Елордада – есіміТалайғы тарих

Ұлтын сүйген Ұзақбай

Биыл – Қазақстанның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ұзақбай ­Желдірбайұлы Құлымбетовтің туғанына – 130 жыл. Ауыл мұғалімінен ҚазКСР Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметіне дейін көтерілген оның халық мүддесі үшін жасаған еңбегі туралы бүгінгі ұрпақ көп біле бермейді. Тарихта тағылымы мол із қалдырған тұлғаларымызды кеңінен насихаттау үшін осы жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа көшелердің біріне оның есімі берілді.
Жыл басында өткен Нұр-Сұлтан қаласы ономастика комиссиясының отырысында елордадағы бірнеше мектеп, мәдени ошақпен қатар кейбір көшелерге атау беру мен қайта атау мәселесі қаралды. Соның нәтижесінде елорданың 45 көшесіне атау беру және қайта атау бойынша оң шешім шығарылған еді. Сөйтіп Алматы ауданына қарасты жобалық атауы А21 деп аталған ұзындығы 483 метрлік көше Ұ.Құлымбетов деп аталатын болды.

[smartslider3 slider=106]

Сауатты қазақ жастарын көбейтті
1891 жыл Ақтөбе өңіріндегі Ырғыз уезі, Аманкөл болысында дүниеге келген Ұзақбай ­Құлымбетов 1910 жылы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін, 1912 жылы Ақтөбе мұғалімдер семинариясын бітіреді. Бірден Ырғыз, Торғай ауылдарында мұғалімдік қызметке кірісіп, қазақ жастарының сауатты болуы үшін қызмет етеді. 1919-22 жылдары  Ырғыз революциялық комитетінің төрағасы, сол жылы құрылған Ақтөбе губерниясының әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін, артынан губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде болды, губкомның бюро құрамына енгізілді. Осы жылдары мектептер, жетім балалар үшін интернат ашқызады. Калининге жазған хатында Қазақстандағы балалар саны Одақ көлеміндегі панасыз жасөспірімдердің үштен бірін құрайтынын хабарлап, болашақ ұрпақтың  талапқа сай білім алуы, олардың оқу орындарын жабдықтау үшін қосымша үш миллион қаржы бөлуін сұраған. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов Нұр-Сұлтан қаласындағы мұрағат құжаттарында Ақмола уезіндегі 1921-1922 жылдардағы ашаршылықты жоюға Құлымбетовтің аянбай еңбек еткені көрсетілгенін айтады.
Өнеркәсіп пен ауылшаруашылығын дамытты
Қазақ өлкелік Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметтерінде болған жылдары республикадағы өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының қалыптасуына, Түрксіб теміржол құрылысының салынуына ықпал етеді. Пленум, конференция, съездерде жасаған баяндамаларында, мақалаларында Екібастұз, Атбасар комбинаттарын қалпына келтіріп, Жетіқара, Аққарға, Бозбие алтын кеніштерін қазақ еліне қайтару туралы мәселелерді батыл түрде көтерген. Елек тұз өндіру, Ембі мұнай кәсіпорнының қуатын арттыру, мұнай өңдейтін зауыт салу, мал шаруашылығын дамыту, тері өңдеу, тоқыма кәсіпорындарын салу жайында бағдарламалар ұсынған.

