Руханият

Ұлтжанды ұстаз ұлағаты

Осыдан 30 жылдай бұрын жоғары оқу орнына түсу қамымен жүргенімде мені дәм-тұз айдап Теміртау қаласына келдім. Тағдыр мені осында ұлағатты ұстаз, өмір бойы адами қасиет пен адамгершіліктің ақ туын жанына серік етіп келе жатқан мықты азаматпен жолықтырды. Ол кісі – бүгінде ел ағасы атанған, қоғам дамуына сүбелі үлес қосып, отыздан астам құнды кітаптарды жарыққа шығарған тарихшы-ғалым, журналист, қоғам қайраткері, профессор Әбдіжаппар Әбдәкімов. Оңтүстіктің қалың қазағының ортасында туып- өскен маған металлургтер қаласындағы қаптаған орысша атаулар біртүрлі көрінді. Көшеде қаракөздеріміздің жоқтың қасы екені таңғалдырды.

Оның сыры тез арада-ақ ашылды. Таныса келе 180 мыңдай тұрғыны бар қалада қазақтардың саны үш-ақ пайызды құрайтын және түгелімен тікелей Мәскеуге бағынатын үлкен өнеркәсіп орындары орналасқанын білдім.
Бізді сонау Алматыдан алып келген Төребек Сүйесінов аға мен Меруерт Қуантаева апайлар жолай көп әңгіме айтып, қаламен сырттай таныстырды. Көпшілігі жылы жақтың балалары болғандықтан, қарашадағы Арқаның үскірік аязы мен суық жатақхана көңіл күйімізді көтере қойған жоқ. Сонымен, Қазақстан Магниткасының қасындағы, Мәскеудің Лихачев атындағы автомобиль шығару зауыты үлгісімен құрылған жоғары техникалық оқу орны бізді осылай қарсы алды.
Ертеңіне институтта декан Әбді­жаппар Әбдәкімұлы бастаған оқыту­шылармен кездестік. Деканымыз баршамызға сәттілік тілеп, оқу ордасында сабақтардың орыс тілінде жүретіндігін, сабақтан қиналған кезде қысылмай бар жағдайды мұғалімдерге немесе өзіне хабарласуымызды айтты. Бәрінен бұрын есімізде қалғаны, көшеде жеке-дара жүрмеуімізді, аса сақ жүру, тек оқуға ден қойып, бітіріп шығу керектігін ескертті.
Шынында да, аға ауыл балаларына қорған болып жүрді. Мыңдаған қазақ жастарының аталған жоғары оқу орнында білім алып, өмірден өз орындарын тауып кетуіне септігі тиген азамат.
Осы орайда 70 жасқа толып отыр­ған Әбдіжаппар Әбдәкім­ұлының мерейтойы қарсаңында ардақты ұстазымның ерен еңбек­тері туралы айтып және оның аза­маттық болмысы жайын­да қа­лам тербеуді жөн санадым.

Әбекең институтта үнемі ұлттық мүдде мен қазақ тілінің мәртебесі және қазақ жастарының құқығын қорғап, әр жиында мәселелерді батыл көтеріп жүргені есімізде. Институтта қазақ тілі қолданысы аясын дамыту керектігін жіті айтатын.

