Мәдениет

ҰЛЫ ДАЛА САЗЫ

«Астана – түркі әлемінің мәдени астанасы 2012» жылы аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Екі жылда бір болатын «Ұлы Дала Сазы» дәстүрлі орындаушылардың халықаралық фестивалі де биыл осынау атаулы мәдени шараның шеңберінде өткізілді.

 Кеше К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында шымылдығы түрілген фестивальге қатысуға қызығушылық танытқандар қарасы мол. Екі жыл сайын ән мен күй салтанат құратын осындай әуезді мейрамның елге берер мерейі мол, ұлағаты орасан. Дәстүрлі орындаушылықты қолдап, құдіретті әуен фестивалін ұйымдастырумен шұғылданып жүрген ҚазақстанРеспубликасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұл салаға сіңірген еңбегі ерен. Сондай-ақ көмек қолын созушылардың тағы бірі – «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ.

Аталмыш саз мерекесіне ат терлетіп әр өңірден бұлбұл көмей, жезтаңдай әншілер мен дәулескер күйшілер көп жиналыпты. Астананың абыройын асқақтатып бүгінгінің Біржаны атанып жүрген Қайрат Байбосынов «Он саусақты» әуелетсе, Батыс дәстүрлі мектебінің көрнекті әншісі Айгүл Қосанова «Желкілдекті» сыңғырлатты. Сүгірдің «Назқоңырын» күмбірлеткен Жанғали Жүзбаевтар қатарын Ербол Айтбаев, Асхат Оразов, Сержан Шәкірат, Айгүл Үлкенбаева, алтай эпосы «Қозюке-Баянды» орындаған Ногон Шумаров, ноғай күйі «Йорға сазбен» тамсандырған Файзулла Мусаев және көптеген басқа да жыршы- күйшілер лек-легімен орта толтырды.

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейтін Қадыр ағамыздың аталы сөзін іс жүзінде, театр сахнасында домбыра ұстаған нағыз қазақтардың өнер думанында көзбен көріп масайрап, көңілге терең түйіп, сүйсініп, құлақ құрышын қандырып, дала сазына елітіп қайтты елордалықтар. Кеш қонағы болған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай жиналған қауымды осы бір кәусар бұлақтай сыңғырлаған дала сазының мерекесімен құттықтады. «Астана – түркі мәдениетінің бас қаласы болып жарияланғанын білесіздер. Елбасымыз қазақ өнерін, әсіресе дәстүрлі өнерді дамытуға көп көңіл бөліп келе жатыр. Түркі жұртын біріктіріп отырған осындай өнерді дамытуымыз керек. Түркі мәдениетінің әрбір жанры бір-бір ғылым, бір-бір тарих, оны

біз көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтарымызға жеткізетін болсақ, бұл да біздің азамат ретінде, түркі жұртының патриоты ретіндегі абыройлы ісіміз болар еді» деген Дархан Мыңбай сөздеріне көрермен ду қол шапалақпен ризашылығын білдірді.

Концертке ТҮРКСОЙ-дың, Түркі тілдес елдердің ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның, Халықаралық дәстүрлі музыка ұйымының басшылығы және көптеген шетелдік музыкатанушылар келді.

Мария АЙДАРБАЕВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button