламгердің 1998 жылы жарық көрген «Жазу тілі» кітабы да көне мая тілі мен қытай тілі
арасындағы байланысты індете қозғаған. Жазушының тынымсыз ізденісі көне қазақ тілі деген терминді алғаш қол­дануға мүмкіндік берді.
Қаламгердің қайраткерлік еңбегі де – бір төбе. 1989 жылы құрылған Халық­аралық «Невада-Семей» ядролық қа­руға қарсы қозғалысын басқарды. Қазақ­стан Жазушылар Одағы басқармасының бірінші хатшысы болды. Қазақстанның Италиядағы Елшісі қызметін атқарды. Бүгінгі таңда еліміздің ЮНЕСКО-дағы өкілі. Осы қызметте жүріп, ұлты­мыздың асыл тұлғалары мен мұраларын әлемдік деңгейде насихаттауға ерекше үлес қосып келеді.
Игі шарада кеш иесі өмір белесіндегі жарқын сәттер мен талантты тұлғалар туралы тереңірек ой қозғады. Шығар­машылығы мен алдағы жоспарлары жайында сөз өрбітті. Елдік мұраттар мен мақсаттар туралы да кеңірек сөйледі. Жас ақындар қаламгердің өлеңдерін оқып, бата сұрады. Олжас аға жылы жымиып, оларға:« Гаврил Дер­жа­виннің кезінде Пушкин оқыған лицейдегі жағдай есіме түсіп тұр. Мен, әрине, Державин емеспін, бірақ, ба­лалар осы бағытты таңдаған соң, ар­мандары орындалар деп сене­мін. Уақыттарыңның көбін кітап­ханаға арнаңдар, қолдарыңнан кітап тас­тамаңдар», – деп батасын берді.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов пен ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин айбоз азаматтың шығармашылығы мен қайраткерлігі жайында парасатты сөз өрбітті.
Сексенге келсе де сергектігінен айырылмаған ардақты тұлғаның жиналғандарға айтары да көп болды.
– Қазір өтпелі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Менің әр онжылым әртүрлі өзгерістерге, әртүрлі өтпелі кезеңдерге тұспа тұс келді. Бірақ, қайда бардық? Келесі кезеңге келдік. Міне, өмірдің формуласы осы шы­ғар. Мүмкін, барар дұрыс бағытты кейде таппай қалатын шығармыз, бірақ, білерім, тұтастай бір халық өмір сүруін тоқтатпау керек, – деп өз сөзін фило­софиялық ойлармен бір қо­рытып өтті. Оқырмандар жол­даған са­уал­дарға жауап берді. Жазушы шы­ғар­­­маларынан кітап көрмесі ұйым­дастырылды.
Анығында, бір ғасырда, мүмкін он ғасырда сирек туатын Олжас Сүлейменов шын мәніндегі ұлтымыздың ұлы перзенті екені анық.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button