Шыны керек, ол кезде желтоқсан оқиғасының ызғары әлде де басыла қоймаған еді. Кейбір өзге ұлттың шовинистік пиғылдағы азаматтары басқаша көзқараста болып, қазақ жас­тарын ұната бермейтін және қысастық жасауға бейім тұратын. Ондайда Әбекеңдер шыр-пыр болып қорған болатын. Ұстазымыз декандықтан кеткенімен, біздерге сабағын өткізіп жүрді де, көп ұзамай Теміртау қалалық партия комитетіне үшінші, артынан екінші хатшы болып қызметке кетті. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін лауазымы қала әкімінің орынбасары болып өзгерді.
Ал біздер дайындық курсынан соң институтқа студент болып қа­былданып, біріміз құрылыс, енді біріміз механика, металлургия саласы бойынша инженерлік мамандығын алуға оқуымызды жалғастырып кеттік.
1991 жылы маусым айында қалада күтпеген жерден қанды оқиға орын алып, студенттер дүр көтерілді. Оған себеп, жабайы нарықтың белең алып, арақ-шарап, темекі сынды тұрмыста қат тауарларды өте жоғары үстеме бағамен сатып, дәуірі жүріп тұрған әзербайжан азаматтарының құтыруы болды. Олар институтта дипломдық жұмысын қорғап, ауылдарына қуа­нышты хабарларын телефон арқылы жеткізбек болған екі қазақ жігіттерімен шекісіп қалады. Ерегіс барысында бір топ кавказдық жиналып келіп, оларды пышақтап, сабайды. Бірі сол жерде қайтыс болады да, екіншісі қашып шығып, жатақханаға келген бойда хабар айтып үзіледі. Содан ашуға мінген қаладағы бүкіл қазақ жастары «қанға қан, жанға жан» деп дүре көтерілді. Әсіресе, студенттер көшеде әзербайжандарды соққыға жығып, қарымта қайтара бастады. Ал «қанқұйлы батырлар» інге тығылған тышқандай болып зым-зия жоқ болып, тығылуға бет алды. Жастар сонда да қояр емес. Тұратын жерлерін тінтіп, айқау-шу көтеріп жатыр. Жағдай қатты ушыға түсті. Ашуға мінгендер тәртіп сақшыларының ескертпесіне құлақ асар емес, керісінше, басбұзарларды тауып алып, жазаламайынша басылмайтынын жеткізді. Құзырлы органдар ушығып кетер деді ме, әйтеуір, қатаң шара қолдануға асыға қоймады.
Сонда Теміртаудың басшысы Камалтин Мұхамеджанов пен орынбасары Әбекең істің басы-қасында жүріп, жағдайды қатты ушықтырмауға күш салды. Айта­йын дегенім, сол сәтте басқа қалада іссапарда жүрген Әбдіжаппар Әбдәкімұлы қазақ жастары арандап қалмасын, жамандыққа ұрынбасын деп, жеделдетіп қалаға оралды. Келе бәріміздің басымызды қосып, институттың үлкен залында жиын өткізіп, екі тараптан құралған комитеттер құрды. Ұзын сөздің қысқасы, Әбекеңді пана тұтатын жастар сөзге тоқтап, жағдай өзгерді, бір мәмілеге келді. Жастардың талабы назарға алынып, орындалды. Нәтижесінде әлгі басбұзарлар ұсталды да, қалған әзербайжандар өздері көшіп кеткендерден басқа тағы біраз отбасы бір тәуліктің ішінде қаладан көшіріп жіберілді.
Қашанда ұлтының намысын жоғары қоятын Әбекең қай қызметте жүрсе де, қазақ тілінің жанашыры болды. Сон­дай-ақ, студенттермен, Қарағанды метал­лургия комбинатындағы қазақ жас­тарымен байланысын үзбей, үнемі қарым-қатынаста болды. Өйткені бойында қарапайымдылығы мен қазақы тәрбиесі басым Әбекең ауылдан келген әрбір қазақ жастарының жанын түсіне білді және көбінің білімін жетілдірген соң елдеріне аман-сау қайтып, ата-ана­ларымен қауышулары керектігін тіледі.
Ормандай қаптаған орыс тіл­ділердің үлкен қарсылығына қарамай, 1989 жылы балабақшаның ішінен алғашқы қазақша тобы ашылды. Әбекең өзінің тұңғышы Дина есімді кішкентай қызын қолынан жетелеп апарып, бала­бақшадағы қазақ тобының орын­дығына отырғызады. Топты ашуда, әсіресе, «іштен шыққан жау жаман» демекші, өзіміздің қаракөздердің қарсы болғаны жанына қатты батқан еді. Келер жылы әупіріммен қазақ балабақшасы да ашылды.
1991 жылдың қыркүйек айында үлкен еңбекпен қазақ мектебі де ашылды. Онда да басқаларға өнеге етіп, қазақ мектебінің партасына сол баяғы қазақ балабақшасының тәрбиесін алған қызын отырғызған.
1989 жылы сол қаладағы неміс драма театрының режиссері Болат Атабаевпен бірге қалалық атқару комитетінің басшысы Камалтин Мұхамеджановтың қолдауымен орыстанған қалада алғашқы рет Наурыз мейрамы да тойланған болатын. Одан кейін қазақ ұлтының түрлі салт-дәстүрлері жанданып, «Қыз сыны», «Жігіттің сұлтаны» сынды байқаулар ұйымдастырылып, өткізіле бас­тады. Кезінде трамвайдан бір қазақ көрсек бауырымдап, құшақ айқара қуанып, көзге жас алатын қалада кейінгі жылдары қазақ жастары көбейді. Студенттерден өзге, зауыт жұмысшыларының да қатары ауылдан келген қарапайым ағайындармен толыға бастады. Нарық заманы басталған тұста өңірлердегі жастар қалаға ағылып, қала бұрынғыдан да қазақылана түсті. Осы аталған істердің бәрінде де ұлтжанды Әбекеңнің ерен еңбегі және нәтижелі жұмысының үлесі жатыр деуге болады.
