Басты ақпарат

Ұлы Абайдың мұрасын мұрат еткен

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония, Қазақ ұлттық өнер университеті… Елорданың бұл іргелі оқу және өнер ордаларының тарихы күміс көмей, жезтаңдай әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбайдың есімімен тікелей байланысты. Осы білім және мәдени ошақтарының қалыптасуына өзінің өлшеусіз үлесін қосты. Ал жеке шығармашылығында ұлы Абайдың ән мұрасы ерек орын алады. Хакімнің әндері мен оның өлеңдеріне жазылған туындылардың бірден-бір насихатшысы – Кенжеғали Тұрсынбекұлы. Шыңғыстаудан ­Маңғыстауға дейін, яғни еліміздің шығысынан батысына дейін барып, Абайдың әндерін әуелете шырқады. Концерттік бағдарламаларымен шетелдерді де аралап, бас ақынымыздың музыкалық мұрасын танытты.

[smartslider3 slider=3795]

Абай әндері бала кезінен бойына сіңді. Оның себебі ұлы ақын туған топырақта өсіп, ержетті. Өнер жолын да Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрынан бастады. Сыдық Мұхамеджановтың «Ақан сері-Ақтоқты» операсында Ақанның партиясын орындап, тұсауы кесілді. Одан кейін осы туындының либреттосын жазған классик қаламгер Ғабит Мүсіреповтің қолқалауымен «Қыз Жібекте» Төлегеннің партиясын шырқады. Жалпы осы театрда 1981-1996 жылдары жетекші солист болды. Осы уақыт аралығында орыс, қазақ, Еуропаның 30-дан астам операсында басты ­партияларды орындап, театрдың бүкіл репертуарына енді.

1996 жылдың мамыр айында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Светлана Жалмағамбетованың шақыруымен осы өңірге гастрольдік сапармен келді. Атбасар, Есіл, Қорғалжын аудандарында, облыс орталығында бірнеше концерт берді. Дәл сол уақытта Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін құру туралы Елбасы Жарлығы шықты. Әнші қайта құрылған оқу орнының басшысы Амангелді Құсайыновты құттықтап шығайын деген ниетімен университетке бас сұқты. Сол кезде риза болған ректор: «Кенжеғали, міне мәртебелі университетке айналып жатырмыз. Болашақ астанаға келсеңші. Біздің музыка факультетінің деңгейін көтеруіміз керек. Сенің атағың және тәжірибең бар. Сен маған керексің. Жағдайыңды жасаймын: төрт бөлмелі үй беремін» деді. Мұны күтпеген әнші шабыттанып: «Пәлі, онда опера театрының біраз әншілерін ала келсем бола ма?» деп сұрады. Амангелді Құсайынұлы бұған келісіп, шұғыл түрде кадр бөлімінің басшысы Жанна Әбдірахмановаға Мәдениет министрі Талғат Мамашевқа жолданатын опера және балет театрынан университетке ауысу туралы хат дайындатты.

Әрине, Алматыдан Ақмолаға қоныс аудару туралы шешімді қабылдау оңайға соққан жоқ. Әнші Алатау баурайына оралып, театрдағы әріптестерімен ақылдасты. «Ол жер астана болу үшін кемі жарты ғасыр керек. Астыңнан су шықты ма? Театрда өз орның бар. Барлық басты партияларды орындайсың. Көбінің оған қолы жетпей жүр. Жеке концертпен ел аралап, гастрольге шығып тұрасың. Ол жақта әншілігіңнен айырыласын, Алматының аты – Алматы» деп ешкім қолдамады. Ал министр Талғат Асылұлы керісінше бұл шешімді қолдап, батасын берді. Содан тамыз айында тәуекелге бел буып, «Ақмола, қайдасың?» деп Арқаға тартып отырды.

Арада бір-екі ай өткенде «Алматыдан – Ақмолаға» атты жеке концертін берді. Сол кезде «Казахстанская правда» газеті бірінші бетіне суретін басып, «Болашақ астананың өнер қарлығашы Ақмолада концерт берді» деп жазып жіберді. Шынымен де солай еді, себебі өнер адамдарынан алғашқы болып әлі астана бола қоймаған Ақмолаға қоныс аударған Кенжеғали Тұрсынбекұлы болды.

1997 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Жәнібек Кәрібжанов Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды. Ол әншіге «облыстық филармония жасақта» деп қолқа салды. Сол арқылы астананы қазақыландыру, жергілікті музыканттарды тарту міндеті қойылды. Кенжеғали Мыржықбай филармонияның директоры, көркемдік жетекшісі ретінде тиісті ұйымдастыру жұмыстарын қолға алды. Павлодардан дирижерлікке Мырзағали Айдаболов шақырылды. Құрамы 60 адамнан тұратын ұлт аспаптар оркестрі құрылды. Ал филармонияның салтанатты ашылуы 1998 жылы «Жастар» сарайында өтті. Бұл – қазіргі Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония.

