Басты ақпарат

Ұлтық валюта ұлықталды

Елдің экономикалық тәуелсіздігін көрсететін басты белгілердің бірі – төл валютасы. Бұл бұлжымайтын қағида деуге болады. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойының қарсаңында елордада төл теңгеміз айналымға енгізілген күннің мән-мағынасын ашып, ұлттық валютамызды ұлықтаған алқалы жиын өтті.

03

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл: ұлттық валюта» деген тақырыппен өткен конфе­ренцияға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбді­қалықова, Ұлттық банк төр­ағасы Данияр Ақышев, Парла­мент депутат­тары, теңгенің дүниеге келуіне атсалысқан бел­гілі эко­номист ғалымдар, қаржы­герлер қатысты. Жиын басында сөз алған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова теңгенің ел тағдырында алатын маңызды орны туралы баяндады.
– Мемлекеттік туымыз, Ән­ұранымыз, Елтаңбамызбен қатар, Тәуелсіздіктің ең бас­ты белгі­лерінің бірі – мемле­кеттің төл валютасының болуы. 1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның өз валю­тасы – теңге айналымға енгізіліп, үлкен тарихи қадам жасалды. Ол экономика тоқырап, өндірістер жабылған, тіпті қара­пайым адамдардың жалақысына дейін сыртқы факторларға тәуелді болған аса күрделі кезең еді.
Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқа­сында еліміз уақыт сынынан сүрінбей өтті. Ал төл теңгеміз тәуелсіздіктің айшықты сим­волдарының біріне айналды. Халықтың көңіліне сенім ұялатып, болашаққа нық қадам басуына жол ашты. Әлемдік дағдарысқа лайықты төтеп беріп, мызғымас қуатын дәлелдеді, – деді Мемлекеттік хатшы.
Гүлшара Әбдіқалықова «Елбасы Н.Назарбаевтың жал­пы­ұлттық бірлік пен келі­сім үлгісі Қазақстанның жарқын жетістік­­терінің шешуші факторы екенін, сон­дай-ақ, оған Қазақстан халқы Ассам­блея­сы да ықпал еткенін жеткізді. Мем­ле­кет­тік хат­шы атап өткендей, бүгінде теңге эко­номи­к­амыздың тірегіне, береке­лі де мере­келі тіршілігіміздің күрета­мы­рына ай­налған. Ол алдағы уақыт­та да Қазақ­станның жарқын жеңістері мен толағай табыс­тарының тұғыры бола беретініне сенім зор.
Осы конференцияда Ұлттық банк төр­ағасы Данияр Ақышев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған 10 мыңдық кәдесыйлық банкнотты және монетаны жұрт назарына ұсынды.
– Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» идея­сының мызғымас негіз­дерінің бірі – ұлт­тық бірлік, бейбітшілік және келі­сім. Бар­шамыздың Отанымыз бір, тағ­ды­ры­мыз бір. Бүгін сіздердің назар­ларыңызға ұсынатын естелік монетаға осы идея негіз болды. Тәуелсіздік тарихы – Мемлекет басшысының тари­хымен тығыз байланыс­ты. Сол се­бепті, Ұлттық банк Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына арналған, еліміздің дамуына Президенттің қосқан үлесін бейнелейтін мерейтойлық банкнотты назарларыңызға ұсынады, – деді Данияр Ақышев.
Банкнотты таныстыру салтанатында айтылғандай, он мың­дық купюрада сақтар дәуірі­нен бүгінгі күнге дейінгі тарих жинақталған. Қазақстанның картасы ел халқының ортақ үйі ретінде көр­сетілген. Қазақ елі монументіндегі Самұ­рық құс өткен күн мен бүгіннің сабақ­тас­тығын бейнелейді. Ме­рей­тойлық купюра Пре­зи­денті­міздің ел дамуына сіңірген ерен ең­бе­гінің көрінісін бейнелеуге бағыт­талған.
5 мың номиналдағы монетаға тоқта­лар болсақ, ол 925 сынамалы күмістен жаса­лып­ты. Беткі жағында Қазақ елі мону­менті, ұлт­тық киімдегі әр түрлі ұлт өкілдері бейне­лен­ген. Күн шапақтарының көріні­сімен көмке­рілген монетаның салмағы 777,5 грамға тең.
Данияр Ақышев айтқандай, Ұлттық банк кәдесыйлық банкнот пен монетаны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – 1 желтоқсанда жарыққа шығарады. Осылайша, Тәуелсіздік тойы­ның қарса­ңында халқымыз үшін үлкен сый жасалмақ.0604
Қазақстан қаржыгерлері қауым­дас­тығы кеңесінің төр­ағасы Мағжан Әуе­зовтің пі­кірінше, жаңа банкнот пен монета халық үшін айрықша бағалы зат болады.

– Ұлттық валютамыздың ай­налымға енуі – Қазақстанның тарихындағы айрық­ша оқиға­лардың бірі. 1993 жылдың қара­ша айында Қазақстан Прези­дентінің «Қа­зақстан Респуб­ликасының Ұлттық ва­лю­тасын енгізу туралы» Жарлығы шық­қан болатын. Содан бергі ара­лықта мемлекетіміздің эконо­микалық құры­лымы қалып­тасты. Ал Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Ұлттық банктің Мемле­кет басшысы бейнеленген купюра мен монетаны таныс­тырғаны өте орын­ды қадам деп ойлаймын. Купюраға Ел­ба­сының суреті бейнеленуі Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қалыптасуындағы Пре­­зиденттің айрықша рөлін білдіреді. Бұл ку­пюра үлкен құндылыққа айналады, оны адамдар бағалы дүние ретінде сақ­тайды деп сенемін, – деді Мағжан Әуе­зов.
Философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім Ұлттық банк таныстырған жаңа банкнотты сонау 1993 жылы шыққан алғашқы 1 теңгелікпен салыстырды. Ғалымның пайымына салсақ, теңгеде әл-Фарабиден бастап, Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі аралықтағы еліміздің тарихы көрініс тауып отыр.
– Бір теңгелік банкнотқа әл-Фараби бейнеленген еді. Міне, сол оқиғаға да 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Бүгін Данияр Ақышев мырза 10 мың теңгелікте Елбасы бейнеленгенін айтты.
Демек, теңге арқылы әл-Фара­биден бастап, Нұр­сұлтан Назарбаевқа дейінгі тарих көрініс тауып отыр. Төл теңге­міздің төрге озған күні құтты болсын! Теңгеміз теңселе бермей, тұғырлы болсын! – деді Ғ.Есім.
Осы жиында айтылғандай, теңгені жасау, айналымға енгізу өте күрделі жағ­дайда жүргізілген. Ол кезеңде маман­дардың тәжі­рибесі аз, ресурс жеткіліксіз, біліктілік төмен еді, ондаған жыл­дар бойы қалыптасқан эко­но­микалық қаты­настар күй­реген уақыт болатын. Теңгені дүниеге әкелу жұмыстарын Қазақстан Республикасының Президенті тікелей қадағалап, атсалысты.
Конференцияда есімі елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, экономист ғалымдар сөз сөйлеп, төл валютамыз еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символы екенін айрықша атап өтті. Олар өзінің ұлттық ақшасы бар ел ғана дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып, нарықтық экономиканың құрылымын қалыптастыра алатынын тілге тиек етті.

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ
«Егемен Қазақстан» газеті,
№220, 16 қараша, сәрсенбі, 2016

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button