Әбекең 1994 жылы қызмет бо­йынша Қарағандыға облыстық әкімдікке ауысады. Ол жерде ішкі саясат бөлімінде, қала әкімінің орынбасары лауазымы, облыстық телеарна директоры сияқты қыз­меттерді атқарды.
1996-2007 жылдар аралығында облыстық Сайлау комиссиясының төрағасы болады. Сол аралықта Әбекең облыс бойынша 12 сайлау өткізген.
Мен екінші мамандығым бо­йынша Орал қаласында журналист болып қызмет атқарып жүрген кезімде 2005 жылы 28 наурызда ойламаған жерден Қарағанды қаласына іссапармен барып, ұстазыма хабарластым. Әбдіжаппар Әбдәкімұлы ол жыл­дары Қарағанды облыстық телеарнаның басшысы болатын. Қызық болғанда, тап сол күні Әбекеңнің туған күні екен. Әбекең «алыстан шәкіртім іздеп келді» деп өмірлік жолдасы Бақыт Көпенқызы екеуі қуана қарсы алды. Ұстазым үйіндегі құнды кітаптармен толыққан жеке кітапханасымен таныстырды. Сөйтсем, ұстазым әрі әріптес ағам соңғы жылдары қарап жүрмей біраз құнды кітапты жарыққа шығарып тастапты. Ішінен «Қазақстан тарихы» (2003 жылы шығарылған) кітабын тарту етті. Шыны керек, сол кітапты әлі күнге дейін жанымнан тастамай, үнемі пайдаланып келемін.
Айтайын дегенім, кітапта ежелгі тарихи кезеңнен бастап қазіргі дәуірге дейінгі материалдар өте жүйелі жа­зылған және қысқа-нұсқа қажетті деректерді барынша қамтыған екен. Әсіресе, Қазан төңкерісінен кейінгі жылдарда еліміздің билік басына кімдер келді және қай кезде басқарды деген сияқты мәліметтердің бәрі нақты көрсетілген.
1984 жылдары кеңес дәуірінің дәуірлеп тұрған шағында өзі коммунистік партия қатарында және институтта партбюросын басқара отырып, Алаш мәселесін қорықпай көтереді. Жұрттың Алашорда жайлы там-тұмдап білгенімен белсенді түрде батыл ой айтып, Алаш партиясы туралы қалам тербеуге ешкімнің қолы жүрмей тұрғанда Әбекең ең алғашқылардың бірі болып, саналы да ғылыми тұрғыда құнды дәйектер айтып, «Алашордамен таныссақ» деген материал жазуы да батыл қадам болды.
Жалпы, Әбекең лауазымды қызметпен қатар қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүрді. Соның арқасында қаламынан 30-дан аса оқулықтар мен кітаптар және 200-ден астам тарихи танымдық, дін, руханият, мәдениеттану, қазақ тілінің тағдыры, қазақи әдет-ғұрып пен салт-дәстүр, ғылыми-әдістемелік, әдебиеттік, көркемсөздік мақа­лалар жарыққа шықты.
Одан кейінгі жылдарда Әбекең Астанада ҚР Әділет министрлігінің құрамындағы дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығын ашып, оған біраз жылдар басшылық жасаған. Кейіннен Премьер-министр кеңесшісі, ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі сынды жауапты қызметтерді атқарып жүргенде де қарапайымдылығы мен кішіпейілдігінен танбаған ел ағасы.
Қазіргі таңда зейнеткерлікке шықса да, үйде қарап отырмай, жүйелі жұмыстармен айналысып жүр.
Сөз соңында қазақтың арқалы ақындарының бірі Серік Ақсұңқар­ұлының өткен жылы «Орталық Қазақстан» облыстық газетінде жарыққа шыққан «Муза мехнаты» деген толғауынан үзінді бергім келіп отыр. Сонысында ақын былай дейді: «Астанада өткен Еуразиялық кітап көрмесінде әлем әдебиетінің тұнығынан жүзіп ішкен Әбдіжаппар Әбдәкімов ағам Қасымхан Бегмановты іздеп келіп: «Мен сенің Ташкентпен қоштасуыңды оқып, жыладым!» дегенде елең ете түскенім бар. Бұл кісінің түбі Шанышқылы Бердіқожадан тарайды, Абылай заманындағы атақты ер Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Керей ер Жәнібек, Көкжарлы Барақ батырларға үзеңгілес серік, қарулас батыр болған. Әбекең Алматыдағы оқуын бітірген соң, Теміртауға табан тіреп, Арқада қалып қойған, кіндік қаны тамған Ташкент – жат қолында, Қасымханның «Ташкентпен қоштасуына» жан-тәнімен беріліп, егілетіні содан болуы керек?» депті.
Айтайын дегенім, Әбекең сонау Ташкент облысындағы туған топырағынан ерте кетіп, жастай арман қуып, Алматыға Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсіп, оны 1974 жылы аяқтапты. Теміртаудағы жоғары техникалық оқу орнындағы студенттерге сабақ беруден бастаған еңбек жолы оны қаншама биік белестерге көтерді. Ленинградта кандидаттық диссертациясын қорғап келіп, қайтадан жұмысын жалғастырады. Жастайынан санасына түйгені мен өмір бойы жинақтаған мол тәжірибесін ел мүддесі үшін тиімді пайдаға асырып, қазақ тілінің дамуына, ұлты­мыздың болмысын, тарихын қайта жандандыруға үлкен үлес қосып жүргенін өлшеусіз еңбек және үлкен жүректі азамат деп білемін.

Тельман БЕЙСЕНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button