Мәдениет

Ұлы дала мұрасы

«Астана Балет» театры 4 желтоқсанда Семейде, ал 8 желтоқсанда Оралда өнер көрсетеді. Гастрольдік сапар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақстан Рес­публикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.

[smartslider3 slider=1045]

4 желтоқсанда Семейдегі Абай атындағы Мемлекеттік қазақ драма театрының сахнасында ұлттық хореографияның үздік үлгілері көрсетіліп, көрермен қауым кең-байтақ қазақ даласына саяхаттағандай күй кешеді.

«Астана Балет» театрының негізгі бағыттарының бірі – ұлттық хореографиялық пластика негізінде тың би композицияларын жасап, дамыта түсу. Осы бағытта еңбек етіп жүрген қазақ балетмейстерлері этнография­лық материал мен қазіргі заман хореографиясын үйлестіре отырып, ұлттық бидің өзіндік болмысы мен бірегей ерекшелігін сақтап қалуға талпынып келеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған хореографиялық миниатюралар көшпелілердің дүниетаным фәлсафасын сан қырынан суреттейтін әпсаналар іспетті.

Сонымен бірге осы кеште «Жусан» бір актілі балетінен үзінді көрсетіледі. Мукарам Авахри қойған «Жусан» қойылымы – отандық хореография тарихында ұлт тарихын суреттеген алғашқы бір актілі балет. Бұл туындыда жусан бейнесі арқылы халқымыздың асқақ рухы, тарих қатпарларындағы қараңғы түнек пен жарқын күндер тізбегі, жалпы еліміздің мұқалмас қайраты сипатталған.

8 желтоқсанда Оралдағы «Атамекен» мәдениет сарайында елордалық ұжым ғажайып концерттік бағдарлама мен неоклассикалық балетті көрермен назарына тарту етеді.

Бірінші бөлімде театрды әйгілеп тұрған, барлық гастрольдік сапарлар барысында көрсетілетін «Ұлы дала мұрасы» концерттік бағдарламасы көрермен назарына тарту етіледі. Ол Лондон, Милан, Монако, Нью-Йорк және өзге де әйгілі сахналарда көрсетіліп, көрерменнің зор қошеметіне бөленген.

Осы кештің екінші бөлімінде, аудармасы «баяу жалын» деген мағына беретін, бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің «A Fuego Lento» туындысы көрсетіледі. Аргентиналық ұлы композиторлардың музыкасына қойылған, бразилиялық самбо мен танго элементтері бар балет дүние жүзінің кез келген еліндегі көрерменнің көңілін тебірентіп, жүрегінен орын алған туынды. Ол Ковент-Гарден Корольдік театры (Лондон), Линкольн-орталық (Нью-Йорк), Гримальди Форум Монако (Монте-Карло) және өзге де әйгілі сахналарда көрсетіліп, көрерменнің зор қошеметіне бөленген.

Мың бұралған бишілердің шеберлігі, сахнадағы алаулаған жалын мен шынайы сезім көрінісінің арқасында «A Fuego Lento» көрермен қауымның жүрегін баурап алып, ерекше күйге бөлейді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button