Ұлы дала ұрпағы

Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Ұлы дала ұрпағы» әдеби-музыкалық шығармалардың жыл сайынғы қалалық байқауы өткізілді. Дәстүрге айналған іс-шараға Астанадағы барлық оқу орындарынан әртүрлі жастағы театр ұжымдары белсене қатысты.
Сайыстың мақсаты – жас өрендердің бойында отансүйгіштік сезімін оятып, патриоттық мәдениетін дамыту. Жас актерлердің шығармашылық қойылымын кәсіби қазылар алқасы бағалады. Олардың құрамында Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының, «Жастар» театрының актерлері, «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерттің» «Astana musical» театрының әртісі және Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры ұйымдастыру бөлімінің басшысы, Қазақ ұлттық өнер университетінің PhD докторы деңгейіндегі тұлғалар болды.
Биылғы жылы «Ұлы дала ұрпағы» атты әдеби-музыкалық шығармалар байқауы Қазақ халқының XIX ғасырдағы ең көрнекті ақындарының бірі -Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы бойынша ұйымдастырылып, сол тақырыпта жазылған әдеби-музыкалық композициялар қойылды.
Байқаудың ақтық мәресіне ең үздік нәтиже көрсеткен 5 театр ұжымы іріктеліп,қатысты. Олар – №27 мектеп-гимназиясы, Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейі, Ә.Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейі, Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясы, Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясының өнер ұжымдары.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі I-орынды Ә.Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейі жеңіп алса, II-орынды Н.Төреқұлов атындағы №35 мектеп- лицейі иеленді. III-орынды М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясы қанжығасына байлады.
Номинация жеңімпаздары ретінде «Жігерлі ұрпақ» атымен – №27 мектеп-гимназиясы танылса, «Өнерлі ұрпақ» номинациясымен М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясы марапатталды.
Қалалық байқаудың барлық қатысушылары Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының ұйымдастыру комитетінің дипломдары мен және бағалы сыйлықтарға ие болды.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