Елордада – есімі

Ұлтын сүйген қайраткер

Елордада ұзындығы бір шақырымнан асатын көшеге мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов есімі берілген.

[smartslider3 slider=3595]

Бұл ұзақ жылдары Үкіметті басқарып, республиканың экономикасын, ғылымы мен білімін дамытуға көп еңбек сіңірген, ақ-қараны анықтамай, талай қыршынды қынадай қырып кеткен 1938 жылдың жазында бар-жоғы 34 жаста жоғары қызметтің жауапкершілігін арқалаған қазақтың арда ұлының бірі еді. Осы қызметті Н.Д. Оңдасыновтан ұзақ атқарған тек жалғыз қайраткер Байкен Әшімов болды. Бірақ Әшімов үкімет басқарған жылдары –социализмнің шыңына жеткен кезеңі, содан кейін бәріміз куә құлдырау басталды. Ал Нұрекең үкімет басқарған жылдар – жүрегі «халық» деп қана соққан аяулы ағаларымыз қынадай қырылып біткен соғыс алдындағы алаңдаулы жылдар, елдің сіңірі созылып, жанталасып өмір сүрген, мыңдаған перзенттер қан майданда кескілесіп жатқан соғыс жылдары, тұралаған елді тамағын тойдырудың толғақты мәселелерін қалай шешудің жолдарын талмай іздестіру  қажет болған жылдар еді. Оның үстіне, Н.Д. Оңдасынов үшін биік мансапқа дейінгі 34 жыл ғұмыр да оңай болмаған-ды. Жастайынан ата-анасынан айырылып, жетімдік қасіретін шегіп, буыны бекімей жатып, кірпіш зауытында қара жұмысшы болу, қиындықтарды еңсере жүріп, Ташкентте білім алу, республиканың орман шаруашылығында тынымсыз еңбек ету, Шығыс Қазақстан облысына басшылық еткен санаулы айлар – бір пенденің ғұмырына аздық етпейтін үлкен мектеп, байыптай білгенге бай мектеп еді.

Нұртас Оңдасыновтың есімі Қазақстанның даму кезеңімен тығыз байланысты екені даусыз. Ол Абай атындағы Опера және балет театрының, Қыздар педагогикалық институтының құрылуына атсалысып, шаңырағын көтеріп, уығын өз қолымен қадады. Бұдан басқа Қарағанды металлургиясын, Мойынты-Шу темір жолын, теріскейге темір жол тарту, еліміздің мұнай-газ саласын игеруге ұйытқы болды. Қазақ Ғылым академиясын құрып, оған президенттікке Қаныш Сәтбаевты сайлауы адам танитындығын аңғартады. Ол Үкімет басында отырған он үш жыл ішінде жоғарыдан – Мәскеуден түскен бұйрықты бұлжытпай орындайтын орындаушы қызметкер емес, халық мүддесі үшін небір ірі-ірі мәселелер мен бастамалар көтеріп, оны шеше алған қайраткер дәрежесіне көтерілді.

Нұртас Оңдасынов – ке­ңестік кезеңдегі И.В. Сталиннің заманында, Саяси бюроның басшылығымен, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылары Н.А. Скворцовпен және Ж. Шаяхметовпен бірге істеген адам. Ол Жұмабай Шаяхметовпен бірге И.В. Сталиннің қабылдауында болған, жоғары деңгейдегі жиналыстарға қатысқан. Саяси бюро мүшелерінің көбінің қабылдауында болып, Қазақстанға қатысты мәселелерді шешкен. Солардың ішіндегі КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы, өзінің тікелей бастығы В.М. Молотовпен, оның орынбасарлары А.И. Микоянмен, А.Н. Косыгинмен, Мемлекеттік Жоспарлау комитетінің басшысы К.Н. Байбаковпен жиі кездескен. Олардың басшылық биік қабілетін, жұмыс істеудегі әдіс-амалын көрген.

 Бірақ, И.В. Сталиннен кейінгі кезеңде оның осынау қайраткерлігі Н.С. Хрущевке ұнамай, екеуі қызмет барысында жиі-жиі келіспеушілікке барыпты. Нәтижесінде, 1962 жылы Оңдасыновты Гурьев облысы басшылығынан 58 жасында кетіруге Н.С. Хрущев құпия тапсырма берген. Өйткені екеуі үш мәселеде келіспей қалған. Ұлт қайраткері бірінші, тың игеруге, екінші, Оңтүстік Қазақстан аудандарын Өзбекстанға беруге және үшінші, Маңғыс­тау мұнайын игереміз деген де, Хрущев Сібір мұнайын игереміз, Маңғыстау мұнайының қажеті жоқ деп айтысып қалған. Кеңестік қызыл империя басшысына пікірін ашық айтып, қарсы шыққаны үшін оның қырына іліккен. Бірақ, одан тайсақтап, кешірім сұрап иілмеген. Ұлттық мүддені қорғай білген азамат. Сол себепті, оны ертерек зейнеткерлікке шығартуға астыртын әрекет жасалған.

Нұртас Оңдасыновтың зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі өмірі Мәскеуде өтті. Оны Мәскеуге отбасылық жағдайына байланысты көшті деп айтқандар да бар. Бұл жайттың түбіне тереңірек үңілсек, сол тұстағы биліктің Оңдасыновты зейнет жасына жетпей тұрып, қызметтен босатып қана қоймай, өз ортасынан, өз пікірлестерінен де алыстатуға барынша күш салғанын байқауға болады. Нұрекең 1962 жылы зейнет­керлікке шығып, Мәскеуде ғылыми жұмыспен айналыс­ты. Арабша-қазақша, парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктер жазды. Бұған қоса, КОКП Орталық комитетінің Марксизм-ленинизм институты жанындағы ардагер коммунистер Тарихи-әдеби бірлестігінің бюро мүшесі мен қазақ секциясының басшысы қызметтерін атқарды.

Екі рет «Еңбек Қызыл Ту», үш рет Ленин орденімен, көптеген медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ол 1938 жылдан 1963 жылға дейін (25 жыл) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ал 1940 жылдан 1958 жылға дейін (18 жыл) КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 26 жыл (1938-1964) Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің және 14 жыл (1938-1951, 1954-1955) оның бюро мүшесі болды.

Талғатбек ӘМИНОВ тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button