Дәл сол жылы астанада Музыка академиясы ашылды. Кенжеғали Тұрсынбекұлын оқу орнының ректоры Айман Мұсақожаева қызметке шақырды. Еуразия университетінде ұстаздық тәжірибені жинақтаған әнші «Ән салу–хор» факультеті «Жеке ән салу» кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды. Осылайша оқу орнының уығын қадасып, шаңырағын көтерісті. Мұнда 2007 жылға дейін шәкірт даярлап, өнертану профессоры атанды.

Содан соң туған жерге қызмет етейін деген ниетпен арнайы шақырумен еліміздің шығыс өлкесіне барды. Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет департаментінің басшысы болды. Одан кейін облыстық филармонияның тізгінін ұстады. Бес жылдан кейін астанаға қайтып келді. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов оқу орны жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшілігіне шақырды. Бұл – мәдениет, әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлерімен сырлы сұхбаттарға негізделген ұйым. Биыл осы бірлестікке он жыл толды. Осы уақытқа дейін «Кәусарда» көптеген тұлғалармен кездесулер өтті. Кенжеғали Мыржықбай бұл жүздесулердің бәрін мәнді, мағыналы етіп өзі жүргізеді. Біле-білген адамға осы ісімен жастардың, бүгінгі ұрпақтың тәрбиесіне үлесін қосып келе жатыр. Көрнекті тұлғалармен кездесулерде жастар қаншама үлгі-өнеге алды, әлі де алып жатыр. Белгілі адамдар да «Кәусарға» келуге құштар. Мәселен, мемлекет және қоғам қайраткері, «Жезкиік» ақын Кәкімбек Салықов көрнекті композиторлар Еркеғали Рахмадиев пен Илья Жақановтың халықпен кездесулеріне қатысқан соң: «Кенжеғали, менімен кездесуді қашан өткізесің?» деп сұраған екен. «Кәусардағы» бұл кездесу ақынның жұртшылықпен соңғы сырласуы болды. Еркеғали Рахмадиев те соңғы рет «Кәусарда» халықпен кездесті.

Еркеғали Рахмадиұлы – Кенжеғали Мыржықбайдың талантын ерте бастан тап басып таныған тұлғаның бірі. Композитор Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваторияның ректоры кезінде музыкалық мектептер мен училищелердің, консерваторияның дарынды түлектерін Мәскеу мен Ленинградқа оқуға жіберетін. Кенжеғали Тұрсынбекұлы оның жолдамасымен Ленинградтың Н.Римский-Корсаков атындағы консерваторияға оқуға барып, осы оқу орнын бітірді.

Осылайша өзі айтатындай, Абай топырағында туып, Пушкин еліңде білім алды. Ал қазақтың ұлы ақынының ән мұрасына әбден кемеліне жеткен шағында келді. «Абай қырық жастан асқанда ғана өз өлеңдеріне атын қоятын болды» деген дерек бар. Кенжеғали Тұрсынбекұлы да осы жас шамасында хакімнің музыкалық мұрасының насихатын қолға алды.

«1993 жылы әннің отаны, сал-серілердің мекені, хан жайлаған Көкшетауда Ақан серінің 150 жылдығы аталып өтілгенде, сол дүбірлі тойға біз де қонақ ретінде шақырылған едік. Сол мерейтойға операның Ақаны ретінде шақырылған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай Ақан мен Абайдың әндерінен тұратын «Ақаннан – Абайға» атты жеке концертін беріп, қала тұрғындары мен тойға келген қонақтарды риза қылып, аталған концертімен бүкіл Көкше өңірін аралап шыққанын да білеміз» дейді биология ғылымдарының кандидаты Зинат Мухитдинова.

2006 жыл Қазақстанда Абай жылы, Ресейде Пушкин жылы болып белгіленді. Соған орай Кенжеғали Мыржықбай «Абай және Пушкин» атты концерттік бағдарламасымен Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан бастап, Астрахань, Орынбор, Самара, Омбы, Томск, Барнаул, Новосібір сияқты Ресейдің бірнеше өңірін бір айға жуық аралап, он бес концерт берді. Ұлы ақынның 160, 170, 175 жылдықтарында да ән мұрасын елімізде және алыс-жақын шетелдерде насихаттады.

«Өзгеге көңілім тоярсың» атты күйтабақ шығарды. Оған Абай әндері және ақын өлеңдеріне ән жазған Сыдық Мұхамеджанов, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди, Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмадиев, Мыңжасар Маңғытаев, Тұрсынжан Шапай, т.б. композиторлардың 15 туындысы енгізілді. Абайдың 175 жылдығына орай өткізген «Жүрегім, нені сезесің?» концерті Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатыр. Ұлы ақын топырағында туып, оның атын иеленген опера және балет театрынан өнер жолын бастап, 15 жыл сонда бас партияларды орындаған, оның үстіне 30 жыл бойы Абайдың музыкалық мұрасын талмай насихаттап келе жатқан Абай облысы Абай ауданының құрметті азаматы Кенжеғали Тұрсынбекұлы бұл сыйлыққа әбден лайық.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button