Басты ақпаратМәдениет

Ұлы көштің көрінісі

Елордада «Алтайдан Анадолыға» деректі фильмінің тұсаукесері өтті.

Салтанатты шараға Түркия Рес­публикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи қатысып, сөз сөйледі. «Біздің бауырластығымыздың тамыры терең. Тарихымыз ортақ. Түркияда ұлт-азаттық соғысы жүріп жатқан кезде қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев Анадолы түріктеріне қолдау көрсетіп жазған «Алыстағы бауырлар» өлеңін біз ешқашан ұмытпаймыз. Түрік халқының қиналған жандарға әрқашан құшағы ашық. Алтайдан ауған қазақтарды қабылдап, «Алтай ауылын» құрып, оларды баспанамен қамтамасыз етуі де – соның дәлелі. Мұстафа Шоқай «шетелдегі әрбір түркінің екі отаны бар. Оның бірі – өз отаны, екіншісі – Түркия» деген болатын. Міне, осы идеяны ту еткен Алтай қазақтарының көші Түркияның Анадолысына жетіп, атанын шөгерді» деді.

Азаттық аңсаған қазақтардың Түркияға қоныс аударған ұлы көшіне биыл 70 жыл толды. Осы бір тарихи сәтке орай «Отандастар қоры» КеАҚ-ның ұсынысымен «Qazaqstan» ұлттық арнасы түсірген бұл фильмнің авторы – Азат Рыстанбек. Фильмде ұлы көштің тірі куәгерлерінің бастан кешкен жағдайы баяндалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анкараға ресми іссапары кезінде Түркияның 50-жылдардың басындағы басшысы – премьер-министр Аднан Мендерестің рухына тағзым ете отырып, түрік халқына айтқан алғысы да көрініс тапқан. Сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінде жемісті қызмет етіп жатқан диаспора өкілдерінің бүгінгі ұрпағы да қиын жылдарда туысқан Түркия мемлекетінің алыстан арып-ашып келген жандарға көмек қолын созғанын тебірене еске алады.

Фильмді түсірудегі мақсатымыз – кейінгі буынға ұлт тарихындағы ең ұзақ, ең азапты көштің мәнін түсіндіру болды. Атамекенін аңсаған қандастарға біздің де ілтипатымыз зор. Әрине, сол заманның ауыртпалығын да, біздің қандастарымызға деген құрметімізді де бір фильмге сыйғызу мүмкін емес. Мұндай жобалар алдағы уақытта жалғасын табады. Бүгінгі фильм де ұлт тарихындағы айтулы көштің 70 жылдығынан бөлек, екі ел арасындағы байланыстың 30 жылдығына арналып отыр, – деді шараның ашылуында «Қазақстан» ұлттық арнасының басқарма төрағасы Ләззат Танысбай.

Өткен ғасырда қазақ халқының бастан кешкен тауқыметі аз болған жоқ. Қазақ еліндегі қазақтар ашаршылыққа, саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 2 дүниежүзілік соғыстың тауқыметін тартып, желтоқсанның ызғарына жолықса, Қытайдағы қазақтар 1930 жылдардан бастап Қытай билігінің қысымын көрді. Елдің сорпа бетіне шығарлары ұсталып, атылғаннан кейін атам заманнан бері Алтайды мекендеген қазақтар дінін, тілін, ұлтын сақтау мақсатында Түркияға көшті. Нәтижесінде 1940 жылдардан басталатын бұл ұлы көш адамзат тарихындағы жүріп өткен жолы ең ұзақ, ең қасіретті көш болды. Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Өралтайдан басталған бұл көш әлемдегі бесінші үлкен шөл Такла-Макан шөлін басып, Қытайдың Гансу, Чиңхай өлкелерін, Тибет жотасын ендей өтіп, әлемдегі ең биік тау – Гималайдан асып, Үндістан, Пакістан, Ирак, Сирия елдері арқылы Түркияға жетті. Атқа мініп, атанын жетелеген қазақтардың қанша шақырым жол басқаны белгісіз. Десе де, 20 мың шақырымнан кем соқпайтын осы көште бастапқыда 18 мың адам болса (кейбір деректерде 48 мың адам делінеді), Анадолыға аман жеткені 1852 адам ғана. Адамзат тарихында осындай ұзын, осындай қасіретті көш болған емес деп отырғанымыздың себебі осы. Дегенмен, «орнында бар оңалар» дегендей, сол екі мыңға жетпейтін елдің ұрпағы 70 жылда өсіп, 30 мыңнан асты. Бүгінде сол азаттық аңсап, «азанның дауысы естілетін» жерге көшкен арда қазақтың ұрпақтары Еуропа, АҚШ, Ұлыбритания елдеріне дейін тамыр жайды, біраз бөлігі 1991 жылдан кейін атажұртқа оралды.

Айта кетейік, 26 қарашада Түркияның Ыстанбұл қаласы Бағжылар ауданында  «Қазақ-түрік бауырластығы» ескерткіші ашылды. Ұлы көштің 70 жылдығына арналған бұл ескерткіш Түркия мен Қазақстан арасындағы мызғымас туыстық, ұлысаралық қарым-қатынастың белгісі іспетті. «Қазақ-түрік бауыр­ластығы» деп аталатын бұл ескерткіш «Отандастар» қорының тапсырысымен әзірленген.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button