Голощекинді сынаудан қорықпады
Әділдігі мен батылдығы аңызға айналған Ұ.Құлымбетов қазақ ұлтының мүддесі үшін сол кездегі билікке қарсы шыққан. Ұжымдас­тыру зорлықпен, дайындықсыз жүргізілген кезде Сталиннің оң қолы – Голощекин мемлекетті басқарды. Қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тұрмысын білмейтін Голощекиннің үлкен қателік жібергенін 1933 жылы шілде айындағы VI пленумда Құлымбетов: «Голощекиннің республиканы басқару әдісі дұрыс болмады. Республиканың негізгі күнкөріс кәсібі – мал шаруашылығы. Оны Голощекин мойындамады, ескермеді және түсінбеді. Сондықтан ұжымдастыру кезінде ауылшаруашылығымен айналысқан адамдарды қалай ұжымдастырса, колхоздастыруды соның әдісін мал шаруашылығымен айналысатын адамдарға қолданды» дейді. Ал 1925 жылы ол бір сөзінде: «Дұрысында, біздің орталықтан (Мәскеу) алғанымыздан, оларға бергеніміз көп. Шындап келгенде, орталықтан алмауға да, бермеуге де тұрамыз. Оған орталық тұра алар ма екен? Тұра алмайтын болса, бізге қаржы берсін!» деп батылдығын, ержүректілігін, шындықты тура айтатын азамат екенін тағы да көрсетеді.
Алматыны астана етуге атсалысты
Ұзақбай Құлымбетов астананы Қызылордадан Алматыға ауыстыру кезінде комиссияның алғашқы төрағасы болды. 1927 жылы 3 наурызда өзі бастаған комиссия мүшелерінің отырысында Алматы аумағын батысқа қарай ұлғайту, үкімет үйлерін, кірпіш, нан, ағаш өңдеу зауыттарын салу туралы, электр энергиясын беретін 300 кв-тық стансалар, су желісін, құбырлар тарту сияқты көптеген мәселелер комитет мүшелеріне жүктелді. Ташкенттегі пединститутты Алматыға көшіру мәселесі көтерілді. Келесі жылы ол оқу орны Алматыға көшірілді. Қазіргі Өнер академиясының ғимараты Құлымбетов салдырған үкімет үйі болды. Алматыдағы Ботаника бағын аштырды. Ұзақбай Құлымбетов Алматының ел астанасы болуына, оның рухани-мәдени орын болып қалыптасуына көп үлес қосқан. Сондықтан Құлымбетовке Алматыда мүсін орнатылуы керектігін көтеріп жүрген зиялы қауым өкілдерінің ұсынысы аяқсыз қалмауы керек.
Отыз жетінің құрбаны

Кейбір деректерге сүйенсек, 1937-1938 жылдардағы зобалаңда елімізде 25 мыңнан аса адам жазықсыз жаладан ажал құшып, оққа ұшқан. Солардың бірі – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетов. Ол 1937 жылы қыркүйекте қамауға алынып, 1938 жылдың 22 наурызында 47 жасында 18 наркоммен бірге «халық жауы» деген жалған жаламен атылды. Сүйегінің қайда қалғаны белгісіз қазақ қайраткері 1958 жылы ақталды.

Ұрпақтары 20 жыл бойы «халық жауының» балалары болып, елдің «қарғысына» ұшырап өмір сүрді. Көзі тірісінде тау тұлғалы азамат «КАРЛАГ», «АЛЖИР» өлім лагерьлерінің қазақ жерінде қоныс тепкеніне де қарсы болды. Кейіннен «АЛЖИР»-де жұбайы Әйіш Құлымбетова 8 жыл отырды.
Ер есімі – ел есінде  
Туған халқының жарқын болашағы үшін күрескен тұлғаның еліне сіңірген еңбегі, есімі лайықты дәрежеде ұлықталмай келді. 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігін жариялау қарсаңында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдауы­мен Ұзақбай Құлымбетовтің 100 жылдық мерейтойы Алматы, Ақтөбе, туған жері – Ырғыз ауданында кеңінен аталып өтілді. Осы мерейтой кезінде оның өмір жолы жайлы мақалалар мен естеліктер, ғылыми баяндамалар жасалды. Бір өкініштісі, Ұзақбай Құлымбетовке елімізде бір мектептің де аты берілмеген. Қазақ зиялылары өзінің тарихи бағасын осы кезге дейін ала алмай келе жатқан тұлғаның еңбегін елейтін, ерлігін ескеретін кез жетті деп санайды. Осыған орай биыл Ақтөбе қаласында өткен «Ұзақбай Құлымбетов және Қазақстанның мемлекеттілігі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда оның есімін ұлықтау мақсатындағы шараларды қолға алу жөнінде баса айтылды.
Ұзақбай Құлымбетовтің еліне жасаған еңбегін, қайраткерлік тұлғасын танытатын жинақ шығару ұрпақ алдындағы парыз болатын. Сол парыз орындалып, оның туғанына 125 жыл толуына орай жинақ жарық көрді. Жинаққа оның 1920-30 жылдардағы мақалалары мен өмірбаяны, көзін көрген кейбір замандастары мен ұрпағы Кабира Қарабалинаның естеліктері, сондай-ақ оның тұлғасын зерттеп жүрген ғалымдар мен өлкетанушылардың зерттеулері мен мақалалары топтастырылған. Екінші бөлімде Ұ.Құлымбетовтің қызы, белгілі педагог Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның бастан кешірген қиындықтары, босқынға ұшыраған ұрпақтың тағдыры арқылы бүкіл қазақ ұлтының басына түскен нәубет, өмірлік мұраттарға адалдық жайы, ғұмырнамалық хикаят түрінде шынайы баяндалады.

[smartslider3 slider=108]
Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button